Жаңадан бүршік жарған жас шыбықты, қай бағытқа исең, солай қарап иіліп өседі. Бала да осы тал секілді жастайынан қандай тәрбие берсең, соның жемісін береді. Бала – ата-анаға аманат дегенімізбен мектептегі мұғалімдердің тәрбиесінің ықпалы зор. Баланың бабын тауып, тілін білетін, тұлға қалыптастырып, дамуға бағыт-бағдар беретін ұстаз қашанда құрметке лайық. Сондай жандардың бірі емес бірегейі Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Көкбұлақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Аманова Қырмызы Елеусінқызы. Өз ісінің білгірі Көкбұлақ ауылында дүниеге келген. 1983 жылы өзі туған жерінде алғашқы еңбек жолын тарихшы мұғалім болып бастайды. «Тарихын білмегеннің, болашағы бұлыңғыр» демекші, білім саласында тәжірбиесі мол ұстаз Қырмызы Елеусінқызы әр жас баласын көне жәдігерлермен құлақдар етіп, тарихи оқиғаларға шолу жасады. Балалардың таным көкжиегін кеңейту мақсатында тарихи құндылықтары мол жерлерге сапарлап, экскурсияға апарады. Халық мәдениетінің насихатшылары өздерінің белсенді шығармашылық ізденістерін күнделікті тұрмыстық-әлеуметтік істерімен қатар атқара жүріп, жаңа буынның жарқын болашағына айқын бағдар береді. Бұл орайда, сөз арқауындағы өнегелі өмірімен Көкбұлақ орта мектебінің тарихында Қырмызы Елеусінқызының еңбегін ауыз толтырып айтуға болады. Ұлағатты ұстаз ешқашан оқудан қол үзген емес. Үнемі ізденісте жүретін мұғалім жыл сайын біліктілігін арттырып, жаңа ақпараттармен білімін толықтырып отырады. «Ақырын жүріп, анық бас.Еңбегің кетпес далаға».Ұлы кемеңгер Абайдың осы қуатты сөзін бойына азық қылып жүрген парасатты тұлғаның жылдар бойы тынымсыз еңбегі бағаланды. Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді. Ұстаздың балалардың бойына сағаттап құйған білімі, қасықтап жинаған абыройы халық алдында әділ бағасын алды. Еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық сайыстарда топ жарып, білім ордасының беделін асқақтатты.Көп еңбек еткенде бақыт басын иеді. Бұған ардагер ұстаздың алған марапаттары мен алғыс хаттары дәлел. Атап айтсақ, 2014 жылы Ақтөбе облысы Білім басқармасының «Құрмет грамотасы», 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының «Құрмет грамотасы» берілді. Көп ұзамай, 2018 жылы аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасы», 2019 жылы Облыстық пәндік олимпиада І дәрежелі Диплом, 2021 жылы Облыстық пәндік олимпиада ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды. Әр марапат, төккен тер мен еңбектің нәтижесі. Қырмызы Амановаға талапты шәкірттер тәрбиелегені үшін,2021 жылы Облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», 2021 жылы «Білім өркениеті» ұлттық-инновациялық ғылыми зерттеу орталығының Алғыс хаты берілді. Атақ үшін емес, бар ниеті оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, білім сапасын арттыруға үлес қосу. Сауатты ұстаздан саналы ұрпақ шығады. Ойы ұшқыр мұғалім ғылыми бағытта көптеген еңбектер жазды. Мәселен, 2017 жылы «ЭКСПО-2017″ Мәңгілік Ел құндылықтары» материалдар жинағының І томына «Тәуелсіздік және ЭКСПО» атты жобасы енгізілген. Тәлімі мол ұстаз үшін шәкірттің нашары болмайды. Әр баланың ой-өрісін сырттай танитын кейіпкеріміз үлгерімі төмен оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіп, оларды ынталандыру мақсатынды қызықты сабақтар мен іс-шаралар ұйымдастырды. Бұл тұрғыда Қырмызы Елеусінқызының тек ұстаз ғана емес, шебер үйлестіруші, үздік психолог, озық ойлы ұйымдастырушы екендігін анық аңғара аламыз. Парасаттылық, ақылдылық, көрегендік секілді ізгі қасиеттер өне бойына жиналған мұғалімге қарап, ерекшелігіне бас иеміз. Күлімдеген көзі мен жылы жүзі адамдарды өзіне тартып, ұжым ортасында беделге ие болды. Мінезі жайдары, қолы ашық мұғалім айналасына мейірімін төгіп, көмек қолын созып отырады.Әсіресе, жаңадан келген жас мамандар Қырмызы Елеусінқызының ақыл-кеңесіне зәру. Шыбын жанына зияны жоқ, қарапайымдылығы даналығымен ұштасып, ұстаздың көркіне нұрлы шырай бітіреді. Шешендік өнер қанымызда бар қасиет. Жұртты аузына қаратып, елітіп әкететін апай Көкбұлақ орта мектебінде ауыл тұрғындарының есінде қаларлықтай іс-шаралардың өтуіне мұрындық болды. Пән бірлестік мүшелеріне таңқаларлық бастамалар ұсынып, идеялары таусылмайтын. Әр берген сабағында жаңаша әдіс-тәсілдерді үнемі пайдаланып, әріптестер арасында бөлісіп отыратын жаңашыл ұстаз. Еліміздің болашақ азаматтары мен азаматшаларын білім нәрімен сусындатып, олардың түйсігіне адамгершіліктің биік дәрежесін қалыптастырып, еңбексүйгіштікке баулыған ұстаздың атқарған келелі істері көпке үлгі.Ешкімнің ала жібін аттамай, адал өмір сүруге бейімделген дана тұлға бар ғұмырын «Ұстаз» деген ұлағатты есімге арнады. Ұлын ұлықты, қызын қылықты қылып тәрбиелеген Қырмызы Елеусінқызы бүгінде ұрпағының шуағына бөленіп отыр. Көпке үлгі адамның жастығы бейнетпен өтсе, енді қалған ғұмырын берекелі зейнетпен өткізуіне тілекшіміз. Басынан бағы таймай, баянды өмір сүрсін.
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы,
Көкбұлақ орта мектебінің директоры
Жолин Берікбай Жамалұлы