Home » эссе » Мамандығым — мақтанышым

Мамандығым — мақтанышым

Султанова Нургайча Зайнешевна
Павлодар қаласының
Әлихан Бөкейхан атындағы
лицей-мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

Кез-келген елдің тұрақтылығы, дамуы мен өркендеуінің ең басты себебі адами капитал болып табылады. Яғни, әр адамның өмірден өз орнын тауып, жеке тұлға ретінде дүниетанымы қалыптасқан, қоғаммен етене араласа алатындай, өмірлік дағдылары мен сыни көзқарасы қалыптасуы керек.

Адам өмір бойы үздіксіз үйрену, даму үстінде болады, ал кез-келген үлкенді-кішілі істі игеру үшін оны үйретер адам керек және сол ұстаздықтың үлкен-кішісі болмайды. Билл Гейтс, Марк Цукербергтер, әрине, жүректеріндегі отымен, ынта-жігерімен Гарвардсыз-ақ өз дегендеріне қол жеткізер, алайда әріп танымаса, қарапайым кітап оқи алмаса, армандарын ешқашан жүзеге асыра алмас па еді? Сол себепті мен, өмірдің қыр-сырын әлі түсінбейтін, бірақ барлығын білуге құштар кішкентай бүлдіршіндердің үлкен, беймәлім өмірге басқан бірінші қадамдарының адал серігі болуға, бастауыш сыныптардың оқытушысы болуға бел будым.

«Ұстаз» дегенде әркімнің ойына ең бірінші «көзіне көзілдірік таққан, қаталдықтың бейнесі» болып елестейтіні белгілі. Бұл – кеңестік заманның қалдығы болар, бәлкім, ал қазіргі ұстаз мәртебесіне деген көзқарас басқаша. Заман өзгерді, соған орай сұраныс та мұғалімнің заманға сай бейімделуін, жаңаруын, ізденуін талап етеді.

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіннің білім әлемінде өзіндік «менінің» қалыптасуына бастауыш сынып оқытушысының рөлі зор. Бастауыш сыныптың мұғалімін мен мынадай қимыл етістіктерімен сипаттар едім: еркелететеді-үйретеді, қызықтырады-үйретеді, тәрбиелейді-тағы үйретеді. Әр бала үшін алғашқы ұстазы білімнің шуағы іспетті, оның нұрына бөленіп өсіп, ер жеткендей болады. Өмірлік тәжірибемде сан шәкірттің естелігі көз алдымда әлі күнге сайрап тұрады. Олардың адам болып, бұл дүниеге кірпіш болып қаланғаны менің де еңбегімнің зая кетпегені деп білемін. Алдымда тағы сол даңғыл жол, маңайымда мөлдірген пәк көздер. Оларға берерім көп,  бірлесе оқимыз, бірге дамимыз. Тек баланың қоршаған ортаны тануға деген құштарлығын, көзіндегі жалынын бір мезетте сөндіріп алмау керектігін білуіміз керек. Біздің мамандығымыздың көтерер жүгі ауыр. «Ұстаның бізі, жақсының сөзі сүйкімді» дегендей ұстаздың ең басты қаруы білімі мен жылуын беруге деген ынтасы мен құштарлығы, өзінің ісін бес саусақтай білетін қалпы, құзыреттілігі болу керек.

Ұстаздық – әлемдегі ең көне де ең ұлы мамандықтардың көшбасшысы. Бастауыш мектеп мұғалімдері жиі еске алынбаса да, ана сүті аузынан кетпеген балаларға ең алғаш қолға қалам ұстатып, әріп үйретіп, шын мәнінде ғаламат әлемнің есіктерін ашып жетектейтін – тап өздері. Ертеңіміз айқын болу үшін бағыт-бағдар көрсетер мамандардың болуы шарт. Үлкен маман болсын, президент болсын, жаңа бизнесмен болсын, барлығы өз жолын партаға отырып бастаған, ал сол партаның алдында әрдайым бірінші ұстазы тұрған.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.