Тұяқбай Салтанат Нұрлыбайқызы
Резюме
В статье говорится о пропаганде Кожанасыра среди детей
Summary
The article talks about the propaganda of Kozhanasyr among children
- Қожанасырдың қазақ әдебиетіндегі алатын орны.
- Қожанасыржайлы оқиғалардың қазіргі заманмен байланысы.
- Қожанасыр туралы аңыздарды балалар арасында кеңінен насихаттау.
Аты аңызға айналған, түркі халықтарына ортақ тұлға «Nasireddin hoca» (Насреддин қожа) өз заманының сыйлы адамы болған. Оның тапқырлығы мен шешендігі, басынан өткерген не бір қызық оқиғалары бізге де жетіп отыр. және халық ауыз әдебиетінде ерекше орын алады. Оқиғасы шындық өмірден алынғанымен, ауызша айтылып таралған, тарихта болған белгілі бір адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туған аңыз әңгімелердің негізгі кейіпкерлерінің бірі. Ел үшін еткен еңбегі, қамқорлығы, халық намысын қорғауы, сол жолда жасаған игілікті іс-әрекеттері ел аузында аңыз әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Дегенмен оқиғалардағы негізгі ой түйіні барлық жерде бірдей сақталғанына сенімдімін. Оқиға желісі күнделікті өмірде кездесетін қарапайым сюжетке құрылған.
Оқиғаларда бұрынғы бай мен билердің арамдығы, зұлымдығы, әккілігі және Қожанасырдың іс-әрекеті көрініс табады. Кейде балалардың әдебиеттік оқулықтағы аңыз әңгімелерді оқығанымен, болған оқиғаны толық түсінбейтіндігін байқаймын. Мүмкін бұрынғы заманның тұрмыс тіршілігі қызықсыз болар? Балалар неге қабылдауда, талдауда қиналады? Оқиғадан ой түйе ме? Мұғалім оны қаншалықты әрі қарай дамытып, бала санасына жеткізіп жатыр? Осы сұрақтардың төңірегінде көп жұмыс жасауымыз қажет сияқты. Қожанасырдың аңқау мінезіне, оғаш қылықтарына күліп отырып, тәлім-тәрбиесі мол, мағыналы ой түюге болады. Оқулықта берілген әрбір аңызды жалықтырмас, таптырмас, қысқа да нұсқа ой салатын құрал деп санаймын.
Әдебиеттік оқулықтың екінші сыныбында Қожанасыр мен Алдаркөсенің «Бір шелек» аңызы берілген. Алдаркөсенің:-мына Ыстықкөлден неше шелек су шығар екен?-деген сұрағына, Қожанасыр ойланбастан осы көлдей шелек тапсаң, бір-ақ шелек шығады,-деп жауап қатады. [1]. Осы аңыздан кез-келген қиындықтың қисынын табуға болатынын, мүмкін емес болып көрінетін заттардың қол жетімді екенін түсінуге болады.
Бірде сыныптағы оқушылармен «Қожанасырдың көшуі» деп аталатын аңызын талқыладық. Аңыздың барысы мынадай: Қожанасырдың үйіне түн ортасында ұры түсіп, үй ішіндегі бар жарамды заттарды алып, арбаға тиеп жатады. Сонда Қожанасыр оянып кетіп, асыға қимылдап, қалған нәрселерін арқалап, арбаға сала береді. Ұрылар бұған таң қалып:
-Қожеке, мұның не?-десе, Қожанасыр:
-Көшіп жатқан жоқпыз ба?-деп жауап береді. Сонда бір оқушымның, мұғалім, Қожанасыр неге ойланбастан бұлай жасады? Ол ұрылардан қорықпай ма? Оларды тоқтатпай ма? Айналаны көмекке шақырмай ма?-деген сұрақтарына өзім біраз ойланып қалдым. Қалай дегенмен бұның бәрі өмірде болған оқиға ғой. Ал оны балалар дәл қазіргі өздері көріп жүрген өмірмен елестетеді. Өзінің бәлкім істеуі мүмкін әрекеті мен Қожекеңнің әрекетін салыстырады. Мен оқушыға былай түсіндіруге тырыстым. Кейде қиындық туындамау үшін, болып жатқан жағдайды толық анықтағанша бірге әрекет жасап, не болып жатқанына көзді анық жеткізген ләзім. Айналамызбен тіл табысып, қоғамға бейімделіп, бәрін қабылдай білу де өнер.
Араб, Орта Азия, Шығыс елдері, Түрік тіпті Қытай әдебиетінен көрініс тапқан Қожанасырды қайта жаңғырту мақсатында 2020 жылы астарлы әңгімелерді қайта айту дәстүрін ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. [2]. Қожанасырдың кесенесі қазір Түркияның Ақшехир қаласында орналасқан. Көрші отырған өзбек ұлты ұмыт болмау үшін Қожанасырдың есек үстінде отырған ескерткіш бейнесін салған. Қырғыз ұлты Қожанасырдың аңыздары жазылған том кітапты сатылымға қойған. Қожанасыр аңыздарының ең көп жинағы орыс елінде жазылған. Олардың саны — 1238. Көркем шығармадағы тарихи тұлғаны біз қаншалықты өз пайдамызға жаратып жүрміз? Мысалы, біздің фольклорымыздың ең көрнекті кейіпкерлернің бірі Алдар көсенің басынан кешкен хикаяларының Қожанасырдың әзіл әңгімелерімен белгілі-бір ұқсастығы бар екені белгілі. Яғни, Қожанасыр туралы аңыз-әпсаналар ел ішінде көптеп айтыла бастағаннан кейін, Қожанасырдың әзілдеріне қисыны келіңкірейтін хикаялардың бәрін оның атына телу үрдісі пайда болған тәрізді. Бірте-бірте, Қожанасырдың кейпі трансформацияға ұшырап, ел аузында айтылатын амгершілікке жат хикаялардың көбі оның атына таңыла бастады. Тегінде, Қожанасыр көзі тірісінде-ақ, «әулие» атанған, ел билеушілері мен қарны жуан бай-манаптың ерсі қылықтарын өткір әзілдерімен сынап, қашанда халықтың жанашыры һәм әділеттің жаршысы бола білген. Осы тұрғыда, Қожанасырдың биік өресін төмендеткен білімсіздік пен надандық еді деп айтуымызға толық негіз бар. Әйтпесе, ол өзі өмір сүрген кезеңдегі дүмше ғалымдардың надандығын бетіне басып, жаны шыр-пыр етіп жүріп шынайы ғылымды қорғап баққан. Мысалы, Қожанасыр айтты дейтін мына бір хикаяға назар аударайықшы: Бірде Қожанасыр есегін жоғалтып алып: «Уа Алла Тағала! Есегімді залым алса алсын, бірақ, ғалымға кезіктіре көрме! деп дұға жасапты. Оның бұл дұғасын естіген жұрт: «Қожеке, залым алса алсын» дегенің қалай, есегіңді ол иемденсе, көзін құртады ғой» депті. Сонда Қожанасыр: «Залым алса алсын дегенімі, залым қанша дегенмен, есектің етінің арам екенін біледі. Ал, ғалымға кезіктіре көрме дегенім, ғалым әйтеуір бір жерден пәтуа шығарып, есектің еті адал екен деп, есегімді жеп қоюы мүмкін» деген екен. Сөз соңында айтпағым, Қожанасыр түркі халықтары сатирасының сардары. Бүгінгі әдебиетіміздегі иорония, сарказм, яғни, шымшып, шағып сөйлеу, ащы мысқыл, орынды келемеждеу мен кекету, тауып айтып ұялту мен мұқату, шындықты әзілмен шымбайына батырып жеткізу, қисынын келтіріп сөзбен қағыту, сөз жарыста ұтқыр әзіл айту секілді жанрлардың негізін салған Қожанасыр бабамыз. Бірақ, оның мақтамен бауыздау арқылы сойып салып, ақиқатты паш ететін әдемі тәсілінің ел ішінде кеміп бара жатқаны өзекті өртейді. Сатира көшінің бұйдасын ұстаған азаматтарымыз осыны ескерсе екен демекпіз. Қожанасырдың адалдығы мен аңғалдығы жарасқан аңыздарын жеке кітаптар ретінде шығаруға ұсыныс білдіремін. Балалар арасында да кеңінен насихаттап, мектепте Қожанасыр күнін жасап көп қойылымдар қою да балалардың есінде ұзақ сақталатыны сөзсіз. Ең болмағанда әдебиетімізде бір-екі тақырыпта көрініс табатын сәтін, дұрыс, тиімді пайдалансақ деген ой. Халықтан халыққа жеткен ауыз әдебиетімізді сақтап қалу келешек ұрпаққа үлкен сый.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
- Әдебиеттік оқу. Жалпы Білім беретін мектептің 2-сыныбына арналған оқулық: / Б.Т.Қабатай – Алматы: «Атамұра», 2017.
- Мұхан Исахан. Қожанасыр — Түркі сатирасының қас сардары. Абай-Ақпарат