Home » Мақалалар » Бала жанының бағбаны

Бала жанының бағбаны

зейнеткер ұстаз, аяулы әже, ақылшы әріптес Мирамкул Нұрмаханқызы туралы ой-толғау

 Ұстаз – қадір-қасиеті мол, шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің, қажымас қайрат пен шығармашылықтың, үздіксіз іздену мен оқып-үйренудің ада­мы болғандықтан, оған шәкірт тәрбиелеу міндеті жүктелген. Сондықтан да қарапайымдылық пен кішіпейілділік, адалдық пен әділдік, байқампаздық пен сезімталдық, мейірім мен ізгіліктің үлгісі – ұстазға тән қасиет емес пе? «Бәрі де мұғалімнен баста­лады» деген орынды сөз, оның білімі, адамгершілігі, балаға де­ген сүйіспеншілігі, олардың келе­шекте жеке тұлға болып өсуіне ықпал жасайды. Жан жылуын, бар білімін баланың бойына сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге білімді азамат болып аттануына зор үлес қосатын мейірбан жүректі ұстаздарымыз аз емес.

Бала жанының бағбаны

зейнеткер ұстаз, аяулы әже, ақылшы әріптес Мирамкул Нұрмаханқызы туралы ой-толғау

Сондай ұлағатты ұстаздың бірі – Қызылорда облысы, Төретам кентіндегі Темірбек Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясында он бес жылға бейіндік оқу жөніндегі орынбасар қызметін атқарған, оқушыларды қалаған мамандығына баулып, болашаққа бағдарлап отырған Мирамкул Нұрмаханқызы Шенгелбаева.

Ол еңбек жолын қатардағы мұғалімнен бастап, тәжірибелі ұстаз бо­лып абыройлы қызмет етіп, биыл құрметті демалысқа шықты. Қазалы ауданындағы Ойынды ауылындағы туып-өскен Мирамкул апай, бала кездегі ұстаздарына еліктеп орыс тілі мен орыс әдебиеті мұғалімі болуды армандап өсті. Мектеп бітірген Мирамкул апай Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті пәні факультетіне оқуға түсіп, оны 1986 жылы тәмамдаған. Сол кезеңдердегі партия жолдамасымен Қазалы ауданы Құмжиек ауылындағы№92 орта мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып орналасады. Жас маман болған Мирамкул апай ауыл баларына білім мен тәрбиені сусындатып талай шәкірттердің зейінін ашқан. Отбасын құрған Мирамкул апай 1ұл 1 қыз тәрбиелеп өсірген, ұрпақтары да ана жолын қуып ұстаздық қызмет атқаруда. Жұмыс бабымен 1990 жылы Байқоңыр ғарыш айлағының іргесіндегі Төретам кентіне көшіп келген Мирамкул апай талай оқушының көкейіне білім шырағын жаға білді.. Оның әр ісінен шығармашылықты, жоғары педагогикалық білік пен ізденімпаздықты байқау қиын емес еді. Әрқашан адамды өзіне баурап алатын мейірімділігі тек қана өзіне тән. Сабақ беріп жүрген жылдары Мирамкул Нұрмаханқызының әр сабағы ашық сабақ болып есептелетін. Көп жылғы ұстаздық еңбегінің мәні – жасөспірімдерге орыс тілінің қыры мен сырын жан-жақты үйрету, оқушылардың сол кездегі ҰБТ бойынша міндетті пәні орыс тілінен дайындап жоғары нәтиже көрсете білді. Осы орайда Мирамкул апай өзінің алған мамандығына адал болғандығын айрықша атап өту ке­рек шығар.Талай жарыстарда, орыс тілінен қойылған театрлық аудандық қойылымдарда апайдың оқушыларды жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Үздіксіз 1986-2006 жылдар арасында талай шәкірттердің сынып жетекшісі болып, жұмыстарды абыройлы атқара білді. Мектеп әкімшілігінің шешімімен 2006-2007 оқу жылынан бастап Мирамкул апай бейіндік оқу жөніндегі орын­басары қызметіне тағайындалды.

Мектеп директорының бейіндік оқу жөніндегі қызметі өте жауапты міндет емес пе? Осыны жете түсінген ол ұдайы өзінің біліктілігімен қатар, мұғалімдердің білімін жетілдіруді, ізденісті, әдістемелік жаңалықтарды қолдана білуді талап ете білді. Осы ретте Мирамкул апай тиянақты білім берумен қатар, оқушылардың мамандық таңдау талғамын шыңдай түсуге, олардың қызығу, еліктеу сезімдеріне әсер ету талабына басты назар аудар­ды. Сондықтан да ол мұғалімдерді осы жауапты іске ұдайы бағыттап отырды. Тәуелсіздіктен бұрынғы қазақ мектептерінде мамандыққа бағыттау оқу-әдістемелік құралдардың тапшылығы, барлық ақпарат құралдарының орыс тілінде болуы қазақ мектебіне көп қиындық әкелді. Сол қиындықты әріптестерімен бірге жеңіп, қажетті әдістемеліктерді орыс тілінен қазақшаға аударып, уақытпен санаспай, жаңашылдықпен еңбек етті. Рас, ұстаз еңбегі өлшеусіз. Ол өз баласынан гөрі өзгенің баласын артық көріп, қамқор бола білетін жан. Өз бойындағы жақсы қасиеттерді, алған білімін шәкіртінің бойына дарытып, аянбай еңбек ететін ұстаз. «Ұстаз – ұлы тұлға» дегендей, бәріміз де ұстаз алдынан өттік. Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, небір өнертапқыш та, әнші, биші бәрі де ұстаздың салған сара жолымен жүрген жандар десек қателеспейміз. Біз Ми­рамкул апайдан ұстаз жауапкершілігі қандай болу керек дегенімізде, бізге ол өз ойын былай білдірді. «Ұстаздың кәсіби шеберлігінің негізі, біріншіден, мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымы. Екіншіден, пәнді жетік білуі, ойын оқушыларға жеткізу үшін жан-жақты, терең дайындықпен баруы, оқушылар бойына әдеп, әдет, дағды сияқты жақсы қасиеттерді сіңіруі, моральдік нормаларды білуі. Үшіншіден, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін міндетті түрде меңгеру. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, практикалық қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген психо­лог-педагог мұғалім қажет».

Иә, Мирамкул апайдың бұл сөзімен толық келісуге болады. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері. Шындығында, мұғалім сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелейді емес пе? Кезінде ақын Мағжан Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деп тегін айтпаған. Сондықтан да Мирамкул Нұрмаханқызының ауыл мек­теп-гимназиясын тарихи әлеуметтік, мәдени рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен оқушыларды қажетті мамандыққа бейімдеуге жасаған еңбегі зор. Негізі ұстаздардың еңбегін тек оқушылар ғана бағаламаған ғой. Олардың алдында ұлылар да бас иген. Мектептің басты тұлғасы, жүрегі бола білген Мирамкул апай зейнетке шығып жас ұстаздарға тәлімгер бо­лып оларға педагогиканың қыр-сырын үйретуді өзінің басты міндетті деп са­найды . Мирамкул Нұрмаханқызы ойы таза, қиялы ұшқыр, жаңашылдығы мол, шебер ұйымдастырушы бола білді, өзгеге шашар шуағын ұрпақ бейнесінен көруге асығатын ұлағатты ұстаз болғандықтан, бүкіл ауылға сыйлы болған мұғалімді «Біздің Мира апай» деп құрметтейді. Адамның ішкі жан дүниесінде бір нәрсе бар. Ол – адамның асыл ойы, адамгершілігі, айналасындағыларды жақсы көруі, оларға деген адалдығы, сүйіспеншілігі десек, осы қасиеттердің бәрі ұлағатты ұстаз Мирамкул апайымыздың бойына дарыған. Мирамкул апай алдағы келіп жатқан зейнет жасыңыз құтты бол­сын, әрдайым біздің жарық жұлдызды ұстазымыз болып жүре беріңіз! деп тілек тілейміз.

Айнагул ЗАХАРОВА,
№80 мектеп-гимназияның
орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Төретам кенті,
Қармақшы ауданы,
Қызылорда облысы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.