Home » Мақалалар » ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢҒЫРУ БЕЛЕСІ

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢҒЫРУ БЕЛЕСІ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын барша халық тағатсыздана күткені белгілі. Ел күткен мәселе айтылды ма? Айтылды! Жолдау сонысымен құнды.

Кешегі қаңтар қасіретінің жай ғана дүмпу емес, Тәуелсіздігімізге қатер болып төнгенін ашық айтқан Ел Президенті қасіреттен сабақ алып, сол арқылы бетбұрыс жасаудың өзі қаншалықты ауыр екенін зор қынжылыспен тілге тиек етіп, осы оқиғаның салдарын тергеп-тексеру барысы өзінің бақылауында екенін баса айтты. Яғни, әділдік салтанат құратынына деген халық сеніміне серпіліс әкелді. Биік лауазым иелерінің Отанға опасыздық жасауы, жат пиғылдағы сыртқы күштердің ықпалы салдарынан төнген орасан қауіпті біз мызғымас бірліктің арқасында сақтап қалдық. Осылайша ой сабақтаған Мемлекет басшысы саяси реформалардың негізгі тетіктерін ортаға сала отырып, шынайы демократиялық қоғам құру алғышарттарын атап өтті. Әділ сайлау өткізу үшін дауыс берудің электрондық жүйесін енгізу, Президент өкілеттігінің маңызды бағыттарын Парламентке беру арқылы елімізде демократиялық жүйе орнықтыру маңыздылығын тайға таңба басқандай нақты нұсқап берді.

Жалпы, елдегі өзгерістер дағдарыс дақпыртын еркін еңсеретін, сын-қатерге төтеп бере алатын тұжырымдамаға негізделуі шарт. Осының бәрін қамтыған Президент Жолдауы Қазақстанды жаңа белеске бастап, жаңғырудың жаңа лебін әкелді.
Әсіресе, ел аумақтарында Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарын ашу, сол арқылы осы өңірлерге экономикалық әрі рухани тұрғыдан серпіліс әкелу жөніндегі бастамалары елдің арман-тілегімен үндестік тапты.

«Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз» деген Президентіміздің ой-арманы да қарапайым халық көкейіндегі арман-мұраттармен астасып жатқандығын аңғардық.

Әділ сайлау. Бақуатты халық. Ашық қоғам. Дамыған өңір. Пәрменді БАҚ. Әділетті заң. Осының барлығы шынайы демократияның принциптері. Ал, бүгінгі Жолдауда мұның барлығы қамтылды. Сондықтан, мен барша қазақстандықтарды бірлікке үндеп, Президент бастамаларын қолдауға шақырамын!

Мереке Жароллаұлы Әбдіқадыров,
Жаңаарқа ауданы
“№132 тірек мектебі (ресурстық орталық) КММ“
тарих пәнінің мұғалімі.
#NewKazakhstan #CCS

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.