Курмангалиева Жанаргуль Сабитовна,
Астана қаласы әкімдігінің
«Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицей» КММ
тарих пәнінің мұғалімі
Еліміз егемен болып, атымыз шартарапқа танылып жатқан кезімізде еліміздің өткенін жаңғырту – әр азаматтың қасиетті борышы. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында мамандарға тарихты шынайы түрде қалпына келтіру міндеті қойылды. Халықтың ұлттық сана-сезімін оятуда, оның рухани жандануында маңызды рөл атқарған ұлттық интеллигенция өкілдерінің қызметін ғылыми тұрғыдан түсіну қажеттілігін білдіреді. Осындай тұлғалардың қатарына «Алаш» қозғалысының қайраткерлері де жатады. Осы жылы Алаш партиясының құрылуына 105 жыл толып отыр. Алаш тұлғалары — қазақ елінің тарихындағы ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалаушылардың бірі.
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және т. б. ұлттық элита патшалық саясатқа қарсы күрестің заңды нысандарын таңдады: петиция құрастыру, Мемлекеттік Думаның мінберін пайдалану, партияны ұйымдастыру, газет шығару және т.б. Елде жүріп жатқан саяси идеологияны Көкшелік Алаш тұлғалары қолдап, тарих сахнасында ерекше орын алады, солардың ішінен атап айтатын болсақ: Тлеулин Ж., Досов Ә.Ы., Темірбеков З.М., Болғанбаев Х.Ә., Тұрлыбаев А.Т., Әлжанов Ш.Е., Кәшімов М.Ә.
Саяси күрескер, жалынды журналист, баспасөздің іргесін қалауға ат салысқан Ақмола өңірінің тумасы, алып, нар тұлғалардың бірі — Хайретдин Болғанбй. 1894 жылы дүниеге келді. Көрнекті Алаш қайраткері, журналист, Орынборда Хусаиния медресесінде жаңаша жәдидшілдікке оқиды. Алғашқы мақалалары «Қазақ» газетінде жарияланған. 1917 жылы өткен І және ІІ жалпықазақ-қырғыз съезінде делегат болып қатысқан. 1917-1918 жылдары Алаш комитетін құруға жәрдемдескен. 1918-1919 жылдары Ташкент қаласындағы педагогикалық курста оқиды. 1919-1921 жылдары Ташкент, Орынбор қалаларында мұғалімдік қызмет атқарады. Оның туған елі мен жеріне арналған мақалалары «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінде жиі жарияланып отырды. Бірнеше жыл бойы «Бірлік туы» атты баспасөз газетінде жұмыс атқарады. Ағарту ісіне өте көп үлес қосты. Ол Қызылжарда, Ақмолада, Ташкентте оқушыларға сабақ беріп, оқу-білім саласын ұйымдастырып, Ахмет Байтұрсынов бастаған ағарту ісін дамытты. Бұл жөнінде замандастары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Шоқайдың еңбектерінен айқын байқауға болады. Хайретдин Болғанбай да Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, Түркістандағы жаңа мемлекет құруға бар күш жігерін салған ірі тұлға болып еді. Петропавлда губерниялық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары, педтехникум мен кеңеспартия мектебінің мұғалімі, кеңес партия мектебі оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Жазықсыз жаламен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы ОГПУ-дың 1930 жылы 4 сәуірдегі тергеу қаулысында «1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы Валидовпен байланыс жасағаны үшін, және Голощекинге қастандық әрекет жасауға тырысқаны үшін» деген айыппен сол жылдың үкімімен Архангельск пен Сыктывкарға айдауға жіберіледі. 1934 жылы көктемде айыпталу мерзімі аяқталып еліне қайта оралады, бірақ бас қалада тұруға рұқсат бермей, Оңтүстіктегі Қапланбек зооветтехникумында ұстаздық қызмет етуге жіберді. Осында 1937 жылы 21 сәуірде қайта ұсталып, 21 қарашада Ташкентте атылды. XX ғасырдың басында қазақ елінде озық ойлы, халқының болашағы үшін еңбек сіңірген, ел мүддесін корғаған зиялы кауым калыптасқаны белгілі. Санының аздығына қарамастан казақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясы зор әлеуметтік, қоғамдык-саяси мәні бар мәселелермен айналысты. Солардың катарында біз сөз етіп отырған көкшетаулық Науан Хазірет, Мәмбетәлі Сердалин. Айдархан Тұрлыбаев, Шәймерден Қосшығұлов та болды.
Мәмбетәлі Сердалиннің есімі республика жұршылығының назарын аударғанына талай уақыт болды. Мәмбетәлі жайында «Қазақ Совет энциклопедиясының» X томында былай деп жазылған: «Сердалин Мәмбетәлі
— қазақ тарихшысы, экономист. Ол 1886 жылы Петербург университетінде оқыды. Бірақ «Жерлестер одағы» атты студенттік ұйымға қатысқаны үшін оқудан шығарылады. 1888 жылы Омбы технология училищесіне түседі. Ол қаланың саяси өміріне белсене араласып, Омбының ғана емес, Петропавл мен Көкшетаудың саяси айып тағылып, жер аударылған адамдарымен байланыста болады. Дәл сол тарихи бетбұрыс кезеңінде зиялы қауым арасынан топ жарып суырылып шыққан аса талантты ақындар, жазушылар, тарихшылар, журналистер, қоғам қайраткерлері біршама болды және олар қоғамдық сана-сезімнің, мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосты.
Ресейдегі саяси-әлеуметтік өзгерістердің ықпалы шет аймақтардағы отарлық езгіден әбден қалжыраған қазақ халқының да ой санасына игі әсер етті. Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері халқының империялық қанаудан құтылып, азаттық пен тәуелсіздікке қолы жетуі үшін оқу-ағарту ісі мен қатар тікелей саяси күрес жолымен өз халқына жан-тәнімен тынбай адал қызмет еткендер қатарына Көкшетау уездік алашорда комитетінің төрағасы Мұхаметсәлім Әбдрахманұлы Кәшімовты жатқыза аламыз. 1884 жылы Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы қазіргі Мәдениет ауылында дүниеге келген. Жасынан білімге құштар ол алдымен ауыл молдасынан оқыған соң әкесіне еріп Меккеге қажылыққа барып, «Бала қажы» атанған. Содан кейін Уфа қаласындағы жоғары санатты «Медресе ғалияны» бітірген еді. Кезінде «Айқап» журналының тілшісі болып, қазақ елінің түкпір-түкпірін аралап, халық тіршілігін еркін таныған жан болған, ақын, талантты журналист, алғашқы абайтанушылардың бірі, Абай өлеңдерін жатқа біле жүріп өзінің «Насихат қазақия» (1908ж.), «Ақыл кітабы» (1908) атты еңбектерінде көпке танылып, Абайды қазақтың бас ақыны деп білген. Аталған еңбектерден басқа бірнеше тәлім-тәрбиелік еңбектердің авторы ‒ «Әдеп» (1907), «Сабақ» (1907). Бұл еңбектерінде қазақ балаларына оқу-білім, тәлім-тәрбие, тазалық, мәдениет мәселелері төңірегінде ақыл-кеңес, өнегелі тағлымдар ұсынады. Шәкірт тәрбиесін ұлттық салт-дәстүрге негіздей жүргізуді, имандылық пен адамгершіліктің сан-алуан көріністерімен ұштастырып отыруды уағыздайды. Ақынның «Сұлу қыз» өлеңдер жинағы, «Мұңлы Мәриям» романы (1912) жарық көрген. Мұхаметсәлім Кәшімов 1911-1914 жылдары «Айқап» журналында қызмет істей жүріп, ел ішінде мектеп-медреселердің жай-күйі, олардағы оқу-тәрбие істерінің барысы жайында ой қозғаса, Жетісу, қырғыз, қытай қазақтарын аралаған кезінде этнографиялық очерктер жазып, елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен бірге оқу-ұйымдастыру мәселерін де сөз етіп, тәлімдік ой пікірлерін ортаға салды. 1917-19 жылдары Ақмола өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене қатысады. Алаш Орданың уездік комитетінің төрағасы ретінде осы уезде қуғынға ұшырап, Омбы өңіріне жер аударылады да 1935 жылы қайтыс болады. Оның жақын туысы, әрі шәкірті Дәдет молда мүрдесін елге алып келіп, ауыл зиратына жерленген.
ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ елінің болашағы үшін Алаштың азаттығы үшін күреске түскен, ерлердің ішінде әлі де болса есімі анық аталмай жүрген қайраткерлер баршылық. Зерттеуші Мәмбет Қойгелдиевтің айтқанындай бүгінгі жұртшылық Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлердің алдыңғы шоғырын ғана біледі, ал бұл қозғалыс жалпы ұлттық сипат алғандықтан оның жергілікті жердегі жүздеген қайраткерлері әлі де жұртшылыққа таныс емес. Жұмағали Тілеулин сондай алаш қайраткерлерінің бірі де, бірегейі де болып табылады. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі, дәрігер Көкшетау өңірінде, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Сол кездегі тарихи жағдайға байланысты, Жұмағали Тілеулин, ауыл мектебінен бастап сауат ашады, содан кейін Көкшетаудағы орыс-қазақ мектебінде білім алып, Омбы қаласындағы «Орталық фельдшерлік мектеп» аталған арнайы медициналық оқу орнын тәмамдайды. Ақмола губерниялық оқу білімі 1922 жылғы 27 қарашадан бастап Петровлда қазақ мұғалімдерінің курсын ұйымдастырушы ретінде бекітілді. 1924 жылы «Гигиена», 1926 жылы «Жұқпалы аурулар», «Денсаулық» атты оқулығы, сондай-ақ бірқатар медициналық кітаптарды да аударды: 1927-1930 жылы Ақмола губерния және Петропавл аумақтық денсаулық сақтау округінде меңгеруші болып қызмет істеді. 1930 жылы «1918-1920 жылы Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрес және өкіметке қарсы ұлтшыл үгіт-насихат жүргізді, шетелдік орыстармен байланыста болды» деген айыппен тұтқынға алынып, екі жыл тергеуде отырғаннан кейін 1932 жылы 30 сәуірде бес жыл мерзімге Воронеж облысына жер аударылды. 1938 жылы Қырғызстанның Новотроицк ауылында аурухана меңгерушісі болып қызмет атқарып жүргенде қайта тұтқындалып, ОГПУ «үштігінің» шешімімен ату жазасына кесілді. 1958 жылы Түркістан әскери округі әскери трибуналының шешімімен ақталды.
Зерттеушілерге XIX ғасырдың екінші жартысымен XX ғасырдың бас кезеңі ерекше ынта-ықылас туғызатыны даусыз. Сондай-ақ, Ресейде парламеттік жүйенің өмірге келуі , қазақ даласы өкілдерінің І және ІІ Думаға депутат болып сайлануы ұлт зиялыларының саяси сана мен тәжиірбесінің жетілуіне ықпал жасады. Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірі Ресейде жүріп жатқан қызу саяси үрдістің ықпалында дамып, жергілікті ұлт өкілдері мемлекеттік–саяси процестерге тартылғанын Шаймерден Қосшығұлұлының екі мәрте мемлекеттік Думаға мүшелікке сайлануы, 1906 бүкілресейлік мұсылмандар фракциясына қатысып оның бағдарламасын жасауға қатысуы үлкен саяси маңызы бар оқиға еді. Шәймерден Қосшығұлұлы Көкше өңірінің тумасы, бостандық үшін күрескен жерлесіміз, ұлт қайраткері.
Табиғатынан зерек Шәймерден Қосшығұлұлы жас кезінде заман ағымына сай білім алған. Білімін тереңдету мақсатында Көкшетаудағы Науан Хазірет (Наурызбай Таласұлы) медресесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп, ғылымның барлық салаларын игеріп, орыс тілін өз бетінше оқып үйренеді. Мұсылман құқығы негіздерін жетік меңгеріп, оның қайырымдылық, имандылық, сауапшылық сияқты ізгілік қағидаларын ел арасында кеңінен насихаттауға үлес қосқан. Патшаның озбырлық саясатына қарсы осындай күресі үшін Имам Наурызбай Таласұлы мен Шәймерден Қосшығұлұлы абақтыға жабылады. 1903 жылдың 17 шілдесінде Таласов пен Қосшығұловтың істерін қарап, «үкімет жарлықтарына қазақтарды қарсы қоюшылар» деп айдар таққан құжатта : «выслать двух названных лиц в Восточную Сибирь в местность по усмотрению Иркутского генерал-губернатора под главный надзор сроком Кошегулова на 5 лет, Таласова на 5 лет, считая срок с 12 июня 1903 года» деп көрсетілген. Осы заңсыздықты Ә.Бөкейханов пен М.Сердалин жауапты орындарға, орыс зиялыларына дәлелдеп айта жүріп, бірнеше министрдің қабылдауында болып, оларды 1905 жылы наурызда босатып алады. Шәймерден Қосшығұлұлы айдаудан келген соң, елдің саяси өміріне белсене араласты. Соның нәтижесінде Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланды. Думада Ш.Қосшығұлұлы мұсылман фракциясын басқарды.
2001 жылы жарық көрген Ақмола облысының 30-40-шы және 50 жылдардың басындағы жаппай саяси қуғын – сүргін құрбандарына арналған «Хранить вечно» естелік кітабында мынадай дерек келтірілген: Кощегулов Шаймерден 1869 г.р., казах, уроженец Северо-Казахстанской области, Энбекшильдерского района, аул 1. До ареста проживал в Акмолинской области, Энбекшильдерском районе, работал служителем культа. Арестован 04.05.1931 Петропавловским оперсекторм. 14.01.1932 г. Особым совещанием при коллегии ОГПУ по статье 58-10,58-11 осужден к ссылке, выселке на 3 года. 19.09.1989 г. реабилетирован Кокшетауской областной прокуратурой. Өкінішке қарай, ол туған еліне қайта орала алмады. Түрмеден босағаннан кейін, Омбы жағына ығысуға мәжбүр болды.
Алаш зиялылары үлгі ретінде әрқашан тарихымызда лайықты бағасын алады. Ұлт-азаттық мүддені таратушы, қазақ халқының сана-сезімін оятушы, отаршылдыққа қарсы күресуші, тәуелсіздік жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерінің орны ерекше және мәңгі ұмытылмас. Көкше өңірінен шыққан алаш қайраткерлерінің интелектуалдық, азаматтық күрес жолы кімге болса да үлгі жол, халқына адал қызмет еткен ерледің кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты, саяси — идеялогиялық капиталы ендеше біздер осынау еркін ойлауға мүмкіндік туып тұрған заманда аңсаған ұлт мұрат-мақсаттары жолындағы күрес тарихын зерделеу қасиетті парызымыз боп табылады.
Жақсы мақала
Керемет мақала, Алаш зиялылары жайлы көп жаңа мәлімет алдым 👍
Тамаша ! Жарайсыз Жанаргүл Сабитовна!
Жарайсын Жанаргул!
Жақсы жазылған