Home » Мақалалар » Жаңашыл ойлау – тұлғалық ұстаным

Жаңашыл ойлау – тұлғалық ұстаным

Солтангазинова Бота Есмагзамовна
Павлодар қаласының
Әлихан Бөкейхан атындағы
лицей-мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

Өмір қағидаттары түрленіп, күрделене түскен қазіргі уақыт адам баласынан таптаурын болған әрекеттерден ауытқуды, тың әрекеттерді, ұтқырлықты, икемді, яғни түпкілікті нәтижеге жетелер ойлауды, жаңа жағдайларға шұғыл бейімделуді, қайсыбір мәселені шешу үшін шығармашылық көзқарас-ұстанымды талап етеді. Сондықтан да жаңашылдыққа негізделген шығармашылық қабілетті дамыту үшін баланың нағыз сезімтал кезеңін өткізіп алмау аса жоғары маңызға ие.

Мектеп өміріне уақыт талаптарынан туындаған жаңа үрдістер еніп жатса да, бағдарламалар мен оқулықтар қаншалықты өзгерсе де, шәкірттердің креативті, яғни жаңаша ізденісте ойлауын дамыту мәселесі жалпы білім мен тәрбие берудегі әрдайым басымдыққа ие мақсат-міндеттің бірі болып қала береді.

Шығармашылық тұрғыда жаңаша ойлап, әрекет ете алатын адам қоғамға сәтті бейімделетінін уақыт әлдеқашан дәлелдеген. Мұндай жандар кез келген сәтте туындауы мүмкін күрделі де қиын, жағымсыз жағдайларға еркін төтеп беріп, оң нәтиже таба алады, өзінің мүмкіндіктерін ұтқыр жүзеге асырады.

Рас, өмірдің ағысы бұрынғыдай кез келген жағдайға мойынсұну, өткенді қайталау, өзгеге еліктеудің орнына жаңа талаптарды алып келді. Олар – қалыптасқан түйінді мәселелерді айқын аңғара білу, тани алу, сабырмен қабылдау және өз бетінше шешу. Бұл жаңа талаптарға тек жаңашыл, шығармашылық ойлау һәм әрекет ету деңгейі жоғары адамдар ғана бейімделе алады.

Жаңашыл тұрғыда шығармашылық ойлау һәм әрекет ету дегеніміз не? Бұл сауалдың ғылыми тұрғыдағы түсінігі былайша өріледі: креативті, яғни жаңаша әрі шығармашылық тұрғыда ойлау, әрекет ету — ерекше идеяларды қалыптастыру, ойлаудың әдеттегі соқпағынан ауытқу, күрделі жағдайларды шұғыл шешудің мүмкіндігі. Тәжірибе көрсеткендей, бастауыш сынып шәкірттерінің жаңашыл һәм шығармашылық ойлауының дамуы іздену-зерттеу әрекетінде айқын көрінеді. Қазіргі түсінікпен айтар болсақ, оқушылардың іздену-зерттеу әрекеті дегеніміз – түрлі жобалық жұмыстары. Мұндай іс-әрекет баланы қайсыбір мәселені тереңнен зерделеп көруге, жағдайдың шешімін табу үшін нақты мақсаттар мен міндеттер қоюға, байлам жасауға, көзделген нысананы зерттеудің барысын жіті ойластыруға, зерделеу-зерттеу жұмысының негізгі әрі тиімді алғышарттарын ұсынуға және белгілі бір қорытынды жасауға мәжбүр етеді.

Ең бастысы — жас шәкірттің шығармашылық ойлауын дамыту үшін оның таңдануы мен қызығушылығына басты назар аударылуы керек.

Шығармашылық ойлаудың заманауи теориясының атасы саналатын, америкалық ғалым-психолог Пол Торренс шығармашылық ойлауды  «…тереңірек қазу, байыптырақ қарау мен көру, қателерді түзету, тереңдікке құлдилау, қажет болса мысықпен де сөйлесу, қабырғаны қақ жарып өту, күннің өзін тұтату, құмға қамал тұрғызу, болашақты қасқайып тұрып қарсы алу» деп түсіндіреді.  Міне, біз бастауыш мектепте тәрбиелеп отырған балалар осындай өреге жете ала ма? Әрине, мақсат – жету. Бірақ ол оңай шаруа болмайды. Мұғалімнің ерекше ізденісі, ілкімді іскерлігі, асқан шеберлігі, кәсіби ұтқырлығы қажет!

Бүгінгі бастауыш мектепте жұмыс істейтін әр мұғалім сабақтан тыс іс-шараларды қалай тиімді етіп құру керектігі туралы ойлануы керек. Мұндағы түпкі нәтиже – балалар үнемі сыни тұрғысынан шығармашылық ойлау мен шығармашылық белсенділікті дамытады, бастауыш мектеп жасына сәйкес қолданылатын әдіс-тәсілдердің жүйесіне иекемделеді.

Мұндай әдіс-тәсілдердің тізбегіне төмендегілерді жатқызуға болады:

  1. Сабақ барысындағы субъективті-шығармашылық тапсырмалар;
  2. Тілдік ойындар, олимпиадалар, байқаулар мен викториналар;
  3. Жобалау жұмыстары;
  4. Шығарма жазу;
  5. Бақылаулар мен сараптаулар;
  6. Мерекелерде, сыныптан тыс өзге де іс-шараларда сөз сөйлеу;
  7. Зерттеу жұмыстарын қорғау.

Өзімнің тәжірибем аңғартқандай, осы аталғандардың барлығының түпкі көздейтіні – оқушыларды сыни тұрғыда ойлауға үйрету.  Балалар жаңашылдықты ашу жолында үнемі шығармашылық ізденісте болуы қажет. Шығармашылық тұрғыда ойлау барысында міндетті түрде жаңаша идеялар, ойлар мен көзқарастар туындайды, пікірлесу, талқылау барысында ынтымақты қарым-қатынас қалыптасады, мұның өзі шығармашылық талғамды арттыруға, жағымды бәсекеге жол ашады.

Мысалы, өз тәжірибемде мен бастауыш сынып оқушысының шығармашылық тұрғыда ойлауын дамыту үшін түрлі ойын әдісін жиі қолданамын.  Әрине, бұл жерде физикалық тұрғыдағы емес, танымдық, ой-өрістік әрекетке негізделген ойындар туралы айтып отырмын. «Ойлан, тап!», «Дұрыс таңдау жаса!», «Дұрыс шешімді орнына қой!» және тағы да басқа танымдық ойын түрлері тиімділігін көрсетіп жүр.

Тәжірибелік жұмыстардың бір парасы көрсеткендей, бастауыш мектеп оқушыларының шығармашылық ойлауын дамытуға ықпал ететін және айқын нәтиже беретін бағыттың бірі – ізденіс-зерттеу қызметі. Әдеттегідей, ол – түрлі жобалық жұмыстар.  Жұмыстың мұндай түрі баланы кез келген мәселені тереңнен зерделеп қарауға жетелейді, өз алдына мақсат-міндеттер қоюға жол ашады, түйін мен байлам жасауға машықтырады, қорытынды шығаруға үйретеді.  Мысалы, 1-сыныпта әліппеге, яғни сауаттылыққа үйретуде ата-аналардың көмегімен жобалау қызметін қолдануға әбден болады. Бұл әріптердің дауысты немесе дауыссыз болып бөлінуін танып-білу сабақтарында өте тиімді. Сондай-ақ шығармашылық ойлауды дамытудың жарқын көріністері бастауыш сыныптың әдебиеттік оқу сабағында ұйқастарды меңгертуде ерекше тиімді байқалады. Өлең жолдарының ұйқастарын ойлап табу, ұтқыр қолдану баланың ізденісі мен белсенділігін арттырады, бәсекені ынталандырады.

Осы сияқты шығармашылық ойлау жұмыстары өзге де пәндерді меңгерту барысында жиі қолданылады.

Сайып келгенде, оқушының тұлғалық қалыптасуының көрсеткіші саналатын басты көрсеткіш – шығармашылық ойлауы бастауыш мектепте негізделеді. Бұл – үздіксіз процесс. Бала шығармашылығының шегі жоқ, әр бала өзінше талантты, әр баланың көкірегінде өзіндік құпия бар, қабілет жасырулы. Біздің міндет соған жол табу, ашу, жарыққа шығару.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Э.П.Торренс. «Теоретические основы психологической диагностики креативности». – М.., 1998 г.
  2. Зимняя И.А. Педагогикалық психология: Жоғары оқу орындарына арналған оқулық. / Орыс тілінен аударған М.А. Құсаинова. –М.: Логос; Алматы, 2005. -238 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.