Нұр-Сұлтан қаласы
Қаныш Сәтбаев атындағы
61 орта мектеп педагог-психологы
Игілік Амангүл Игілікқызы
Алғысөз
Қазіргі таңда білім беру саласындағы болып жатқан ауқымды өзгерістер мен ынталы бастамалар кеңінен жол ашуда. Осы тұрғыдан алғанда, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік, педагогикалық, психологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттілігі туындайды.
Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім беру мазмұнына айрықша мән беріліп, адамның рухани жан-дүниесінің дамуына, шығармашылығы мен белсенділігіне жағдай жасау керектігі айтылған. Осы тұрғыдан алғанда тұлғаның шығармашылығын дамыту, оны жаңа талаптармен шешу негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Тұлғаның шығармашылығын дамытуда арт-терапияның негізгі элементтерін, әдістемелерін қолдану өте маңызды. Осы орайда, «Арт-терапия дегеніміз не?» деген сұрақ туындайды.
Қазіргі таңда баланың шығармашылық қабілетін арттырудағы ең тиімді әдістердің бірі: арт терапия әдісі болып табылады. Арт-терапия дегеніміз — «бейнелеу өнерімен емдеу» деген мағынаны білдіреді. “Арт-терапия”– термині (art – өнер, artterapy – өнер арқылы терапия жүргiзу) көбiне ағылшын тiлдi халықтар қоныстанған елдерде кеңiнен таралған. Бұл терминді алғаш рет 1938 жылы Адриан Хиллдiң санаториясында адамдардың көңiл-күйін сипаттау жұмысында қолданған болатын. Кейiннен бұл термин өнерге қатысты барлық терапияның салаларында (музыкалық терапия, драмалық терапия, құм терапия, би терапиясын жүргiзу т.б.) қолданыла бастады.
Арт терапияның элементтік жаттығулары, шығармашылық әрекеттері балаға өзін тануға мүмкіндік бере отырып, өзінің қарым-қатынасын бүкіл әлемге және айналасындағы адамдарға танытады. Бала шығармашылығы оның шынайы өмір көрінісі. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін. Менің міндетім — баланың бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерін ашып көрсету.
Қазіргі таңдағы көптеген зерттеу нәтижелері арттерапияның көптеген мүмкіндіктерін дәлелдеп отыр. Мәселен, арт-терапиялық әдістің адам өміріне әсері мыналар:
- Адамды әлеуметтік ортада туындап отыратын көңіл-күйдегі агрессивті сезімдерден босату;
- Сурет салу, живопись, түрлі-түсті бояулар мен глинаны пайдалана отырып адам бойындағы психикалық қысымдардан, ауыр сезімдерден арылту;
- Іштей өзін-өзі реттей алушылық пен өзін-өзі бақылай алу сезімінің пайда болуына әсерін тигізу;
- Өз сезімдеріне зейін қоя отырып, көңіл бөлуін дамыту және нығайту;
- Адамдардың жағымсыз әсерлерден шығуына, оң әсерлi эмоциялардың көрiнуiне, тығырықты, ішкі конфликті жағдайынан шығуға және де белсендi өмiр позициясын құруға жол ашады.
Арт — терапия элементтерін дамытушы-түзетуші тренингтер кешенімен бірге байланыстыра отырып, оқу-тәрбие процесінде жүйелі түрде ұйымдастырып, қолданып отырса тұлғаны дамытуда үлкен жетістікке жете отырып, баланың шығармашылық қабілеттерін арттыруға, ой-өрістерін дамытуға болады.
Арт-терапия адамның шығармашылығы және өнер шығармалары (картина, мүсін, кітап, киноөнері) арқылы жүзеге асырылады. Терапияда картиналар адамдарға үлкен әсер етеді: көңіл-күйінің құлазуы, тұйықтық, ой кешу, көңіл күйін көтеру сезімдерін оятады. Сонымен қатар, арт-терапиялық әдістерді пайдалана отырып тұлға бойындағы қабілетін көрсетіп, шығармашылығын шыңдайды. Ал адам бойындағы шығармашылық қабілеттер қиялдың байлығымен, ойлаудың ерекшелігімен, заттарға деген сындарлы көзқараспен жаңа шешім және идеяларды ұсыну мүмкіндігімен, өз білімін, икемділігі мен дағдысын іске асыру барысында өмірлік белсенді ұстанымын көрсете білуімен сипатталады. Демек, тұлға шығармашылығын дамытуда осы арт-терапиялық әдістерді кеңінен қолданудың маңызды екені сөзсіз.
«Арт терапиялық әдістерді пайдалану» элективті курсы бағдарламасына түсінік хат
Қазіргі заман талабына сай әрбір мұғалім, өз білімін жетілдіріп қана қоймай жаңа талаптарға сай инновациялық технологияларды пайдалана отырып, сабақты күнделікті тартымды да мәнді, тиімді өткізуге жол ашады.
Психотерапияның маңызды салаларының бірі — арт-терапия. «Арт-терапия» — термині (art- өнер, artterapy- өнер арқылы терапия жүргізу). Алғаш бұл терминді 1938 жылы Адриан Хилл енгізген. Арттерапияны бірінші кезекте күрделі эмоциональдық күйзеліске ұшырағандарға, қарым-қатынаста қиналатындарға, ұялшақтар адамдарға, іштегі қобалжуды, сезімдер мен эмоцияларын шығаруға қолданылады. Арттерапиялық әдістер — адам шығармашылығын мен ойын суреттеп қана қоймай, өзі сомдаған образдарда оның ішкі «Мені» көрініс табады. Сондықтан арттерапия әрбір адамға өзін-өзі тануға, өз сезімдерін ашуға және өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік береді.
«Арт терапиялық әдістерді пайдалану» бағытындағы авторлық бағдарламаның мақсаты: әр баланың қабілетін дамыта отырып, шығармашылық, қиял сезімдерін дамыту. «Мен» бейнесін қалыптастыру, арт терапияны қолдану арқылы баланың өзі білмеген, өзінен құпияда сақтаған дарындылықтарын жарыққа шығарып, оны дамытуға, өзінің ішкі жан-дүниесін танып білуге, түсінуге мүмкіндік беру, бойындағы сенімсіздікті жою.
Міндеті:
- Әлеуметтік ортада туындап отыратын көңіл-күйдегі агрессивті сезімдерден босату;
- Сурет салу, живопись, түрлі-түсті бояулар мен глинаны пайдалана отырып адам бойындағы психикалық қысымдардан, ауыр сезімдерден арылту;
- Іштей өзін-өзі реттей алушылық пен өзін-өзі бақылай алу сезімінің пайда болуына әсерін тигізу;
- Өз сезімдеріне зейін қоя отырып, көңіл бөлуін дамыту және нығайту;
- Адамдардың жағымсыз әсерлерден шығуына, оң әсерлi эмоциялардың көрiнуiне, тығырықты, ішкі конфликті жағдайынан шығуға және де белсендi өмiр позициясын құруға жол ашу.
- Топта оң әсерлі бетбұрыс жасайды;
- Қандай да бір себептермен ауызша талқылауға қиын болып табылатын нақты проблемалардың немесе қиялдардың шешімін табуға мүмкіндік береді;
- Әр түрлі сезімдерді символдық деңгейде пысықтауға, оларды әлеуметтік қолайлы нысанда зерттеуге және көрсетуге мүмкіндік береді;
- Ішкі бақылау сезімін дамытады;
- АРТ — сабақтары түйсіну мен көру сезімі арқылы эксперимент жасауға жағдай жасайды;
- сенсомоторлық ептіліктің, жалпы алғанда кеңістікте түйсік пен бейімделуге жауап беретін бас ми жартышарларының дамуына ықпал етеді;
- Өз ойын жеткізуге, қиялдауды, эстетикалық тәрбиені, бейнелеу өнерінің тәжірибелік машығын, жалпы алғанда көркем өнерге деген қабілетін дамытуға мүмкіндік береді;
- Баланың бейімделу қабілетін арттырады, шаршауды, оқуға байланысты болатын жағымсыз жағдайлардан арылтады.
«Арт терапиялық әдістерді пайдалану» бағытындағы авторлық бағдарламаның өзектілігі: бастауыш және орта буын оқушыларына арттерапиялық тапсырмаларды орындата отырып, жеке тұлға қалыптастыру.
Күтілетін нәтиже:
- оқушы бойындағы қабілетін ашып, шығармашылығын шыңдайды;
- өмірлік ұстанымы қалыптасады;
- өз-өзіне талдау жасауды үйренеді;
- «Мен» бейнесі қалыптасады;
- өзін-өзі қабылдауы артады.
Бастауыш және орта буын оқушыларына «Арт терапиялық әдістерді пайдалану» бойынша элективті курс бағдарламасы алты негізгі бөлімнен тұрады:
Бірінші бөлімнің «Арт терапия» тақырыптық жоспарлауы мектеп жасындағы оқушыларға психологиялық ерекшеліктер негізінде ескеріліп құрастырылды. Әр жас кезеңі үшін албырттық, яғни қызбалықтың көрініс беруі, көңіл-күйінің өзгермелілігі сипат алуымен тән. Сондықтан да бұл бөлімге өз-өзі бағалау, өмірлік мақсаттар және қоршаған ортамен қарым-қатынас құруға ықпал ету әдістері кіріктірілген.
Екінші бөлімнің «Музыкалық терапия» тақырыптық жоспарлауы мектеп жасындағы оқушыларға психологиялық ерекшеліктер негізінде әзірленді. Музыкалық терапия — тұлғаның өзіндік «Мен» қасиетін түсінуге және өзін-өзі игере алу қабілетін меңгеруге жол ашады. Баланың бойындағы табиғат берген жеке тұлғалық қасиеттерінің ашылуына, дами түсуіне, сезімдері мен қайрат-жігерін, шығармашылығын, тәртібі мен ұйымшылдығын арттырады. Музыка терапиясын пайдалану арқылы-баланың бойынан айналадағы болып жатқан сан-алуан құбылыстарды өз шығармашылығымен байланыстыра білуге және көркем сөзбен кестелеп, бала жүрегіне жеткізу оның жан-дүниесін байытып, сана сезімін оятып, ақыл ойын дамытуға әсерін тигізеді.
Үшінші бөлімнің «Құм терапия» тақырыптық жоспарлауы мектеп жасындағы оқушыларға психологиялық ерекшеліктер негізінде әзірленді. Шығармашылық белсенділік танытатын стимулдық орта қалыптастыру, таным процестерін дамыту, тактильді-кинестикалық сезу мен қолдардың ұсақ моторикасын дамытуға арналған.
Оқушының салған «әлемнің» сахнасы оны орындаушы мен маманға баланың психологиялық жағдайын түсінуге мүмкіндік береді.
Құм терапиясы — бала психикасына әсерін тигізе отырып, қызығушылығы артады, сурет салу барысында ұсақ саусақ моторикасының, есте сақтау қабілетінің, қозғалыс ептілігінің, жүйке жүйесінің жоғары, белсенді деңгейде жұмыс жасауына мүмкіндік жасайды.
Төртінші бөлімнің «Сурет терапия» тақырыптық жоспарлауы мектеп жасындағы оқушыларға психологиялық ерекшеліктер негізінде әзірленді. Сурет терапиясын қолдану — оқушының қандай да бір қимылды таңдауына қарамастан, баланың өзін-өзі тануына және өз әлемінде өмір сүруіне демеу беру болып табылады. Сурет салу — ешқандай ересек адамның көмегінсіз өзін таныту түрімен байланысты. Өзінің ішкі сезімі мен эмоциялық ахуалын түзету, өзін дамыту, зейінді шоғырландыру және күйзеліс (стресс) белгілерін танып-білу білімдері мен дағдыларын дамытуға бағытталған.
Бесінші бөлімнің «Ертегі терапия» тақырыптық жоспарлауы мектеп жасындағы оқушыларға психологиялық ерекшеліктер негізінде әзірленген. Ертегі терапиясы — балалармен қарым -қатынас жасаудың тиімді құралы. Ертегі терапиясы балаға өмірлік қиыншылықтарға шешім тауып, ертегімен жұмыс істей алатындай (оқи отырып, ойдан шығарып, ойнап көрсетіп, жалғастырып) жағдай жасайды. Сабақта әңгімелеу бөлімінде ертегілерді жартылай айтып, әрі қарай ойдан шығарып, өз ойынша жалғастырып, сахналауға мүмкіндік береді. Ертегі арқылы баланың ойы, қиялы дамиды, көңіл-күйі көтеріледі. Ертегідегі әрбір кейіпкер болып ойнау балаға қосымша күштерді меңгертіп, бойындағы шығармашылық қабілеттерді шыңдайды. Сонымен қатар, топпен және жеке жұмыс жасауға үйретеді.
Алтыншы бөлімнің «Ойын терапиясы» тақырыптық жоспарлауы мектеп жасындағы оқушыларға психологиялық ерекшеліктер негізінде әзірленген. Бұл әдісті жүргізу баланың әлеуметтік және психологиялық мәселелерді жеңуіне және эмоционалды дамуына арнайы ойындар қолданылады. Ойын баланың психологиялық ахуалын сақтауға, қоғаммен қарым-қатынасын анықтауға, ересек өмірге дайындайды. Ойын балаларға белгілі бір дағдыларды меңгерумен қатар, өмірге деген құлшыныстарын арттырады, эмоционалды және физиологиялық жағдайын жақсартады.
Сонымен қатар, оқушы бойындағы кездесетін ішкі уайымдарын ойындар арқылы сыртқа шығару, психикалық саулығын нығайту, баланың әлеуметтік ортаға бейімділігін арттыру, өзіндік сана-сезімін дамыту және ұжымдық жұмыс барысында баланың кез келген мәселелерді келісімді түрде шешу жолдарын қарастыруға арналған.
Еліміздің эконамикалық-әлеуметтік ұмтылыстағы негізгі күші — адами капитал, оның ерік-жігері, табандылығы, білімі, қабілеті болып табылады. Сондықтан да, Егемен еліміздің ақыл -ой, шығармашылық потенциалын өсіру бүгінгі күннің негізгі міндеті. Осы орайда оқушылардың тұлғалық «Менін» қалыптастыруда, арт терапиялық бағдарламаның маңызы зор.