Тоқсанбаева Нұргүл Қорғаджанқызы
Психология ғылымдарының докторы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жалпы және
қолданбалы психология кафедрасының профессоры
Закарьянова Шынар Нұрбековна.
Педагогика ғылымдарының кандидаты,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жалпы және
қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы
Аязбаева Б.Б.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жалпы және этникалық психология кафедрасының оқытушысы
Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде 26 мыңнан астам студент білім алса, оларға 2 мыңнан астам оқытушы сабақ береді. Университет әлем назарын өзіне аудартып отырған білім ордаларының бірегейі. Өйткені, ҚазҰУ QS world university rankings рейтингінде 150-орынға ие болды. Бұл ретте, білім ордасы әлемнің үздік Жоғары оқу орындарының арасында ойып тұрып орын алып отырғанын атап өту керек.
Қазақ Ұлттық Университетінде бакалавриат бойынша — 87, магистратурада – 98, докторантурада 83 түрлі
мамандық бойынша мамандар даярланады. Бүгінде жоғары оқу орны ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Университетте 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 47 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. ҚазҰУ оқытудың халықаралық бағдарламасын жүзеге асыруда. Студенттердің алмасу бағдарламасы және тағылымдамадан өтуде әлемдегі 400-ден аса ірі халықаралық ЖОО-мен әріптестік байланыс орнатқан.
Университетте білім беру ісі Болон үрдісіне сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген. Оқу үдерісінің барлық адам үшін тиімділігі мен ашықтығы, білім алушылардың академиялық сауаттылығы, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Альма матердің жаңа даму кезеңінде әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің жаңа академиялық саясаты іске асырылып отырғаны соған дәлел болса керек.
Университетке қызығушылық танытып, білім алғысы келетін талапкерлерге ашық есік күндері де ұйымдастырылып отырады. Әр факультет өз талапкерлеріне экскурсия, жалпы факультеттегі өзгерістермен, жаңашылдықтармен танысу мақсатында түрлі шаралар өткізеді. Бұл — қара шаңырақты бітіріп, түрлі қызметте жүріп, өзінің университетін сағына келгендерге білім ордасының қашан да есігі ашық дегенін білдіріп отыр.
Жастарға серпін беріп, оларға әрқашан дем беруді университет ешқашан ұмытқан емес. Осындай бастамалардың бірі ретінде Жастар Ұйымдарының Комитетін атауға болады. Оған студенттер мен оқытушыларға оқу процесін жеңілдету үшін құрылған ұйымдар кіреді.
Студенттерді жан-жақты дамыту – университет міндеті. Бұл ретте, білім ордасы қалашығында орналасқан, қорында екі миллионнан астам кітап жинақтаған әл-Фараби кітапханасын атап өткен жөн. Архитектурасы мен аурасы үйлесім тапқан зәулім ғимарат ішінде студент пен оқытушының сұранысына сай қажетті еңбектердің бәрі бар. Білім алушылар үшін ыңғайлы дайындалған кітапхана – сөзсіз, Альма матердің мақтанарлық тұсы.
Университет – ғалымдар мен ұлағатты ұстаздардың даналығы мен жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген, таусылмас білім ордасы. Өзіндік тариxы бар, білім беру саласында үздік деп танылған Қазақ Ұлттық Университетінің есігі қазақстандық түлектер үшін қашан да ашық.