Әлемдік пандемия салдарынан араға екі жыл уақыт сала келе, елімізде дәстүрлі форматта соңғы қоңырау мерекесі ұйымдастырылып, ашық аспан астында аталып өтті. Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың мәліметінше, биыл елімізде 3,5 млн-нан астам оқушыға соңғы қоңырау соғылды. Ал «Алтын белгіге» үміткерлер саны — 8139 түлек екен.
Еліміз бойынша білім саласы жағынан көшбастап тұрған Алматы шаһары. Қаламыздың 295 мектебінде 300 мыңнан астам оқушылар үшін соңғы қоңырау соғылып, 12 мыңнан астам түлек оқуын аяқтады. Жалпы жетістіктер жағынан Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық команда — 2022» атанып, 88 жүлделі орынды қанжығасына байлады. Сондай — ақ, ғылыми жоба, жаратылыстану-математикалық бағыттағы олимпиадалар мен спорттық жарыстарда да үздіктердің үздігі атанды.
«Соңғы қоңырау – бұл мұғалімдер мен оқушылар оқу жылының қорытындысын шығарып, білім алушылардың жетістіктерін атап өтетін көңілді әрі маңызды оқиға. Соңғы қоңырау міндетті түрде мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек» — деп Гүлмира Кәрімова айтқандай, осындай үлкен айтулы мереке қаламыздағы №178 мамандандырылған лицейде жоғары дәрежеде аталып өтті. «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты ҚР жалпы білім беру ұйымдарында Балалар жылына арналған соңғы қоңыраудың құрметті қонағы, Алатау ауданының әкімі Қалдыбеков Азамат Бескемпірұлының құттықтау сөзімен ашылды.
Биыл лицей қабырғасында 218 түлек ұядан ұшып, жаңа өмірге қадам басты. «Әрбір түлек – бір мамандықтың иесі, елдің ертеңі, болашағы. Сіздерге ұстаз да, ата-ана да үлкен үміт артады. Елдің айбынды ұл-қыздары болатындарыңа сеніп, алдағы ҰБТ-дан сүрінбей өтулеріңе тілектеспін» — деп жас түлектерге ақ жол тілеген лицей директоры Шадиев Қайратбек Хамзаханұлы барлық оқушыларды бүгінгі мерекемен құттықтады.
«Мейірімнен шуақ төгілген, ұстаздар саған аманат» — деп Аманат туын тапсырушы шәкірттердің жылы сөздері жүректен жүрекке жетіп, лицей мақтаныштары әрі «Алтын белгі» иегерлеріне де сөз кезегі берілді. Республикалық «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері, бірнеше республикалық байқаулар мен олимпиада жүлдегері Тұрсынов Нұржан ұстаздарға деген алғысын білдіріп, қошемет көрсетті. «Мен – елімнің ертеңімін. Мен – болашақтың бастауы әрі жалғаушысымын. Маған артылған жүк, ол менің абыройым. Осындай қасиеттерге толы шәкірт тәрбиелеген, білім берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Сіздер әрбіріміздің бойымыздан білім мен біліктілікті, талант пен тылсым күшті, қайсарлық пен жігерлікті оята білген ұлы тұлғасыздар» — деп лебізін арнады.
Мерекелік жиынның жалғасы тосын-сыйлар мен ән-шашуға ұласып, соңғы қоңырау соғу рәсімі орындалып, түлектердің қоштасу вальсімен тәмамдалды. Көкке самғай ұшқан шарлардың барлығы түлектердің арман қиялына әсер қалдыра білді. Жас түлектерге сәт сапар тілеп, алтын ұясынан ұшырды.
Қаламыздағы №178 мамандандырылған лицей ең алдыңғы қатарлы оқу ордасының бірі. Үздік ұстаздарымен бірге шәкірттері көшбастап тұрған лицейдің жетістігі де жетерлік. Түрлі халықаралық, республикалық, қалалық байқауларда оза шауып, жаңа технологиямен жабдықталған білім мекемесі. Дарынды балалар мен ұлықты ұстаздарға қолдау көрсетіп, лицей өмірін ерекшелендіруден қанаты талмайтын директор Қайратбек Хамзаханұлының да еңбегі орасан зор. Елім дейтін ел ағалары тұрғанда, болашақ ұрпақтың білімді боларына біз де сенеміз.
№178 мамандандырылған лицей директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Кутумов Берік Нәбиұлы