Тәуелсіздік және сот саласының жетістігі
«Жаза-жаза қолыма мозоль шықты…». Сот саласына ең алғаш келгенде ұжымдағы бір апайым сот отырысының хаттамасын ертеректе қалай жазғандарын айтып, осылай күрсініп алған.
Мен қатты таң қалдым. Өзіңіз ойлап қараңызшы, сот отырысының хаттамасын, адамдардың айтқан сөздерін үтір-нүктесіне дейін толықтай қолмен, ручкамен жазып шығу…
Иә, оның қандай қиындығы бар дейтін шығарсыз?! Бірақ, сот отырысының хатшысының жұмысы онсыз да бастан асады. Бітпейді. Шеті мен шегі жоқ. Соның арасында жүгіріп жүріп, сот отырысының хаттамасын қолмен жазу дегеніңіз мен үшін ерлікпен тең сияқты. Қазір біздің қолмен жазғымыз келмейді.
Апайыма қарап ойланып қалдым. Ол кісі еліміздің сот саласының бүкіл даму кезеңдерін көзбен көріп, бастан өткеріп, ең қиын уақыттарда еліміздің болашағына сеніп, қаншалықты қиын болса да, сот саласында қызметін жалғастырып, басқа жұмысқа ауыспай, сертіне адал болды. Не деген шыдамдылық және сенім десеңізші?!
Апайымның айтқаны сол кезеңдегі ауыртпалықтардың бірі ғана. Айтылмай қалған қаншамасы бар. Себебі, мұның бәрі еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еді. Ол кезде барлық сала, тіпті сала деймін-ау, мемлекетіміз толықтай құрылып, қалыптаспаған кезең болатын.
Экономика нашар, халықтың тұрмысы өте төмен. Әлеуметтік проблема деген жетерлік. Өндіріс алаңсыз тұралап қалған. Жұмыссыздық. Күн көріс қиын. Азық-түлік тапшы. Ол кезде біздің Тәуелсіз ел ретінде аяқтан тұрып, мықты мемлекет болатынымызға ешкім сенбеген. Күмәнмен қараған. Тіпті, күлген. Жерімізге көз алартқан, Тәуелсіздігімізді мойындамаған, айбат шегіп тұрған аждаһалар болған.
Сол кезеңде Тәуелсіздігін жаңа алған елдің ауыр жағдайын түзету үшін түрлі қиындықтар мен күрестерді бастан өткізіп, бүтін бір халықтың жауапкершілігін көтеру, мысалы, менің қолымнан келмес еді.
Дегенмен, барлық ауыртпалықтарға қарамастан, жан-жағымыздан төніп тұрған айдаһарлардың тілін тауып, сытылып шығып, елін сүйген патриот, табанды, қайсар, жігерлі аға-апаларымыздың еңбегімен, ұлт болып ұйысып, жұмылуымыздың арқасында бүгінгідей Тәуелсіз мемлекет жасадық.
Әлеуметтік-экономикалық салада, саяси-дипломатиялық қарым-қатынаста жетістіктерге қол жеткізе бастадық. Қоғамның барлық бағыттары бойынша түбегейлі өзгерістер орын алды.
Соның ішінде сот жүйесінің қызметі де заман талабына сай қарқынды түрде дамып, қалыптасты. Салада жүргізілген реформалар сот жүйесінің қызметін реттеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының оңтайлы қорғалуына елеулі ықпал етті.
Қазір сотқа талап қою арыздарын үйіңізден шықпай-ақ, «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы жібере аласыз. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды цифрлы қолтаңба алу жеткілікті.
Сот жүйесінде дауласқан азаматтарды татуластыруға ерекше көңіл бөлінді. Медиация рәсімі тараптардың дауды бітімшершілікпен реттеуіне және халық арасындағы дауласу деңгейін төмендетуге септігін тигізуде.
Апайым айтқандай, хаттаманы ручкамен, қолмен жазу жойылды. Қазір сот отырысының қысқаша хаттамасы жазылады. Сот отырысы өтетін залдар түгелдей аудио-бейне жазба құралдарымен жабдықталған.
Карантиндік шектеулерге байланысты сот саласы қызметін тоқтатпай, азаматтардың құқықтар мен бостандықтарын қорғау жолында онлайн режимінде жұмысын жалғастырды.
Істердің барлығы мобильді қосымшалардың көмегімен қаралуда. Адамдар өздеріне ыңғайлы жерде отырып-ақ, сот отырысына қатыса алады. Мұның өзі сот саласының цифрлы жүйеге уақытылы өтіп, заманауи озық технологияларды тиімді пайдаланып, іске асырып отырғандығының сөзсіз көрінісі.
Нұргүл Нұрбайқызы.
Байқоңыр қалалық сотының бас маманы.