Бакулова Марал Сәбитқызы
Алматы қаласы,
Наурызбай ауданы
№ 200 мектеп – гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Жақсылық жасап жарысайық!
Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, аз қамтылған отбасыларға жанашыр, қамқоршы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы деп санаймыз.
Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №780 Жарлығымен «Балалар жылы» болып жарияланғаны баршамызға аян. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 21 шілдедегі № 6-15-2/3135-И хатын орындау мақсатында 1 тамыздан бастап 30 қыркүйек аралығында аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 2022-2023 оқу жылының басталуына дайындық барысында материалдық қолдау көрсетілді.
Осыған орай, әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу мақсатында өзім білім беретін Алматы қаласы, Наурызбай ауданы №200 мектеп-гимназиясында «Мектепке жол – Шекарасыз Жақсылық» ұранымен акция өткізілді. Осы акция аясында 25 балаға әкімшілік тарапынан, 62 балаға білім бөлімінен, 50 балаға сынып жетекшілері мен ата-аналар тарапынынан көмек көрсетіліп, мектеп формасы мен спорттық киімдер және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.
Жақсылық – адамшылықтың белгісі. Әркім өзінің қал-қадері жеткенше жақсылық жасайды. Ең бастысы, жақсылықты шын ниетімен, адал пейілімен жасаса болғаны. Қазақта «Кең болсаң, кем болмайсың»- деген сөз бар. Ұлы жазушы М.Әуезов: «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», – деп айтқан екен. Олай болса, мектебіміздегі әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларға көмек көрсеткен демеушілерге мектеп ұжымы атынан үлкен ризашылығымызды білдіре отырып, мектебімізде әлі де осындай игі істер жалғасын табады деген сенімдеміз…