Қазақстанда тұратын барлық азаматтың биометриялық деректері сканерден өткізіледі. Ол процеске тіпті елімізде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да қатысуға міндетті. Заңгер, «Biometrics KZ» жобасының сарапшысы Дана Мұхамеджанова Жас ғалымдардың халықаралық конференциясында биометриялық деректердің қауіпсіздігін сақтауға қатысты мәселелерді атап өтті.2022 жылдың 25-27 мамыры аралығында Сүлейман Демирел атындағы университетте Жас ғалымдардың халықаралық конференциясы өтті. Оған әртүрлі мемлекеттен магистранттар, докторанттар және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.«Жас зерттеушілерге арналған «International Young Scholars Conference» конференциясы алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биыл оған әртүрлі елден 110 спикер қатысты. Аталған шара бүгінде ғалымдарға ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, идеяларымен бөлісуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Спикерлер жұмыстарын оффлайн және онлайн режимінде таныстаратын алаңға айналды», – деді СДУ Ғылым департаментінің директоры Әлішер Тілеубаев.Конференция барысында PhD докторант Дана Мұхамеджанова «Биометриялық деректерді пайдалану арқылы сәйкестендіру: жеке өмірге қауіпті ме әлде қауіпсіздікті қамтамасыз ете ме?» тақырыбында жазылған ғылыми жұмысын таныстырды.«Қазақстанда тұратын барлық азаматтың биометриялық деректері сканерден өткізіледі. Ол процеске тіпті елімізде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да қатысуға міндетті. Бұл талап кәмелетке толмағандарға да қойылады. Қабылданған шаралар кезең-кезеңімен күшіне енген «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Заң 2021 жылдың 1 қаңтарында алғаш рет күшіне енді, ал екінші кезеңі 2023 жылға жоспарланған. Дактилоскопия – саусақ іздері арқылы адамның тегін анықтайтын ғылым түрі», – деп түсіндірді ол.
Заңгердің айтуынша, ғылыми-зерттеу жұмысының аясында құқықтық тәсілдер мен құқықтық реттеудің үлгілерін қолдану тәжірибесіне талдау жасалған. Сондай-ақ биометриялық сәйкестендіру және адамның жеке өміріне қатысты деректердің құпиялылығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша құқық қолдану тәжірибесі зерттелді. Баяндама жасау барысында спикер Қазақстан азаматтарының биометриялық деректерін сақтау қауіпсіздігіне байланысты проблемаларға да тоқталды.
«Биометриялық деректер оларды сақтауға арналған деректер базасында болады. Дегенмен, Қазақстан азаматтарының биометриялық деректерін сақтау және өңдеу әдістерінің қауіпсіздігіне күмән келтіретін бірнеше мәселе бар. Мысалы, мемлекеттік органдардың деректер базасынан осы уақытқа дейін ақпараттардың сыртқа шығып кетуі соның дәлелі. Бұл – қауіпсіздікті бақылаудың және деректер базасына қолжетімділікті шектеудің тиімді механизмінің жоқтығынан туындаған мәселе. Деректер базасына үшінші тұлғалардың рұқсатсыз кіруі, жалған транзакциялар, деректерді енгізудегі қателер және олардың бұрмалануы, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізуді шектеу қағидаттарының бұзылуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Сондай-ақ саусақ ізі мен геномдық ақпаратты сақтау мерзімдерін қалыптастыру тәртібі, жеке ақпаратты ұзақ уақыт сақтаудың нақты қажеттілігі мен мақсаты түсініксіз», – деді КАЗГЮУ Құқық жоғары мектебі директорының орынбасары Дана Мұхамеджанова.
Сулейман Демирель атындағы университеттің баспасөз қызметі