Баяхметова Шырайлым Әділханқызы
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№177 жалпы білім беретін мектептің
әлеуметтік педагогы
Қайырымдылық – жоғары белестерге апарар жарқын жол
Білім қазынасы әрқашан адамзат баласының байлығы ретінде өз мәнін жоғалтқан емес. Кез келген мемлекеттің болашағы да білім мен ғылыммен тікелей байланысты. Қазіргі технологиялардың дамыған заманында қоғамның әрбір мүшесінің білімді де тәрбиелі болып өсуі күн талабындағы көкейкесті мәселелердің бірі. Сондықтан қоғамымыз жарқын дамыса десек, сол әрбір қабаттардың бірегейлігін сақтау өте маңызды. Адамдардың бір-біріне деген мейірімін – қайырымды істерден көреміз. Өйткені, қайырымсыз саналы ұрпағымыз болмайды, аға буын кейінгі буынға адамгершіліктің жақсы қасиеттерін сіңдіре білсе, әрине бұдан шығатын нәтижелердің жемісін жақын келешекте көретін боламыз. Сонымен қатар, осы тұста қоғамның қандай да қабаты болмасын, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан біршама шаралары да өз қызметін атқарып келеді. Соның бір мысалы ретінде, Алматы қаласы, Жетісу ауданының №177 жалпы білім беретін мектебінде 1-31 тамыз аралығында «Мектепке жол» қайырымдылық, қамқорлық акциясы болып өтті. Акцияның мақсаты – мектепке келуге мүмкіндігі жоқ аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасынан шыққан оқушыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес отбасындағы балаларға қамқорлық көрсетіп, мұқтаж отбасындағы балаларды мектепке дайындауда көмек көрсету және оларға толықтай білім алуға жағдай жасау. Біз бұдан аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардың мемлекет үшін аса маңызды, олардың қоғамның негізгі қабаты ретінде қолдауға лайық екендігін білеміз. Келешегіміздің абыройлы да, елдің қамын жейтін білімді де зиялы азаматтары осы қабаттан шығатынына күмән келтірмейміз. Себебі оны біз көптеген өмірлік тәжірибеден де аңғарып жүрміз. Акция мақсатына сәйкес, олардың толықтай білім алуына жағдай жасау – уақыт талап етіп отырған қадам, яғни еліміздің азаматы немесе азаматшасы ретінде білім нәрімен сусындап, белгілі бір мамандық иесі атануына жол ашу, бастамаларды қолдап, соның төңірегінде қоғамның белді мүшесі болуына үлкен мүмкіндіктер ашылады.
«Мектепке жол» акциясының өтуіне байланысты іс-шаралар жоспары құрылып, логотип жасалып, ақпараттық стенд безендіріліп ілінді. «Мектепке жол» акциясын өткізу бойынша мониторинг жасалып, дер кезінде аудандық білім бөліміне тапсырылып отырды. Бұл өз кезегінде тиісті органдардың акцияның орындалу жағдайынан хабардар және басқа да мектептердің осы акцияны жүзеге асыруға деген ынтасын арттырады деген сенімдеміз.
Қамқорлық акциясына жергілікті билік органдарының белсене қатысып, осыған орай Жетісу ауданы әкімшілігінен 28 мектеп формасы берілді. Сонымен бірге, акцияны қолдаған демеушілер тарапынан 20 мектеп формасы мектеп табалдырығын енді аттайтын оқушыларға таратылып, 10 форма ұл балаға, 10 форма қыз балаға арналып берілді. Сонымен қатар, ұлдарға арналған 10 жейде, 10 аяқ киім, 10 мектепке ұстайтын сөмке (ішінде кеңсе тауарларымен) табысталды. Қыздарға да дәл солай 10 жейде, 10 аяқ киім, 10 мектепке ұстайтын сөмке (кеңсе тауарларымен) берілді. Жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан көмек алмағандарға, ешқандай көмек көрсетілмеген оқушыларға да мектеп формалары таратылды. 10 балаға демеушілер тарапынан 1-сынып оқушыларына арналған мектепке қажетті құрал-жабдықтар беріліп, онымен қоса 40 мың теңге мұқтаж отбасыларға табысталды.
Мектебіміздің осы акция тарапынан атқарылған жұмыстарынан көріп отырғанымыздай, барынша әкімшілік пен демеушілер тарапынан мұқтаж және көпбалалы отбасыларға білім белесін бағындыруға келген еліміздің келешек қазынасы – балалардың болашағына арналған нұрлы қадам. Алматы қаласындағы мемлекеттік жалпыға ортақ білім беретін 200 аса мектептерінде осы акция толығымен жүзеге асырылса, онда келешегіміздің қайырымдылық арқылы жаңғыратынына сеніміміз мол.
Білімді ұрпақты тәрбиелейтін, үлкен өмірге дайындайтын да, адам бойына ең жақсы қасиеттерді сіңіртетін де осы қара шаңырақ – мектеп. Сондықтан мемлекет, демеушілер тарапынан осындай шаралардың көп болғаны қоғам үшін тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар, тиімді. Қазақстанды халықаралық кеңістіктегі имиджін көтеретін адам капиталы, ал оның алғашқы маңызды қадамдары мектеп табалдырығынан басталады.