Жаркина Камал Кабдоллаевна
Павлодар қаласының
Әлихан Бөкейхан атындағы
лицей-мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Біздің бүгінгі қоғамдық дамудың келбеті барлық салаларда ақпараттық білімденудің артуымен ерекшеленеді. Оқушылардың түрлі құзыреттілігін қалыптастыру барынша маңызға ие болса, соның ішінде ақпараттық құзыреттілікті үйлестіру алдыңғы орынға шығып келеді. Бұл нені білдіреді? Ең алдымен ойға оралатыны – қолданыстағы оқулықтардың қосымша білім алуға деген қажеттілікке жетелейтіні. Оқушы қандайда бір тақырып-тапсырмаға жан-жақты һәм толықққанды дайындалу үшін қосымша ақпарат көздерін белсенді пайдаланады. Ал ақпараттық құзыреттілікті қалыптастыру дегеніміз коммуникативті ақпараттық технологияларға әкеліп жүгіндіреді. Қажетті ақпаратты іздеу және таңдау, талдау және сараптау, сұрыптау және екшеу, өңдеу және ұтымды етіп ұсыну әдеттегі шаруа емес. Бұған арнайы сауаттылық пен талғам қажет. Ал мұндай сауаттылық пен талғам деңгейі әркімнен табыла бере ме? Жоқ. Тасқыны уақыт өткен сайын күшейіп келе жатқан ақпарат көздерінің ұсынған «өнімдерін» қалай екшеу керек, қалай таңдау керек деген мәселе білім мен тәрбие беру сатысында да өзекті мәселеге айналды.
Алдымен «Ақпарат көздері деген не?» деген қарапайым түсінікті қалыптастырып алудың маңызы зор. Бұрын басты ақпарат көздері деп саналатын салалық оқулықтар мен әдебиеттер, мерзімді басылымдар – газет, журнал осы күні екінші қатарға қарай ығысты. Есесіне, мультимедиялық жүйелер арқылы, соның ішінде интернет желісі арқылы таралатын, пайдаланылатын ақпарат көздері алдыңғы қатарға шықты. Газет, журнал, радио, телеарна, интернеттік әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық өмірге жол салатын ақпараттардың жиынтық атауы – Медиа ақпарат. Медиа ақпараттық кеңістіктегі ұсынылып жатқан барлық дүниені қолданысқа лайықты деп айта аламыз ба? Бұған да жоқ деп жауап беруге мәжбүрміз. Өйкені қоғамда жаңа медиа, яғни технологиялық жүйелер арқылы тарайтын ақпаратты дұрыс таңдап, екшеу, қажетін анықтап, іске жарату сауаттылығы ақсап тұр. Ең өкінішітісі сол, бүгінде балабақша тәрбиеленушісінен бастап, мектептің жоғары сыныбының оқушысына дейін қосымша ақпаратты интернет иірімдерінен ғана іздейді. Көркем, салалық әдебиеттерді, мерзімді басылымдарды пайдалану деңгейі күрт төмендеді. Ал интернет кеңістігінен қандайда бір ақпаратты іздеу, алу — танымдық, психологиялық тұрғыдан қосымша қауіп төндіріп отыр. Бұл аса маңызды мәселе және бұған болашақ тұлғаның балабақша жасынан бастап маңыз беруге тиіспіз.
Сәби кезінен смартфон, планшет ұстап өскен қазіргі буын күллі тірлікті тек сол арқылы ғана жүзеге асырады. Балабақша жасында дендеп кірген интернет тәуелділік мектеп қабырғасына барғанда үдей түседі. Бүгінде бастауыш сынып оқушылары ақпараттық технологияларды – смартфон, планшет, компьютер техникаларын оңай үйіріп әкетеді, шеберлікпен пайдаланады. Ал солар арқылы, яғни сол құралдардың интернетке қосылуы арқылы тарап отырған ақпараттарды пайдалануда түрлі жағдайларға тап болады. Өйткені интернет кеңістіктегі ақпаратардың деніне шектеу қойылмаған. Оның үстіне жұмысбасты болып, баланың күнделікті ақпараттарды қайдан алып, қалай пайдаланып, нені қолданып жүргеніне бас ауыртқысы келмейтін ата-аналар да емес. Сонда қайтпек керек? Бұл сауалға жалғыз жауап – медиа сауаттылықты дамыту.
Медиа сауаттылықтың жоқтығынан балалар ақпаратты еш талғаусыз тұтынып отыр. Ақпараттың дұрысы қайсы, бұрысы қайсы, қажетті ақпаратты қайдан және қалай алуға болады, интернет желісі арқылы тарап жатқан жағымсыздықтарға ұрынып қалмаудың жолы қайсы, әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан түрлі фейктерді айналып өтудің жолы қандай, буллинг және кибербуллинг деген не, одан алшақ болудың амалы бар ма деген мәселелер қазіргі күні өте өткір тұр. Осы тектес өткір де өзекті бағыттарға бастауыш мектептен маңыз беру қажеттігі өзінен-өзі туындайды.
Күнделікті тірлік өзі көрсетіп отырғандай, балалардың басым көпшілігі медиа-өнімдерге өзін-өзі тәрбиелеу үшін емес, үнемі ойын-сауық ниетімен ғана жүгінеді. Ал тоқтау қойылмаған, шектеу жасалмаған, еркін қолжетімділікке ие медиа ақпараттың дені балалардың жасына арналмаған. Баланың санасы сынға төтеп бере алмағандықтан және олардың тек еліктеу қабілетіне ғана ие екендігін ескерер болсақ, медиа сауаттылық пен талғам таразысының жоқтығынан орасан зор психологиялық зиян келіп жатқанын аңғарамыз. Ал мұның өзі түптеп келгенде адамгершілігі жоғары, жан-жақты сауатты тұлғаны дамытудың мүмкіндігіне тежеу салады. Міне, осының барлығы бізді медиа білімге маңыз беруге, медиа сауаттылықты және медиа-құзыреттілікті қалыптастыруға жетелеп отыр. Бұл – бүгінгі өмірдің талаптарын туындаған қажеттілік. Сондықтан да біз тұрақты түрде әрі мақсатты тұрғыда медиа білім беруден еш айналып кете алмаймыз. Әрі бұл үрдіс қауымдасқан түрде – мектеп, мұғалім, ата-ана және қоғамдық орта – жүзеге асса ғана нәтиже беретінін естен шығармауымыз қажет.
Бастауыш мектепте сіңірілетін Медиа білімнің, сауаттылықтың басты міндеттері ретінде төмендегілерді атауға болады:
— оқушыларды медиа, ақпарат, ақпарат тарату құралдары деген ұғымдармен таныстыру;
— медиа өнімдердің негізгі түрлерін ажырата білуге баулу;
— медиа ақпараттарды іздеу, таңдау, талдау, сараптау, өңдеу бойынша бастапқы дағдыларды орнықтыру;
— медиа өнімдерді – мәтінді, фотосуреттерді, бейнені, аудиожазбаны қабылдау, пайдалану, сұрыптау, өңдеу туралы бастапқы білім дағдыларын қалыптастыру;
— интернет кеңістік, әлеуметтік желілер туралы түсінік беру;
— әлеуметтік желілердің түрлері, оқушылардың қолданысындағы әлеуметтік желілердің өзіндік сипат-ерекшеліктері туралы танымды тереңдету;
— оқушылардың пайдалануындағы желілерде аккаунт жүргізудің өзіндік талаптары мен ерекшеліктерін айқындау;
— әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарды (парақшаларды) дұрыс, талғамды жүргізу дағдысы — мәтін дайындау, фото, аудио, бейне ақпаратты салу сауаттылығы мен шеберлігі;
— мектептегі тапсырмаларға сәйкес қосымша білім ақпараттарын алудың өзіндік талаптары мен бағдарын үйрету;
— жалған, адастырушы, алдаушы, яғни фейк ақпараттарды тани білу, олардан аулақ болу мәселелерін тарқата түсіндіру;
— әлеуметтік желілерде жекелей немесе топтық қарым-қатынас жасаудың мәдениетін сақтау;
— кез келген медиа өнімге қатысты сыни ойлау, екшеу, талғау қабілетін дамыту;
— қабылдау, түйсіну, түсіндіру қабілеті қалыптасқан сауатты көрермен мен тыңдаушыны тәрбиелеу;
— ақпараттық кеңістікте, соның ішінде әлеуметтік желілерде өзін-өзі көрсетудің түрлі тәсілдерін үйрету және шығармашылық қабілеттерін дамыту;
— кино, мультипликация өнімдерін өз жас ерекшеліктеріне сай таңдай білуге баулу;
— интернет ойындардың тәрбие мен танымға ықпал етететін, ақыл-білім, ой-өріс, қабілетті дамытуға себеп болатын түрлеріне жүгіндіру;
— қазіргі уақытта күн өткен сайын үлкен сұранысқа ие болып отырған Мобилография ұғымына жетелеу, бастапқы дайындықты сіңіру.
Міне, жоғарыда аталған бағыттарды бастауыш сынып оқушыларымен ауық-ауық қарастырып, нақты мысалдар арқылы тәжірибе жасай отырып меңгерту нәтиже беретін еді.
Қазіргі уақытта біздің еліміздегі жалпы орта білім беретін мектептерінің орта және жоғары буындарында Медиа сауатттылық курсын енгізуге жол ашылған. Өкінішке қарай, мұның бір жүйеге келтірілген нақты әдістемелік құралы жоқ. Бағдарлама мен қажетті әдістемелік құралдарды, оқу материалдарын мұғалімдер өздерінің ізденсімен іздеп тауып, қолданып келеді. Оның үстіне мұндай курстарды медиа кеңістікте еңбек етіп жүрген мамандардың көмегенсіз де тиімді жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан да ақпарат жасаушы кәсіби мамандармен, ақпаратты таратушы құралдармен тығыз байланыста болудың маңызы зор.
Сайып келгенде, толассыз ақпаратты талғаммен тұтынуды бастауыш мектептен бастап үйретуге бүгінгі өмірдің қатаң талаптарының өзі жетелеп отырғанын түсіне білсек, ұтарымыз мол.
«Балаға тоқта деген сөзді дер кезінде айтпаса, кейін тым кеш болады», «Баланың сотқары (тәрбиесіз, мәдениетсіз) пәленің шоқпары» деген ұлттық қағидаларымыздың еш көнермейтінін осыдан-ақ аңғаруға әбден болады. Ал осы күні жеткіншектер арасындағы жағымсыз қылық та, мәдениетсіздік те, жүгенсіздік те тек интернеттегі ақпараттардан жұғысты болуда.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Медиа және ақпараттық сауаттылық бойынша мұғалімдерге арналған ресурстық кітап» Иманқұлов М., Усупбаева А., Текімбаева А., Данилова Н., Штурхетский С. Кожобекова Б., 2018.
- «Медиа және ақпараттық сауаттылық», оқытушыларға арналған көмекші құрал. Авторлары — Кэролайн Уилсон, Алтон Гриззл, Рамон Туазон, Кваме Акьемпонг; Чи-Ким Чун. Орыс тілінен аударғандар: саяси ғылымдарының докторы, профессор Г. Сұлтанбаева; журналистика магистрі, аға оқытушы Б. Әліқожа. Алматы, «Қазақ университеті», 2018 ж.