Сагымбаева Бақыт Бейсенғалиқызы
Павлодар қаласының
Әлихан Бөкейхан атындағы
лицей-мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Кез келген мемлекеттің болашағы – бүгінгі жас ұрпақ екені белгілі қағида. Дамыған 50 елдің қатарына енуге мүмкіндік беретін құдіретті күш – білім. Оқушыға білім беру – күрделі мәселе. Оқушыға саналы білім сапалы тәрбие беру үшін түрлі факторларды ескеру керек. Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру. Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір оқушыда сапалы және терең білім мен іскерліктің болуын, олардың шығармашылықпен жұмыс істеуін, ойлауға қабілетті болуын талап етеді. Білім беру саласының алдына қойылған мақсаттарды іске асыруда бірінші кезекте мектеп оқушыларының математикалық сауаттылығын арттыру болып табылады.
Оқушылардың математикалық бағыттағы біліктілігі мазмұнды блоктардың материалдарынан басқа да «математикалық құзыреттілік» даму деңгейімен сипатталады. «Адамның математикалық білімдері, шеберліктері, тәжірибесі мен біліктілігінің үйлесімділігі» математиканы қолданып оқушылардың түрлі проблемаларды сәтті шешу қабілеті «математикалық құзыреттілігі» болып табылады.
«Математика» сөзінің өзі грек тілінде «білім», «ғылым» деген мағынаны білдіреді. Олай болса ежелгі замандардан-ақ математикалық білімді ғылымның жоғары дәрежесі ретінде қабылдаған. Математика – ғылым болмысынан балама ұғымдар. Сондықтан да математика барлық ғылымдардың логикалық негізі – күре тамыры ретінде қарастырылған. Математика сабақтарында оқушылардың ойлау қабілетін дамытатын, әр пәнге деген қызығушылығын арттыратын жұмыс түрі — логикалық есептері. «Логикалық есептер» пәнін жүргізу арқылы оқушылардың білімін тереңдетіп, олардың математикаға деген ынта жігерін арттырып, математикалық қабілетін одан әрі қарай дамыту мақсатын көздейді. Математика сабақтарында ауызша есептеу оқушының логикалық ойлауын дамытады, математикаға қызығушылығын арттырады, тыңдай білуге, байқағыштыққа, шапшаң есептеу дағдыларын қалыптастырады. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытып, әрі пәнге деген қызығушылығын арттыратын жұмыс түрі логикалық ойын есептері.
Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға қойылатын өлшемдер:
* Мазмұнды есептерді талдап шығару.
* Сиқырлы фигуралар.
* Тірек сызба, нұсқалар арқылы есеп өрнектер құрастыру.
* Логикалық есептер шығару.
* Менің есебім ( оқушы шығармашылығы )
Бала бойындағы қабілетті ашу оқушының шығармашылық бағытта дамуына жете мән беру болып табылады. Осы орайда логикалық ойлау қабілетін дамытудың өзіндік іс-әрекетін ұйымдастырудың мынадай түрлерін атауға болады: басқатырғы тапсырма, сиқырлы кесте, сөзжұмбақ құру, шешу, фигураларды өзгерту, құрастыру, логикалық есептер және т.с.с..
Оқушының жоғары көрсеткішке жетуіне логикалық есептерді түсініп шығарудың ықпалы зор.
Логикалық есептеу барысында оқушыларға қойылатын талаптар:
Оқушылардың білуі тиіс: Ауызша есептеу жолдарын;
Тез есептеу әдістері
Логикалық есептерді әртүрлі тәсілдермен түрлендіре шешу әдістерін
Оқушылар меңгеруге тиіс: Логикалық есептерді шешу тәсілдерін
Математикалық тілде сөйлеу машығын
Геометриялық фигураларды ажырату
Математика туралы және онда қолданылатын ойын әдістерін.
Оқушылар жасауға тиіс: Тарихи мағлұматтар жинақтауға;
Логикалық есептерді аналитикалық, графиктік әдістермен шешуді;
Математикалық ойын есептерді шығару тәсілдерін игеруді.
Сандардың бөлінгіштік қасиеттерін білуді.
Пәнаралық біріктіру: Математиканың тарихпен байланысуы
Жұмбақ есептердің әдебиетпен байланысуы
Шырпымен басқатырғыштардың геометриямен байланысы
Математика пәнінде логикалық есептерді тиімді пайдалану арқылы шәкіртіміздің танымдық қызығушылығы арта отырып, шығармашылық әрекеті жоғары деңгейге көтеріледі. Бір кездері кез келген есепті оймен шығаратын балаларды телеарнадан көретінбіз. Бірнеше секундта калькулятордан жылдам есептегеніне таңдай қаққанымыз есімізде. Сөйтсек дарынды балалар арифметика әдісімен оқыған екен. Қазіргі уақытта мен менталды арифметика бағдарламасымен сыныбымдағы оқушыларды ауызша шапшаң есептеуге үйретудемін.
Бүгінде арифметика баланың ойын дамытатын ерекше әдіске айналды. Ойлау дағдысын, ақпаратты жылдам қабылдау мүмкіндігін арттыратын көрінеді. Балалар математикалық тапсырмаларды есепшотпен орындайды. Кейін құралды көзге елестетіп, ойша есептейді. Әдіс он деңгейден тұрады. Сәйкесінше, деңгей жоғарылаған сайын есептер де күрделене түседі. Деректерге сүйенсек, ментальды арифметика 5 мың жыл бұрын пайда болған. Алғаш рет арифметика саласында қытайлықтар жетістікке жеткен. Олар осыдан 5 мың жыл бұрын есепшотты (абакус) ойлап тапқан. Ал ментальды арифметика елімізде білім беру бағдарламасы ретінде 22 жыл бұрын енгізілді. Қазіргі таңда әлемнің Корея, Қытай, Малайзия, Жапония сынды 56 елінде 5 миллионнан астам бала осы әдіспен білім алатын көрінеді.
Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Педагогтың шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастырып сабақ өтуі, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Жоғары деңгейде сабақ беретін оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін абыройдың үлкені, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Математика және логика, — 2020 ж. №3
- «Бастау» республикалық математикалық турнирі «Дарын» Астана-2019
- Бастауыш сыныпта оқыту әдістемелері. — 2021ж.
- Наглядное обучение математике как эффективный процесс формирования математических знаний школьников. Дисс… Ярославль, 2013 г. Карпова Т.Н.