Home » Мақалалар » «Рухани жаңғыру»: қосымша білім берудің бірегей негізі

«Рухани жаңғыру»: қосымша білім берудің бірегей негізі

Шарбакбаева Бакыт Кабдинасировна
Павлодар қаласының
Әлихан Бөкейхан атындағы
лицей-мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі 

Саналы ұрпақ тәрбиелеп, тұлға қалыптастыруда білім берудің күнделікті стандартты қалыбымен шектеліп қала алмайтынымыз белгілі. Оқыту мен тәрбиелеудің қосымша әдіс-тәсілдерін, ұтымды бағдар-жобаларын басшылыққа алудың маңыздылығын қоғамдық даму көшінің өзі аса қажетсінеді. Сондықтан да білім мен тәрбие беруде оң нәтижеге һәм толайым табыстылыққа жетудің бір бағыты – қосымша әдістемелерді ұтқыр да тиімді қолдану.

Біздің іс-тәжірибеміз көрсеткендей, бастауыш мектеп шәкірттеріннің тұлғалық-танымдық өресін арттыру жұмысы сан алуан тармақтардан тұрады. Солардың ішінде соңғы уақытта жиі пайдаланылып, тиімділік танытып жүргені – мемлекеттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан өрбитін іс-қимыл, амал-тәсілдер. Тек бір ғана осы бағдарламаның негізінен бастау алатын және түпкілікті сапаға жетелейтін түрлі тармақ-тақырыптарды дамытып жүргізуге болады. Олардың негізгілері деп мыналарды атап көрсете аламыз:

Ұлттық бірегейлік – Тіл, Мәдениет, Дәстүр.

Отан – Туған жер, Атамекен.

Өлкетану – Тарих, Таным.

Азаматтық – Ұлтжандылық, Патриотизм, Азаматтық ұстаным мен Тұлғатану.

Айналып келгенде, осылардың бастауында тұрған Ұлттық бірегейлік туралы таным-түсінікті сіңіру арқылы қалған бағыттарына оңай ойысып, тереңірек ден қоюға жол ашылады. Ал бұлардың барлығы өзара сабақтаса, тұтаса келе оқушыны Тұлға ретінде өзін-өзі тануға итермелейді.

Бастауыш мектепте Ұлттық бірегейлікті, ғылыми тұрғыдан қарастыратын болсақ, Ұлттық кодты тану тіл мен әліпбиді меңгеруден өрістейді. Сондықтан да тіл мен әліпбиді сіңіру барысында қосымша білімденудің дерек-мәлімет, матариалдарын  пайдалана отырып, кез келген Ұлттың тілі мен әліпбиі бірегейліктің басты нышаны екенін ұғындыруға ұмтылыс жасаған жөн. Ендеше біз Ұлттың өзіне ғана тән мәдени мұралары мен дәстүр-салты болатынын, мұның өзі ұлттық тектіліктің тұрпатын танытатын басты алғышарт екенін санаға мықтап орнықтыру үшін шәкірт танымына лайық нақты мысалдарды қолданамыз. Негізгі салмақ Ұлттық бірегейлік, яғни Ұлттық код тектіліктің сипаты болып табылатынын, оның басты атрибуты Тіл – Ана тілі екендігін меңгерту мәселесіне түседі. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев бір сөзінде: «Сен балаларыңды Ана тілінен айырма! Дүниеде «ген», қазақша «тек» деген ғылымның барын білесің бе? Сол ғылым ата-бабаңның бірінде болған қасиет тек қуалай келіп, соңғы бір буыннан шыға келуі хақ дейді және ол Ана тілі араласқанда ғана жарыққа шығарту болу керек» деген екен. Міне, осы мысалдың өзі-ақ Ұлттық текті сіңіру, оны тану, ұлттық бірегейлікті сақтау және дамыту Ана тілі арқылы жүзеге асатынын көкірекке айқын білеміз.

Шыны керек, қала мектептеріндегі бастауыш сыныптардың шәкірттерін тілді қадірлеуге, құрметтеуге, тереңірек меңгеруге, оның қасиетін тануға ынтықтыру жұмыстары оңай шаруа емес. Өйткені біз тек баланы ғана емес, оның тілді игеріп-тануына ынта-ықылас танытпайтын кейбір ата-аналарды да тәрбиелеуге мәжбүр боламыз. Міне, жоғарыда келтірілген Қаныш ағаның сөздері мен өмірлік ұстанымдары рухани тұрғыда үлкен өнеге, сілкініс, қамшылау болып саналады. Тіл тәрбиесі мен мәдениетін нығайту жұмыстарында ұлттық руханият әлемінің озық үлгілерін ұтымды пайдалану ұстаздың ізденісіне байланысты, әрине. Жоғарыда айттық, «Рухани жаңғыру» әуелі тек пен тілді танудан ғана серпін алады, ендеше осы бағытқа біз баса көңіл аударып, ден қоюымыз қажет. Тілдік таным, мәдениет дұрыс қойылмаған болса, бағдарламаның өзге бағыттарын сіңімді ету қиындық туғызады. Бұл қазіргі күннің күнделікті тәжірибесінен айқын көрініп отыр.

Бүгінгі күні жалпы білім беру мектептерінде «Өлкетану» курсы жүргізілуде. Отан, Атамекен, Туған жер туралы таным-түсінікті қалыптастыру мен одан ары тереңдету «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жолға қойылған осы курс негізінде орта буын сыныптарда қолға алынуда. Ал бастауыш мектеп базасында өлкенің тарихы, Отан мен Атамекен, Туған жер бағыттары негізінен қосымша білім беру әдістері мен тәсілдері деңгейінде қарастырылады. Бұл енді мұғалімнің жеке ізденісі мен шеберлігіне, жұмыс жоспарына  тікелей байланысты.

Бастауыш мектеп базасында біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан өрбитін өлкетану бағытына қатысты іс-шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Отан, өлке ұғымдарын санаға мықтап бекіту үшін  сөз арқылы түсіндіру жеткіліксіз. Бұл ретті қосымша білімдену мақсатында өлке тарихынан көрнекі түрде мол ақпар, дерек, мәлімет беретін арнайы нысандарға экскурсия, яғни саяхат сабақтарын ұйымдастырудың нәтижесі ұшан теңіз. Қаладағы және қаладан тысқары елдімекендердегі музейлер мен кітапханалар, археологиялық құнды, тарихи маңызды орындар осы ретте зор көмек, мол дерек болып табылады. Әлбетте, сөз арқылы сіңірілген жалаң дәрістен гөрі бала қайсыбір құндылықты көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы да көкірекке түпкілікті байлам жасайды және ол байлам санада мәңгілікке қалары даусыз. Туған жердің, туған өлкенің қайталанбас табиғаты мен қастерлі келбеті, оның қасиетін әйгілейтін рухани-мәдени ерекшеліктері көрнекі ақпарат тұрғысында ұтымды меңгеріледі. Міне, рухани тұрғыда танымды арттырудың қосымша әдіс-тәсілдері – арнайы сабақатар, түйін сабақтар (ауызша әңгімелеу, жазбаша жеткізу, суреттеп көрсету, бейнеге түсіріп таныстыру және т.б.) бастауыш сынып оқушыларының ұлттық бірегейлік пен тұлғалық тұрпат туралы түсінігін тереңдетеді және ынталандырады.

Отансүйгіштік, патриоттық тәрбие дегеніңіздің өзі жоғарыдағы бағыттардың барлығынан көрініс тауып, өріс алады. Жаһандық біте қайнасуға бет алған бүгінгі тұрмыста ұлтжандылық мәселесі бұрынғыдан да зор маңызға ие болып, алдыңғы шепке шығып отыр. Сондықтан да Ұлттық бірегейлік, Тіл мен Мәдениет, Өлкеге деген құрмет ұстанымы патриоттық сана-сезімнің кілтті қағидаттары десек болады. Шәкірттерге отанды сүю жалаң сөзден тұрмайтынын ұғындырудың жолдары сан алуан. Отан деген сөз бен ұғымды жүректе орнықтырудың маңызы неге зор? Бір ғана осы сұрақтың төңірегінде сан алуан пікір тудырып, нақты мысалдарды алға шығара аламыз. «Отанның орны – жүректе!» деген ақын Мұзафар Әлімбайдың қанатты тіркесі адам баласының көп ретте Отанды сүюі сөз жүзінде орнығып, нақты істе кері кетіп жататынын айғақтаса керек. Міне, біз балалар бойына нақты сүйіспеншілікті сіңіре алудың амалдарын қарастырғанымыз, қолға алғанымыз абзал. Ал ол нақты істерге жетелейтін бағыттар мемлекет тарапынан қабылданып, жүзеге асып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрініс тапқан.

Түптеп келсек, бағдарлама – тұлға қалыптастырудың оңтайлы негізі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. ҚР Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы. «Егемен Қазақстан» жалпыұлтық газеті.
  2. М.А.Орманова «Педагогикалық өлкетанудың маңызы». «Молодой ученый» жырналы. 2014 ж.
  3. «Қазақ афорзимдері» жинағы. 2009 ж.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.