Кошанова Нургуль Байдильдиновна
Қарағанды облысы
Абай ауданы Топар кенті
Б.Момышұлы атындағы ТМ (РО)
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Туған елім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшше тілім, мен де бірге өшемін! – деп , ақын Әбділдә Тәжібаев ағамыз жырлағандай тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» екенін шегелеп айта отырып, әрбір азаматтың ана тілін жадынан шығармай оқып үйренуі және өз тілінде еркін сөйлеуі керектігін еске салды.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы, қадір-қасиеті Елбасын да аз ойландырып, аз толғандарып жүрген жоқ. Бір сөзінде, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы», — десе, кейінгі Жолдауында айтылған: «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш жігерімізді жұмсауымыз керек», — деген сөзінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқысы болуын уағыздап отыр
Тіл – адам өміріндегі ең маңызды құралдардың бірі. Себебі тілдің қолданыс аясы өте кең. Әрбір ел, әрбір ұлт өз тілін қадірлейді, құрметтейді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі — қазақ халқының рухани, мәдени байлығы, баға жетпес құнды қазынасы.
Қазақ ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» – деген.
«Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтып білуі тиіс. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтерейік. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парызымыз.
«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Сол тіл мәселесі, оның ішінде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің тағдыры жайында айтарым: Мемлекеттік тілімізді аман сақтап, ілгері дамыту үшін бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр, мемлекеттік идеология қажет. Меніңше ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. «Отан отбасынан басталады» демекші,тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін,әр отбасы қазақ тілін үйретуді қолға алса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.»Игі істің басы-тіл.Тәрбие басы -тіл»,-деп М.Қашқари айтқандай ,тілге үлкен мән беруіміз керек. Өз ана тілімізге көбірек мән берейік.
Ата-бабамыздан қалған: асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл — ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз «Тілден асқан байлық жоқ» тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық.
«Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген даналық сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден көз жазып қалмайық!Сондықтан дүниеге бай болмай, тілге бай болайық ағайын. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парызымыз деп ойлаймын.
Қазақ тілі – қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына. Қаймақты тілді пайдаланбай, қаспақтың түбін қырғыштап жүргендерге айтарым: әркімнің ана тілі тірлік үшін керек, мемлекеттік тіл бірлік үшін керек. Соны әрбір Қазақстан азаматының жүрегімен ұққаны жөн. Тіліміздің қадірін тек тіл мерекесінде ғана емес, күнделікті көтерейік!
Қадыр Мырзалиев айтқандай, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегім келеді.