Таңатар Шұғыла Маратқызы
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті,
7М01101 — «Педагогика және психология»
білім беру бағдарламасы бойынша 2-курс магистранты
Ғылыми жетекшісі: п.ғ.к., қауымдастырылған профессор м.а. Айджанова З.Ж.
Мектептегі үлгермеушіліктің негізі – бір ғана себеп емес, көбінесе бірнеше себептердің жинақталған әсері болып табылады. Солардың ішінен негізгілері ретінде: оқыту әдістерінің жетілдірілмеуі, оқушылардың оқу іс-әрекетін дамытудағы кемшіліктер, әсіресе ойлау қабілетінің қалыптаспауы, оқушы мен оқытушы арасындағы жағымды қатынастың болмауы, басқалармен салыстырғанда жақсы оқушы болудың қорқынышы және т.б.
Үлгермеуші оқушыларға тән жалпы ұқсастық болғанмен, олар бір-бірінен айрықша ерекшеленеді. Күнделікті олармен жұмыс тәжірибесінде, үлгермеушіліктің әрбір нақты жадайында, әрбір үлгермеуші оқушымен жекеленген жұмыс істеу жолдарын талап ететіндей, үлгермеушіліктің түрлі ерекшеліктерімен кездесіп отырамыз. Үлгермеуші оқушының түрі (типі) оның оқудағы жетістігін анықтайтын, көп уақыт бойы үлгермеудің нәтижесінде пайда болған тұлғаның маңызды қасиеттерінің өзіндік үйлесімділігімен сипатталады.
Көптеген авторлар үлгермеуші оқушыларды әр түрге топтаудың негізі етіп өздері зерттеп анықтаған үлгермеушілік себептерін алған. Көбінесе, осылайша Л.С.Славина ұсынады [1]: үлгермеуші оқушылардың түрлері басымырақ себептерге байланысты бөлінеді. Үлгермеушіліктің бір тобын оқуға деген түрткісі (әрекеті) жоқ оқушылар құраса, ал екінші тобын – оқуға деген қабілеті жоқ балалар, ал үшіншісін – оқу дағдылары дұрыс қалыптаспаған, дұрыс жұмыс істей алмайтын балалар құрайды.
Жас ерекшеліктеріне байланысты оқушылардың үлгермеушілік себептеріне көзқарастары да әртүрлі.
Бастауыш сыныпта балалардың білімге құмарлығы, айналасындағыларға қызығушылығы, қоғамдық маңызды іс-әрекеттерді орындауға талпыныстары оқуға деген оң көзқарасты және соған байланысты эмоционалдық мазасыздықты тудырады. Оқуда артта қалу, жаман бағалар көбінесе оларды жылауға дейін апарып, күйзеліске түсіреді. Оқуда артта қалушылық, олар үшін жаман баға алу болып табылады.
Ал, жасөспірімдердегі үлгермеушілік – бұл оқушының оқу тапсырмасына деген зейіннің аз болуы. Бірақ олардың өмірге деген іс-әрекеттері кеңейеді, яғни спортпен щұғылданады, ойындарға көп барады т.б. көрінеді. Көптеген жасөспірімдер орта мектеп жасында білім сапасы төмендер қатарына ілігеді.
Жоғары сынып оқушылары оқу сабақтарына, мұғалімдеріне тәуелсіздігін көрсетеді. Олар көбінесе өздері таңдаған мамандыққа керек пәндерге қызығушылық танытады. Егер алған «жаман» бағасы өзінің таңдаған мамандығына қатысты болмаса, оған олар мейлінше сабырлылықпен қарайды.
Үлгермеуші оқушыларды түрге бөлгенде кейбір зерттеушілер оқушылардың тұлғалық құрылымына және оқуының сипатына негіздеген. Осындай жолмен П.П.Блонский [2] оқушылардың жалпы типологиясын құрып, үлгермеушілердің түрлерін бөліп көрсеткен. Бұл, біріншіден, олар «жаман жұмыскер» деп атаған түр (тип). Ондай оқушыларға келесі қасиеттер тән:
- Тапсырмаларды зейін қоймай қабылдайды, көбінесе оларды түсінбейді, бірақ мұғалімге сұрақ қоймайды, түсіндіруін сұрамайды;
- Белсенділікпен жұмыс істемейді (жұмыстың келесі түріне ауысу үшін үнемі ынталандыруды қажет етеді;
- Өзінің сәтсіздіктері мен қиындықтарын ескермейді;
- Мақсатын айқындай алмайды, өз жұмысын жоспарлап, ұйымдастыра алмайды;
- Өте сылбырлықпен жұмыс істейді;
Келесі тип патологиялық деп аталған – эмоционалдық тип, оқуда сәтсіздіктері жиі болатын оқушылар, олар айналасындағылардың өзіне тән қатынаста болғанын қалайды. Олар жұмыс істеу алдында «істей алмаймын» деп айтып, басқалардың қолдауын қалайды, сәтсіздіктер мен қиындықтарды ауыр көтереді.
Психикалық процестерінің ерекшелігі оқушылардың өздерін ұйымдастыра алмауынан, өз еркімен зейінін басқара алмауынан және зейінін шоғырландырғысы келмейтіндігімен тығыз байланысты. Олар көбінесе ой жұмысынан қаша отыра, оларды белсенді ойлаудан құтқаратын, «айналып өтетін» жол іздейді. Осының себебінен ойлау жүйесіне жүйелі интеллектуалдық жүктеме түспеуінен ойлау деңгейі бірте-бірте төмендейді. Осы кезді байқап, дер кезінде көмек көрсетілмесе оқытылуы төмен деңгейдегі бала бірте-бірте сыныптастарынан артта қала бастайды. Оған деген сыныптастарының көзқарастары да өзгереді, мұғалімдерінің таптаурын (стереотиптік) пікірлері қалыптасады, ең бастысы өзіне деген сенімділігі жоғалады да, өзін төмен бағалаушылар қатарына қосылады.
Теріс мінез-құлқының қалыптасуының бірінші және ең маңызды фактор ретінде оқуға деген немқұрайлық, қандай да бір оқу жұмысына деген білім сапасы төмен баланың жек көрушілігі болып табылады. Материалды меңгерудегі қиындықтары мен сәтсіздіктерін үнемі сезінушілік мынаған алып келеді: мұндай балалар сабақтарды орындау үрдісінде дәптерлерін жыртады, кітаптарын тығып қояды, мектептің талаптарына жауап беруге қиналады. Олар сабақтарға қатысуды қояды, үйдегілеріне өтірік айтады, «сабақтан ешнәрсе берілген жоқ» деп алдайды, ал мектепте «кітаптарымды үйде ұмытып қалдырдым» деп сылтаулар көп айтады. Осы іс-әрекеттерден оқудың бір жылдық көлемінің өзінде-ақ мінез-құлқын теріс жағы айқындала түседі.
Келесі фактор оқушылардың мұғалімдермен конфликттік қарым-қатынастары қосылады. Бір қарағанда бұл қарым-қатынастар жағымсыз іс-әрекетті керсететін секілді, педагогтардың білім сапасы төмен балаларға үстіртін карайды дейтін пікір қалыптасады. Мұғалімдер оларға қатал қарайды, оларға айқайлайды, намысына тиетін ескетулер айтады, ата-аналарына шағымданады т.б. Тұрақты конфликттік жағдайлардың әсерінен білім сапасы төмен балалар аз уақыттың ішінде ашық түрде сабақтан шығып кетуге, оқушының мұғалімге сөз қайтара бастауы оқу үрдісінің бұзылуына алып келеді [3].
Тұрақты білім сапасы төмен оқушылардың ата-анасына деген аналогиялық мәселелері туындайды. Ата-аналарының мінез-құлқы қиын және қарама-қайшылықта болады. Білім сапасы төмен оқушылардың ата-аналары көбінесе мектепке жала жабады, оқу бағдарламасын дұрыс оқытпайды деп мұғалімдерді кінәләйды, бірақ та формалды емес жағдайды бақылағанда осы ата-аналар балаларын оқу мәселесімен сөгіп ұрысады. Шаршаулы балаларды мектеп сабағынан кейін дереу үй жұмысын орындауын талап етеді, физикалық жазалауларды колданады. Осының нәтижесінде ата-аналары балаларының өздеріне деген сенімдерінен айрылады, күнделікті конфликттермен үйдегі жағдайдың қиындау себебі оларды (үлгермейтін оқушыларды) көшеге кетуге мәжбүр етеді.
Сонымен, үлгермеуші оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін сипаттай келе, үлгермеушіліктің негізінде жатқан психологиялық себептердің көпшілігін 5 топқа біріктіруге болады (кесте 1).
Кесте 1. Үлгермеушіліктің негізінде жатқан психологиялық себептер
Үлгермеушіліктің негізінде жатқан психологиялық себептер | ||||
1-топ | 2-топ | 3-топ | 4-топ | 5-топ |
жүйке жүйесіндегі жекедара психикалық ерекшіліктер | таным әрекетіндегі жетіспеушілік | мотивациялық сфераның дамуындағы кемшіліктер | өзін-өзі бағалау мен талаптану деңгейінің теңсіздігі | оқуға басқалардың әсері |
Психологтар зерттеулерінде үлгермеушіліктің негізіне жататын психологиялық себептерді екі топқа біріктіріп, соған байланысты балалардың ерекшеліктерін сипаттаған. Ол себептер: 1) Балалардың оқу іс-әрекеттеріндегі кемшіліктер; 2) Балалардың мотивациялық дамуындағы кемшіліктер.
Бірінші топтың себептерін сараптай келе, бұл топтағы себептерді үшке бөліп, соларға байланысты оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін ашуға болады:
- Оқу іс-әрекеттерінің әдістері дұрыс қалыптаспаған оқушылар;
- Психикалық процестердің дамуындағы кемшіліктері, әсіресе ойлау процесіндегі кемшіліктері бар балалар;
- Өзінің оқу іс-әрекеттерінде білінетін жеке дара-типологиялық ерекшеліктерін дұрыс қолдана алмауы (жүйке жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты) [4].
Оқудағы қиындықтар көп жағдайда оқушының тұлғалық қасиетіне кері әсерін тигізетінін айтпасқа болмайды. Бала қиындықтарды сезіне тұрып, олардың себептерін түсіне алмай, оқуға бар ынтасы мен талпынысын салса да, одан қажетті нәтиже шықпағандықтан не істерін білмей, шарасыздыққа түседі. Өзінің күшіне деген сенімділік біртіндеп өше бастайды. Егер осындай оқушыға қиындықтарын жеңе білуге дер кезінде көмек берілмесе, онда ол балада өзіне деген сенімсіздік қалыптасуы мүмкін және өз кезегінде оның тұрақты тұлғалық мінездемесі болып қалуы мүмкін (өзіне сенбейтін бала). Осындай өзіне сенбейтін бала қиындықтарды жеңе алмаймын деп қорқады. Бір тапсырманы орындай алмаған сәтсіздігінің әсерінен басқа тапсырмаларға да шамасы жетпейтіндей көрінеді. Оқуға деген қызығушылығы төмендейді. Үлгірмеушілік мұндай балаларды ұжымнан алшақтатуға әкеліп соқтырады, олардың әлеуметтік статусы нашарлайды. Ақырында мектепті жеккөрушілік сезімі пайда болып, мектепке барудан бас тартуы мүмкін. Осындай кездерде олар мектептен тыс жерлерде достар іздейді, көбінесе теріс бағыттағы балаларға тап болады.
Оқу іс-әрекеттері дұрыс қалыптаспаған балаға қалай көмектесуге болады. Әрине, балаға үлкендердің көмегі керек, дегенмен тек мұғалімнің ғана көмегі бұл жерде аз, себебі мұғалім оқушының оқу әркетіндегі кемшіліктерінің себептерін аша білу керек, ол үшін ол баланың жұмыс істеудегі барлық әркетін мұқият бақылап отыруы тиіс. Бірақ сыныптағы баланың бәрін бірдей бақылап отыру мүмкін емес. Сондықтан да, бұндай оқушыларға мектеп психологінің де көмегі өте қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер.
- Славина Л.С. Индивидуальный подход к неуспеваюшим ученикам. – М., 2002.
- Блонский П.П. Избранные педагогические и психологические сочинения в 2-х томах. / Под ред. A.B.Петровского. – М., 1979. — Т.2 — 400 с.
- Ануфриев А.В. Как преодолеть трудности в обучении детей. – М., 2000.
- Боденко Б.Н. Анализ психологических предпосылок неуспеваемости и способы ее коррекции на начальном этапе обучения. – М., 1989.