Үндістандық ғалым: Білім саласындағы емтихан жүйесі дұрыс емес
Әлемде білім саласындағы емтихан жүйесі дұрыс емес. Бұл туралы ғалым, Үндістандағы NIIT университетінің құрметті профессоры Сугата Митра Х халықаралық ICBCB 2022 ғылыми конференциясында айтты.
Халықаралық «Өзгеріс үстіндегі әлемде тең дәрежеде білім беруді ілгерілету» конференциясы Алматыда Сулейман Демирель атындағы университетте өтіп жатыр. Оған педагогика саласын зерттеп жүрген шетелдік және отандық ғалымдар қатысып жатыр. Солардың бірі информатик және білім беру теоретигі, үндістандық NIIT университетінің профессоры Сугата Митра балаларға тең дәрежеде білім саласындағы зерттеуімен бөлісті. Ғалым әлемде «Қабырғадағы тесік» экспериментімен танымал. 70-жылдардан бастап профессор Митраның жарияланымдары мен жұмыстары миллиондаған жас үндісті, соның ішінде әлемдегі ең тұрмысы төмен балаларды оқыту мен дамытуға септігін тигізді.
«Үндістанда тұрмыс жағдайы төмен ауылдарда тұратын балалар өмірінде компьютер көрмеген. Калкаджиде, Делиде эксперимент жасап, лашықтардың ішіне компьютер орналастырдым және балаларға оны еш қадағалаусыз, еркін пайдалануға рұқсат еттім. Эксперимент ешқандай формалды дайындықсыз өтті. Ол балалардың компьютерді өте оңай меңгере алатынын дәлелдеуге бағытталған. Бұл зерттеуді Минималды инвазивті білім (MIE) деп атадым. Экспериментті бірнеше рет өткізіп, Үндістанның ауылдық жерлеріне 23 киоск орналастырдым. 2004 жылы ол Камбоджада өткізілді. 20 балаға 5 компьютер беріп, олардың топтық жұмысқа бейімделгенін, коммуникациялық дағдыларды қалыптастырғанын қаладым. Нәтижесінде, балалар ересектер қадағаламаса өз білімі мен ресурстарын біріктіре алатынын, компьютер мен интернет берсе, тіпті ағылшын тілін білмегеніне қарамастан оны пайдалануды өз бетінше үйрене алатынын көрсетті», – деді ғалым.
Сугата Митра 2013 жылы TED сыйлығының лауреаты болды. Конференцияда ғалымға пандемия кезінде адамдардің білім сапасы неге төмендеп кеткені жайлы сұрақ қойылды. Оның айтуынша, адамдардың өздігінен білім ала алмауына емтихан алу жүйесі әсер еткен.
«Пандемия кезінде адамдардың өз бетінше білім ала алмауының әсерінен білім сапасы төмендеді. Оған әлемде білім саласында емтихан алу жүйесінің дұрыс болмауы әсер етті. Эксперимент кезінде сауалнамаға қатысқан 9 жастағы бала осы жайлы айтқан еді. Ол емтихан кезінде сұрақ қойылады, алайда, оның жауабын табу үшін ізденуге мүмкіндік берілмейтінін, ғаламтор мен смартфон қолдануға болмайтынын айтты. Егер балаға сұрақ қойып, оған жауап табу үшін жағдай жасасақ, сол білім тиімдірек болады», – деді ол.
Ғылыми конференцияға спикер ретінде қатысқан Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай үндістандық профессордың емтихан жайлы ойына пікір білдірді.
«Әр әлде емтихан жүйесі әртүрлі, өздерінің бағалау өлшемдері бар. Көп жағдайда жылдам әрі ыңғайлы болғандықтан тестілеу жүйесін қолданады. Бірақ, өкінішке қарай, білім беру жағынан, дағдыларды қалыптастыру тұрғысынан ақаулар өте көп. Сол бағытта қазіргі таңда елімізде біраз өзгеріс орын алғалы жатыр. Оның ішінде ҰБТ, басқа да маңызды бағалау жүйелері бар. Алдымен, ол емтихандарда сыни ойлау бар ма, осы уақытқа дейін алған білімінің аясында жүйелі түрде талдау жұмысын ұсына ала ма, соны бағалауға көпшіп бара жатырмыз. Ол, әрине, ұзақ уақытты талап етуі мүмкін. Дегенмен, бастамасы жаман емес. Биыл университетіміздегі науқанды «Сапалы бағалау жылы» деп атадық. Қазір бағалау жүйесін қайта қарастырып жатырмыз. Сугата Митраның пікірімен келісемін, әлемде бағалау жүйесі үнемі даму үстінде болуы керек. Алайда, баланың алған білімін бағалау үшін гаджеттерді пайдалану нақты шешім деп айта алмаймын», – деді ректор.
Сөз соңында ғалым Сугата Митра XXI ғасырда білімді болу үшін қандай дағдылар маңызды екенін айтты.
«Ең маңыздысы – білімге деген құштарлық, ізденіс. Бір нәрсені білуге ұмтылсаңыз, соның өзі құштарлық. Балаға қойылған сұраққа ешкім жауап бермесе, ол ғаламтордан іздейді, сол арқылы оның бойында қазіргі заманда ең қажетті дағдылар – креативтілік, коллаборация жасау қабілеттері ашылады. Олар ғаламтордан тапқан жауаптарын айту арқылы басқалармен білімімен бөліседі. Яғни, балаларға жауабын өзіміз айту арқылы емес, оларға сұрақ қою арқылы білім беруіміз керек», – деді ол.
Сулейман Демирель атындағы университеттің баспасөз қызметі