Шүкірова Сәуле
Жолдыгулова Алма
Маңғыстау облысы
Жаңаөзен қаласы
№7 жалпы білім беретін мектептің
бастауыш сынып мұғалімдері
Коучингтің мақсаты: Қазіргі кездегі баланың дамуына жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің үлесі зор екендігін түсіндіру, ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін мейлінше арттыру, өнеге отбасынан басталатындығын ұғындыру
Тапсырмалар: постер қорғау, көрініс көрсету, шешендік сөздердің мағынасын табу
Құрал-жабдықтар: слайд, жүрекшелер, А3 формат, әріптер, маркерлер т.б.
Коучингті өткізу барысы:
- Ұйымдастыру кезеңі
1-жүргізуші: Құрметті ата-аналар! Бүгінгі біздің «Өнеге отбасынан басталады» атты коучингімізге қош келдіңіздер! Ата-ананың тілегі – баласының жақсы адам болуы, еңбексүйгіштігі, оқу мен еңбектегі табыстары.
Баланы бастан бақпасаң,
Жамандықтан қақпасаң,
Қадірден қасқа жұрдай боп,
Кешкенің өмір босқа тек, — дегендей, баланың ыстық-суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар.
Шаттық шеңбері: Қазір ортаға шеңбер құра отырып, «Жақсы сөз — жарым ырыс» — дегендей, адами құндылықтарды жүректен-жүрекке жолдайық.
2-жүргізуші: Топқа бөлу.
Мына жерде түрлі-түсті әріптер бар. Әр ата-ана өзіне ұнаған әріпті алып, түсіне қарай топ құрайды. Алған әріптеріңізді жапсырмалай отырып, топ есімін анықтаймыз.
Әр топ өз есімін атап өтеді.
Бүгінгі коучингіміз үш кезеңнен тұрады. Берілген тапсырмалардың жауаптары қар қиыршықтары арқылы бағаланады.
1- кезең — Постерді қорғау
2 -кезең — Отбасылық үштік одақ
3 -кезең — Шешендік сөздер
1-жүргізуші: 1-кезеңде алдарымыздағы топ есімі жазылған постерге әр топ өз ұранын белгілей отырып, тобын қорғайды.
1-топ: «Ынтымақ» тобы
2- топ: «Береке» тобы
3- топ : «Сыйластық» тобы
1-кезеңді қорытындылау. Бағалау.
Ата-ана асқар тау алдымдағы
Әрқашан асқақтайсың алдымда әлі
Өзің берген өнеге тәрбиеңмен
Бақыттымыз жанұя бауырындағы
2-жүргізуші: Мейірімі мол ананың
Жүрегі жылы, қолы кең
Кең пейілді атаның
Жүзі жылы, жолы кең
2-кезең «Отбасылық үштік одақ» кезеңіне көшейік.
Бұл кезеңде бүгінгі коучинг тақырыбы бойынша әр топ отбасылық өнегені көрініс ретінде көрсетеді.
2-кезеңді қорытындылау. Бағалау.
Қатты тәртіп көрсе бала күнінде
Өнерімен қуантады түбінде
Бала нені білсе жастан ұядан
Өле-өлгенше соны таныр қиядан
1-жүргізуші: Өнер-білім берем десең басынан
Бер оқуға балаларды жасынан
Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған
Жақсы жаман болса бала солардан, — дей отырып, келесі кезең.
3-кезең «Шешендік сөздер» кезеңіне көшеміз. Бұл кезеңде шешендік сөздердің мән-мағынасын ашу керек болады (2 мин).
1-топ. Дүниеде не тәтті?
Не тәтті? — ананың сүті
Не жұмсақ?- ананың қолы
Не қатты? — атаның жүрегі
2-топ. Кенжетай мен Нияз би
Жердің құты — жаңбыр.
Елдің құты — азамат.
Ауылдың құты — жақсы әйел.
Аймақтың құты — әділ басшы.
3-топ. Ақылды деп кімді айтамыз?
«Ақ сауыт» — деп айтамыз, атқанда оқ өтпесе.
«Арғымақ» деп айтамыз, желгенде жылқы жетпесе.
«Ақылды» деп айтамыз, тозған елді септесе.
3-кезеңді қорытындылау. Бағалау.
2-жүргізуші: Құрметті ата-аналар
Міне, бүгінгі коучингіміз өз мәресіне жетті.
Қазір бейнетаспаға назар аударайық.
Видеоролик арқылы коучингті қорытындылау.
Отбасы – мемлекетіміздің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар. Оны санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар. Сынақ үшін берілген қысқа ғұмырда жанұяларымызды құрметтеуге, сыйлауға, өнегелі етуге тиіспіз. Анаңның ақ сүтін, әкеңнің адал күшін ақтау, өз болашағыңды сақтау деген сөз.
Назарларыңызға рақмет!