Шабажанова Динара Каллиаскаровна
Павлодар қаласының
Әлихан Бөкейхан атындағы
лицей-мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Реформа (лат. reformate — қайта құру, жаңғырту) – өмір сүріп отырған әлеуметтік құрылымды сақтап, кейбір институттарды қайта құру, өзгерту. Ал білім саласындағы реформа білім беру үдерісінде қолданылатын жаңа енгізулермен байланыстырылады. Мектептегі білім реформасы бұл тікелей білім беру жүйесі мен оның нормаларының өзгеруін қарастырады. Білім беру саласында реформа ұғымымен қатар модернизация (жаңарту, жаңғырту) түсінігі қатар жүреді. Модернизация — бұл заман талаптарына сәйкес жүргізілетін өзгерістер. Әлемде пәлсапаға айналған мынадай бір қағидат бар: әр адам баласы маңызды үш міндетті шешу керек. Алдымен, өткен ұрпақтың тәжірибесін зерттеп, зерделеп, игеру, екіншісі — сол жинақтаған тәжірибені өзіңнің біліміңмен, ақыл-парасатыңмен жинақтап, толықтыру, үшіншісі — сол жинақтаған тәжірибеңді болашақ ұрпаққа беріп кету. Білім саласындағы болып жатқан өзгерістер мен жаңарулардың барлығының ұстанған бағыты осы пәлсапа идеясында жатыр. Өткенді игеру, жаңаны меңгеру, барыңды болашаққа табыстау. Бұл әсіресе, біздің ғасырымызда, технологияның қарқынды дамыған кезінде аса үлкен маңызға ие болады.
ХХІ ғасыр — технология ғасыры. Ақпараттар ағыны бізден асқан ұшқырлықты, шапшаң шешім мен ұтқыр нәтижені талап етіп отыр. Бірақ шешім қабылдар алдында асқан жауапкершілік пен көрегендік көрсете білу керек. Өткенді саралай отырып, тиімділігі мен қиындықтарын таразылау, соның нәтижесінде жүйені жаңғырту – бүгінгі қазақстандық білім саласының алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі. Бүгінгі күні біздің білім саласының алдында тұрған маңызды мәселе — 12 жылдық білім беру жүйесін енгізу. Бұл дегеніңіз — 11 жылға тағы бір жыл қосып ұзарту емес, кеңейтілген оқу бағдарламасы арқылы тұлғалық құзыреттілікке бағдарланған, нәтижелерге негізделген білім беру моделін құра отырып, бәсекеге қабілетті оқу жүйесін түзу.
Әлемдік білім кеңістігінде 12 жылдық тіпті 13 жылдық білім беру жүйелері қалыптасқан. Франция, Италия, Испания, т.б. Еуропа мемлекеттерінде, АҚШ-та 12 жылдық, Ұлыбритания, Германия сияқты бірқатар мемлекеттерде 13 жылдық білім беру жүйесі жұмыс жасайды. 12 жылдық білім беру моделін АҚШ мектептері жағдайында қарастыратын болсақ, мұнда білім беру сатысы 6+3+3 құрылымынан тұрады. Ең басты ерекшелігі ретінде мектептерде бірыңғай талап қоятын оқу стандарттарының болмауын айтар едім. Білім берудің барлық сатысында бірыңғай оқу жоспарлары, бағдарлама, оқулықтар қарастырылмаған. Әрбір ірі оқу округі оқу мерзіміне байланысты өздерінің ұсынымдарын әзірлейді, жекелеген пәндер бойынша бағдарламалар жасап, әрбір тақырыпты егжей-тегжейлі жоспарлайды. Бастауыш мектептегі оқу сағатының шектік көлемі 27 сағатты құраса, толық емес жоғары сыныпта 29 сағаттан тұрады. Американдық білім беру жүйесі 6 мақсатты бағытта жұмыс істейді. Білім беру жүйесі тұлғаға білім беруді көздемейді, әрбір орта мектеп бітіруші түлекті заманауи экономикада тиімді жұмыс істеуіне немесе білімін ары қарай жалғастыруға қажетті дайындыққа кепіл беруі тиіс. Ал әрбір ересек адам әлемдік экономиканы түсінуге, азаматтық борышы мен өзінің құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін білім алуы тиіс деп көрсетілген. 13 жылдық білім беру жүйесі қалыптасқан Ұлыбританияда орта мектептің төрт түрі бар. Кешенді, гуманитарлық, орта білім беретін және қалалық технологиялық колледждер. Ерекше дарынды балалар қалалық технологиялық колледждерде білім алады. Ұлыбританияда заманауи мектептерде оқу бағдарламасының бірнеше түрі бар. Мәселен, білім беру курсы, арнайы курс, интеграцияланған бағдарламалар. Білім беру курсы білім мазмұнының негізгі діңі болып табылады. Білім беру курсының құрамына енетін пәндер барлық оқушылар үшін міндетті болып саналады. Ұлыбританияда гуманитарлық білім берумен қатар жаратылыстану-ғылыми пәндерін оқытуға басымдық берілген. Әсіресе жаратылыстану-ғылыми топтамасындағы пәндер мазмұнын жаңғырту, қолданбалылығын күшейтіп, бұл оқу курстарын гуманизациялауды жүзеге асыру қарқынды іске асуда.
Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс. ҚР-да білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім беру үдерісінде дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде тұлғаның табысты болуын қамтамасыз ететін, білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру міндеті жүктелген болатын. Қазақстандық мектептерде 12 жылдық білім беру моделі құрастырылып, сынақтан өткізіліп жатыр. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін дамыту мақсатында АКТ, сындарлы оқыту, сыни тұрғыдан оқыту, электронды оқыту, тағы басқа бағыттар бойынша біліктілік арттыру курстары жүйелі ұйымдастырылып, кезең-кезеңмен өткізілуде. Мектептердің оқу-материалдық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп, орта мектепті бірегей жоба Назарбаев Интеллектуалды мектептері деңгейіне жеткізу міндеттері нақтыланды. Бүгінгі өзгерістер біздің қоғамның талаптары мен мүддесінен шығу мақсатында жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі өсуі керек. Ол үшін тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс, тиімді тәсіл, нәтижелі тәжірибе керек.
XXI ғасыр дамыған елдердің төрінен ойып тұрып орын алу үшін, Қазақстанның алға дамуына бірден-бір жол – ғылымның дамуы, жас ұрпаққа ғылымның қыр-сырын меңгерту — уақыт талабы. Осыған орай білім беру жүйесін қайта қарау қажеттілгі туындап отыр.
Оқушылардың алған білімдерін бағалау әлемде PISA (Program for International Student Assessment) халықаралық бағдарламаның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) арқылы іске асады. Зерттеу көрсетіп отырғандай, оқушылар игерген білімдерін, кез келген ортада қолдана алмайды.
Ғылыми-жаратылыстану мен математика бағыты бойынша білім беру сапасын бағалау ТIMSS халықаралық зерттеулеріне негізделіп, халықаралық қауымдастық іске асырады. Зерттеудің басты мақсаты- бастауыш және негізгі мектептегі математикалық жаратылыстану білім беру сапасын салыстырмалы түрде бағалау.[1]
Жаһанданудағы аса ірі мемлекеттердің білім беру саласындағы тәжірибесі айтарлықтай қызығушылық тудыруда. Әртүрлі мемлекеттердің білім беру жүйесіндегі жеткен жетістіктеріне салыстырмалы сараптамалық талдау жасауға болады.
Білім беруді басқарудағы бірізділік жүйенің болмауы, білім беру бөлімдерінде мамандар санының жетіспеуі білім беруді басқарудың тиімділігіне кері әсер тигізетіні сөзсіз. Дүние жүзінің кез келген мемлекеттерінің білім беру жүйесінде өзіндік айырмашылық, ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, ТМД елдері әлем кеңістігіндегі білім сапасына жақындау жолына белсене күш салады. ТМД елдерінің ішіндегі Қазақстанмен көршілес және білім құрылымдары өзара ұқсас мемлекеттердің бірі – Ресей Федерациясы. Қазіргі таңда Ресейде әртүрлі ғылыми ұжымдармен білім стандарттары жетістіктерін бағалау жолдары құрылып отыр. Осы жолдарды саралауда оқушыларды аттестациялау үшін пайдалану, сонымен қатар білім мекемелерінде білім сапасын бағалау жүйесін құру үшін перспективалық бағалау міндеті белгіленді. Бұл ұстанымдар білім берудегі өзіндік ерекшелігімен айқындалады.
Жапон елінің білім беру жүйесінің өзіндік ерешеліктері бар. Жапон еліндегі балаларды қандайда бір қиындықты шешуге бала жастан дайындайды. Ол елдің балалары білім алу қабілетіне байланысты өзінің орнын табады. Егер мектеп кезінде білім деңгейін жоғары көрсететін болса, ол мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқиды және қызметке орналасуына мүмкіндік алады. Оқу деңгейі керісінше төмендеу болса, жеке меншік ақылы оқиды бірақ та бітіргенен кейін мемлекеттік жұмысқа тұруға мүмкінгі жоқ. Сондықтан олардың өміріне емтихан тікелей әсер етіп, қоғамдағы орнын анықтап, нақтылайды. Кішкентай кездерінен бөлініп, бәсекелестікке ерте жасынан баулиды. Білім беру мен тәрбиелеудегі негізгі саясат — ерекше ойлай алатын, жан дүниесі рухани бай тұлға тәрбиелеу. Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – келешек ұрпаққа дәстүрлері мен мәдениетін қатар ұстайтын тұлға қалыптастыру. Осы елде мектепке дейінгі білімге баса назар аударады, өзара достық қарым-қатынастың дамуына, топта жұмыс жасау құндылықтарын меңгерту маңыздылығы байқалады. Сондай-ақ отбасылық тәрбиеге де жете назар аударылған. Орта буын мен кіші буында ұжымдық тәртіп сақталған, топ құрамы 7-8 баладан аспауы керек. Ұжымда жұмыс жасау арқылы өз идеяларын, көзқарастарын ұсынуға, талқылауға талдауға, сұрақтар болса, ол жеке оқушыға емес, топпен бірлесіп шешуге жағдай жасалған. Топ ішінде бір-бірінің пкірлерімен санасу, оларды тыңдай білу, өзін жан-жақты көрсете білу дағдыларын ерте жастан дамытқан. Оларда сорбон құралы пайдаланады, ол ойша есептеуге шығармашылық қабілеттерінің өсуіне ықпал етеді. Жапон мектептерінде оқушыларының дене тәрбиесінің, үстел теннисінің, әскери қимылдардың, жеңіл атлетиканы меңгертеді. Мектепте білім алу уақыты -12 жыл, өз тілдерінің қиындығына байланысты, бастауыш сыныпта 1850 иероглиф білу көзделеді. Кіші, орта буындардарға арналып жасалған бағдарлама негізі – күнделікті өмірде өзін-өзі реттей алуға, адамдарға, жан-жануарларға, табиғат анаға қамқорлық жасауға, әсемдікті сезіне білу және қоғамның алға жылжуына кішкентай да болса өз үлестерін қосу қабілет дағдыларына назар аударылады. Жоғары сыныптарда оқуға түсуге арнайы дайындайды. Еңбекпен тәрбиелеуге көңіл бөлініп, іскерлік қабілеттері бағаланады.
Менің пайыдауымша, жапон халқы оқу-тәрбиесінде оқушыларды рухани бай, салауатты өмір салтын ұстанатын, дәстүрі мен мәдениетін тең игеруге бағытталған. 1850 ироглиф өте күрделі, баланың қабылдауы қиынға соғатыны көрініп тұр, сондықтан көбінесе іс-әрекетерінде нақтылық болғанмен жаттандылыққа бой алдыратындығы көрінді.
Финляндия елінің білім беру жүйесі әлемдегі үздіктер сатысында. Бұл елдің тарихына тоқталсақ PISA зерттеулер сараптамасы бойынша алдыңғы қатардан көрінеді. Бұл елдің білім беру жүйесі – білімнің табыстылғына, оқушының кез келген ортада бейімделуіне байланысты құрылған. Қазіргі заманға сай елдің экономикасының алға жылжуына бірден-бір шешім білім беру жүйесінің дұрыс құрылуы деп есептейді. Білім беру ол балабақшадан бастау алады деген. Балабақшадағы баланың мектепке қиындық келтірмей көшіру қадамдары дұрыс ұйымдастырылған. Барлық сыныптарда біркелкі тұтастық жүйесі бар, негізігі сыныпты аяқтаса да емтихан тапсырмайды. Мектеп бітіргеннен кейін бір реттік матрикулляциондық емтиханнан өтеді. Мектептегі әр оқушының әлеуметтік шығыстарын мемлекет өз мойынына алған. Фнляндияда мектептеріндегі басты қағида – сенімділік. Ол оқушыға – мұғалімге – мектепке деген сенімділік. Осы мемлекеттегі әрбір мұғалім қоғам алдында бағаланатынын түсінеді. Халықаралық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей паралелль оқытудан бас тартып, мектепке көшулері білім сапасының көрсеткішін жоғары деңгейге жеткенін аңғартып отыр. Білім саясатындағы педагогикадағы өзгерістер білім сапасынның артуына оң нәтижесін берді.
PISA қорытындысы бойынша математика — жаратылыстану бағыты бойынша білім сапасы айтарлықтай жоғары. Реформа принциптерінің бірі дамытуға бағытталған білім беру мазмұны, құрылым жүйесінің тең құқықтылығы, қоғамда тәрбиеде тең құқықтылығын өрбітеді. Үздіксіз білім берудің біртұтастық жүйесі келесі жоғары сыныпқа өтуіне еш қиындық тудырмайды. Оқушыларға қандай да мәселелерді қиындықсыз шешудің оңтайлы жолдарын ұсынады. Кез келген мәселенің алдын алуға, түзетуге, өз күшіне сенуіне оқуға деген қабілет-ынтасын арттыру арқылы табысқа жетуіне қолайы ортаны қалыптастырады. Мұғалім әр сабағының мақсатының оқушылар үшін маңыздылығын түсінеді, олардың алға ұмтылуларын бақылай отырып, жас ерекшеліктерін ескереді, қателеріне түзету жұмыстарын енгізе отырып, оның білімге деген құштарлығын арттырып әр оқушымен кері байланыс жүргізудің тиімділігі қарастырылған. Мектеп бітіруші түлектердің білімін тексерудің бірыңғай жүйесі сақталмаған. Мектептер осыған көңіл аудармастан білім сапасының ерікті бағалауға қатысатыны байқалды. Арнайы талдау аймақтық, әлеуметтік, экономикалық, жыныстық критерийлер бойынша жүзеге асады. Бес жылда бір рет сапа тексеріледі. Әр жыл сайын математика ағылшын тілі, физика пәндерінің бағалауы ауысып келіп отырады. Әрбір мектептің сапасы тексерілгеннен кейін ол құпия түрінде сақталып, тек өз мектептеріне ескертіліп айтылады. Барлық мектептердің орташа сапасы жарияланады. Мектептердің білім сапасын анықтау үшін нақты тапсырмалар берледі, осыған байланысты әр мұғаліммен кері байланыс орнатады. Барлығына біртұтастық талабы қойылады, оқу жетістігінің бірізділігі барлығының жоғарғы деңгейге жету талабы нақтыланады. [2]
Қазақстандағы білім беру жүйесі мен Финляндияның білім беру жүйесінің ұқсастықтары білім алу сәби шағы яғни балабақшадан бастау алатындығында, мектепке, мұғалімге, оқушыға сенімділік принциппен жүргізілетіндігінде, білім алуда оқушының жетістікке жетуіне жағдай жасауларында. Сондай-ақ әлеуметтік тең құқылы барлығына білім мен тәрбие тең дәрежеде берілетіндігінде. Америка, Жапония, Финляндия, Италия, Испания, Англия мемлекеттеріндегі білім алу ерте жастан ерекше яғни балабақшадан бастау алады. Әлем елдерінің барлығының білім беру жүйесінің ұстанымы – өткенді игерту, жаңаны меңгерту, барыңды болашаққа табыстау қағидасына негізделген.
Дүние жүзіндегі орта, жалпы білім беру мынандай бағыттарда іске асырылатыны айқындалды:
- Барлық оқушы жастарға біртұтастық білім беру; білімнің ашықтығы, барлығына тең дәрежеде білім беру көзделеді.
- Оқу бағдарламалары жеке тұлғаның қызығушылық талаптарын қанағаттандыруға, іскерлігін дамытуға, жоғары сапаға бағытталған оқу үдерісін ұйымдастырады.
- Оқушының әлеуметтік жағдайына, жынысына қоғамдық мәртебесіне ұлтына қарамастан барынша қабілет дағдыларын дамытуға жағдай жасайды.
- Жастардың игерген білімдерін кез келген жағдайда қолдана білуге бағытталған.
Республикамызда мектеп мұғалімдерінің білім-біліктілігін арттыруда 3 деңгейлі курстар өткізілуде. Бұл бағдарламаның мақсаты – оқушылар білімді қалай алу керектігін алған білімдерін дәлелдемелер, дәйектемелерге сүйене отыра, нақты жеткізу, жазбаша, ауызша ойын еркін жеткізе алатын қазақ, орыс ағылшын тілдерін меңгерген бәсекеге төтеп бере алатын, алған білімдерін кез келген жағдайда қолдана алатын жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Қазіргі көш ілгері дамыған заманда өзіне сенімді, өзіндік көзқарасы бар, сандық технологияларды еркін қолдана алатын тұлға болуы тиіс.
Оқытудағы басты қағида – ойлау дағдысын дамыту болып табылады. Оқыту үдерісін жүйелі жүргізіп, көшбасшылық жасайтын мұғалім, сондықтан да бұл бағдарлама мұғалімге бағытталған. Мектеп өміріне өзгерістерді енгізетін — бағдаламаны толық игерген көшбасшы мұғалімдер болып табылады.
Көшбасшы ол кім? Ол үш деңгейлі курстың бірінші деңгей бағдарламасының теориялық білімімен қаруланған, шешім қабылдап, табанды шара қолданатындығымен ерекшеленеді.[2]
Біздің мектебіміз — қала, қала берді облыс көлемінде тәуелсіздіктің 20 жылының ішінде салынған жаңа инновациялық бағыттағы мектептердің бірі. Мектепке облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі қонақтар, аудандардан, ауылдардан мектебімізбен, даму жоспарымен танысуға мұғалімдер көптеп келіп жатады. Мұндай мектепте жұмыс істеу мақтаныш қана емес, белгілі бір дәрежеде жауапкершілікті, үнемі ізденісті қажет етеді.
Тәжірибе барысында мектебімнің даму бағытының бастапқы жағдайын анықтау міндеті тұрды. Одан әрі қарыштап дамып келе жатқанына қарамастан, мектемізге өзгеріс енгізу қажеттілігі байқалады. Өзгеріс енгізу үшін алдыма мынандай міндеттерді саралап алдым.
- мектептің даму жоспарын ұсыныс жасау арқылы өзгерту;
- жұмыстарымның қадамдарын жоспарлау;
- мүдделі топ құру;
- көшбасшылық жасау;
- тәлімгерлік ету;
- желілік қоғамдастық құру;
Осы міндеттерім айқындалғаннан кейін, әкімшілікпен дөңгелек үстел барысында кездесу, мектеп мұғалімдерінен, оқушылардан, ата-аналардан сауалнамалар алынып, көзқарастарымен, пікірлерін, ұсыныстарын дәлелдеме ретінде жинақтадым. Бұл жұмысыма үлкен дайындықпен, аса жауапкершілікпен белсене кірісіп кеттім. Осы жұмыстарды ұйымдастыру барысында мектеп әкімшілігінен, үшінші деңейлі, екінші деңгейлі әріптестерімнен қолдауы маған күш-қуат беріп жұмысымның алға жылжуына серпін берді. Курс бағдарламасын толыққанды игерген, мүдделі топпен, ынталанушы әріптестеріммен бірлескен желілік қоғамдастық құрып, жұмыс жоспарын айқындадық. Тәжірбие кезінде тапсырмаларды талдау, сұрыптау барысында зерттеуде кездескен қиындықтарды айқындауда қоғамдастық жұмысының тиімділігі байқалды. Мысалы кейбір ұстаздарымыз қалыптасқан көзқарастары мен ұстанымдарын өзгертіп, жаңалықты қабылдауларына, жаңашылдыққа бет бұруларына арналған жұмыс жопарымның жүйелілігі, тиімділгі ұтымды болды. Әріптестер тарапынан қолдау тапқандықтан бұл бағдарлама жақсы қабылданды. Мектеп директоры да біздің жасаған ұсыныстарымызды оң қабылдап, бірлесе жұмыс жасауға ықылас танытты. Ендігі қадам – сол өзгерістерді белсенді оқу-тәрбие үдерісіне енгізіп, нәтижеге жету арқылы тәжірибе жинақтау.
Пайдаланылған әдебиеттер.
- А.Құсайнов «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» 27-28 б.
- Бұзайбақов К.Ж.Иновациялық педагогика негіздері. Оқу құралы.Алматы: «Білім», 2009.
- «Назарбаев Зияткерлік метептері» ДББҰ Педагоникалық шеберлік орталығы, 2014