№28 жалпы орта білім беретін мектебінің
8 «Ә» сынып оқушысы Бахытқызы Арайлым,
жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ештаева Гульнара Зуппаралыевна
Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі. Қазақ тілі — өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші байлығымыз, бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ана тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу — әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін құрметтей білген адам ғана өзге тілді құрметтей алады. Тіл құдіреті — ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын, өткен тарихтан сыр шертетін мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді. Тіл – ұлттың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқын халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.
Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым да дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған адам ұлттық қасиетті бойына сіңіре алмайды. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы.
ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз — ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ.
Ана тілі — халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын тарихи біртұтастық, мызғымас бірлік, ажырамас туыстық жағдайда мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды, себебі әр ұлттың тілі — оның бақыты, тірегі. Елбасы Н. Ә. Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек ғана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Бүкіл түркі елдеріне ардақты ағартушы, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының « Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Әркімнің өз тіліне деген құрметі өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметпен бірдей. Қазақтың біртуар Абайы «Естілердің айтқан сөздерін есіркеп жүрген кісі өзі де есті болады» деп тегін айтпаған. Кімде — кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. Ана тілімізді мәпелей білуіміз керек. Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан бұл тілді ең бай, ең таза түркі тілдерінің бірі деп таниды. Осынау ана тіілімізді қадірлеп, тіл тағдыры — ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білуі және мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті.
Мен ана тіліммен мақтанамын және құрметтеймін!
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Білім- Образование 2007 жыл № 4, 25-26 бет.
- Жас Алаш 2007 ж 19 сәуір,
- Түркістан 2007 ж 4 мамыр, 2 бет
- Саясат 2007 ж № 8, 48-49 бет
- Тіл –рухани құндылық. Алматы, 2008 ж