Home » Мақалалар » Бастауыш сынып оқушыларын жаңа форматта бағалаудың әдіс-тәсілдері

Бастауыш сынып оқушыларын жаңа форматта бағалаудың әдіс-тәсілдері

Шахманова Рсты Капсаттаровна
Павлодар қаласының
Әлихан Бөкейхан атындағы
лицей-мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі 

Мақсатқа жету мүмкін болмаса, мақсатыңды емес, әдісіңді өзгерт.
Конфуций

Мұғалімдердің алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру. Бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде. Бұлар оқушының жеке қасиетін аша отырып, оқушының танымдық күшін қалыптастыру және білімін кеңейтуге, тереңдетуге жағдай жасайды.

Ұстаз болу үшін ең басты мәселе – оқыту әдісін дұрыс таңдау.                                                                                        Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойының дамуында басты рөл атқарады. Қазіргі кезде білім мен техниканың даму деңгейі әрбір оқушыға сапалы және терең білім беруіне жағдай жасап отыр.

Жаңа технологияларды сабақта қолданудың тиімділігі қашан да анық. Қазіргі кезде білім беру үрдісінде көптеген технологиялар қолданылады. Соның бірі «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясын басшылыққа алдым. Бұл бағдарламаның мені қызықтырғаны, баланың өзі ізденіп, дәлелдеуі. Ол бұрын тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойлаушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», — деген сөзі ізденімпаз, жаңашыл ұстаздарға арналғандай.

Оқушы тақырыпты қаншалықты деңгейде меңгергенін ұғады. Егер білімді тексермесе, онда оқушы өз білімін терең, жан-жақты және дұрыс бағалай алмайды. Оқушы баға алған соң өзінің мектептегі, үйдегі жұмыстарын жетілдіруге, жақсы сапаларын дамытуға, білім, іскерлік, дағдыларындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік алады.

Білім, іскерлік және дағдыларды тексеру және бағалау тәрбиеге де ықпал етеді. Оқушылардың өз оқулары, табысы, сәтсіздіктері туралы ой-пікірлері қалыптасып, қиындықты жеңуге ұмтылады. Баға оқушының өзі туралы ойына қозғау салады. Қалыптастырушы бағалау технологиясын қолдану педагог пен баланың арасындағы кері байланыс, бұл – оқушының білім деңгейінің көтерілуіне ықпал етеді. Оқушы өзін бақылап, өзінің әрекет-тәсілдерін таңдайды, нәтижелерін өзі бағалайды, оны мұғалім жалғастырады. Осылайша бала мақсат қоя білу, күтілетін нәтижені жоспарлау, оны бағалау тәжірибесін жинақтау арқылы өзінің түйінді құзыреттіліктерін қалыптастырады.

Кері байланыстың қай түрі болмасын, нені жақсы орындағанын белгілеп отыруы, қателіктер болған жағдайда мұғалім оқушының жұмысын жақсартуға байланысты нақты ұсыныстар беруі керек.

Қалыптастырушы бағалаудың маңызды компоненттерінің тағы бір түрі – өзін-өзі бағалау және өзара бағалау. Өзін-өзі бағалау – өзіне-өзі баға қою деген сөз емес, бірақ бағалау қызметімен байланысты бағалау әрекетінің бір түрі.

Өзін-өзі бағалаудың алгоритмі мынадай:

1) Тапсырманы орындауда нені жасау қажет?

2) Тапсырманың барлығын дұрыс орындады ма, әлде қателіктер жіберді ме?

3) Оқушы тапсырманы толығымен жеке орындады ма, әлде біреудің көмегіне сүйенді ме ?

4) Тапсырманы орындау барысында қандай біліктіліктер дамыды?

«Бағалау» термині жақын отыру дегенді білдіретін латын сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады. Бағалауды өткізу үшін оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын, сонымен қатар олар қандай қиындықтармен кездесуі мүмкін екендігін анықтау. [ 2, 56]

Қазіргі бағалау түрлі нысанда, түсінікті, психологиялық тұрғыдан жайлы, екі құрамды: жиынтық және формативті болуы керек.

Жиынтық бағалаудың немесе оқытуды бағалаудың мақсаты оқушы қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. Оны мұғалім тест, емтихан т.б. түрде өткізіп, өзі бағалайды.

Формативті бағалау үшін не қажет?

— Оқушылардың оқудың мақсатын білуі және түсінуі; Мақсат кең және сұрақ түрінде тұжырымдалу керек. Бала қандай нәтижеге келетінін толық білу керек. Нәтижелер нақты, бақыланатын, өлшемді мақсатқа жауап беру керек.

— Оқушылармен тиімді кері байланысты қамтамасыз ету; Кері байланыс оқушылар мен мұғалімдерге жетістіктер мен даму туралы хабарлама беру болып табылады. Мұғалім бала дұрыс жауап беру үшін оған уақыт беру керек. Егерде бала қателессе, жетекші сұрақтар қойып, баланы өзі дұрыс жауап табуға бағыттайды.

Кері байланыс көбінесе уәж болып табылады және де ол мұғалім мен оқушының арасында сенім мен сыйластық орнатады. Сөйтіп мұғалім әр оқушының нені біліп, нені ойлап, қалай оқитыны туралы неғұрлым көп білсе, соғұрлым оқушылардың жетістіктерін арттыру мен өзінің оқытуын жетілдіруге мүмкіндік көп.

— Оқушылардың өзіндік оқуға белсенді қатысуы; «Оқу түбі тоқу» дегендей оқушы алған білімін қолдана білуі керек. Сондай-ақ түрлендіру, дамыту, толықтыру керек. Әртүрлі қалып пен мәнмәтінде қарастыра білу керек.

Оқушылардың өздерін өздері бағалай алуы және өздерінің оқуын қалай жақсартуға болатындығын түсіну қажеттілігі; Бағалау үдерісін шынайы және бәріне түсінікті болу үшін бағалау критерийлерін құру керек.

— Бағалау нәтижелерін ескере отырып, оқытуды өзгерту.
Бағалау оқытудың құрамдас бөлігі және қорытындылау сатысы. Формативті бағалауды пайдалану тиімді оқытудың негізі болып табылады. Себебі, бағалау оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру жолдарына елеулі әсер етеді.

Бастауыш сынып оқушылары болғандықтан алдымен «Екі жұлдыз, бір тілек» арқылы бағалаудан бастадым. Мұндағы мақсатым – өзгені бағалау арқылы өзінде жоқты табу немесе өзгенің жетістігі арқылы өз кемшілігін тауып, оны түзетуге бағыттау.

Қазіргі мектеп практикасында американдық ғалым Б.Блум таксономиясын қолданылып жүр. Ол – білім және білікті меңгеру деңгейін сипаттайтын белгілер жіктеуі. Бұл таксономия оқушының танымдық және сезімдік өрісін бағалауға бағытталған. Танымдық салада оқу мақсаттары адамның білімді меңгеру және интеллектуалды білік, дағдыны игеру деңгейлерінде қарастырылады. Интеллектуалды білік және дағдыны қалыптастырумен байланысты мақсаттар: түсіну → қолдану → талдау → жинақтау →  бағалау деп жіктеледі.                                                                                                                                   Өзара бағалау оқушыларға кері байланыс беруге көмектеседі, яғни бір-бірінен білім алуға және бір-біріне қолдау көрсетуге, бір-бірімен талқылауға, әңгімелесуге, түсіндіруге және бірін-бірі сынауға мүмкіндік береді. Сапалы өзара бағалау өз жұмысын бағалау сапасын жақсартуға ықпал етеді, нәтижесінде ол оқушылардың бойында өзінің алға дамуы үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталады», делінген.

Баға оқушының кемшіліктерін табу үшін емес, әрі қарай дамуына ықпал ету үшін қойылады. Баға қою бағалаудан туады және де бала келесі балаға баға қоймайды, тек бағалайды. [ 1, 56]

Өзін-өзі бағалау өзін-өзі реттеуге жетелейді. Ұпайларды мектеп бағасына айналдыру шкаласы бойынша есептеп көрсетуге болады.

Оқушылар сұрақтарын қалдырады. Мысалы:

  • Жаңа тақырыпты оқыған кезде не туралы білгіңіз келеді?
  • Білімді бағалау үшін мұғалімнен немесе басқа оқушылардан сұрау.
  • Алдағы уақытта біліміңізді жақсартқыңыз келетін білім/түсінбеу саласын көрсету.

Қабілеттері шамалы оқушыларды «Не» сұрау есімдігін пайдаланып сұрақ қоюға, ал қабілеттері барынша дамыған оқушыларды «Егер де …, не болады?» деген үлгіде сұрақ қоюға ынталандыру.

«Басбармақ». Оқушылардың басбармақтарын көрсету арқылы сіз түсіндіргенді олардың ұғу деңгейін тексеріңіз. Басбармақ жоғарыға қарай = Мен түсінемін. Басбармақ көлденең = Мен түсінгендеймін. Басбармақ төмен қарай = Мен түсінбедім.

«Бағдаршам». Түсінгендікті көрсету үшін бағдаршамның түстерін көрнекі құрал ретінде пайдаланыңыз. Мысалы:

  • Оқушыларда қызыл, жасыл және сары түсті карточкалар бар, оны олар өз парталарына қояды немесе жоғары көтереді (қызыл = түсінбеймін, жасыл = барлығы түсінікті).
  • Оқушылар бағдаршамның түстерін пайдалана отырып, өздерін бағалайды. Мұғалімге көрсетілген бағалауды оқушылардың күнделіктеріне жазуына болады.
  • Сыныптастары бағдаршам түстерінің көмегімен таныстырылымдарды және т.б. бағалайды.

Басында балалардың барлығы жасыл түстіні көрсетуі мүмкін. Содан кейін өз қателерін тауып, дұрысын дәлелдей алмағандар сары немесе қызыл түсті көтеріп жатады.

Бағалаудың өзіндік қиындықтары да байқалып жатады. Басында балалар өздеріне жоғары баға береді. Ол жағдайда оқушыларға бағаның шын болу керектігін айта отырып, яғни шын баға өзінің қаншалықты түсінгенін көрсететінін айтып өткен жөн.  [ 5, 56]

 

Формативті бағалаудың дәстүрлі бағалау жүйесінің артықшылығына сын көзбен қарайтын болсақ:

Оқушының жетістік деңгейін нақты сипаттайды;

Білімге деген ынтасын арттырады;

Баланың өзіне деген сенімділігі артып,  жауапкершілікті сезінеді;

Оқушының өзін-өзі бағалауы дамып, оны тек сабақ барысында ғана емес, кез-келген өмірдегі болып жатқан қайшылықтарға өзіндік бағалау жүргізе алатын тұлға қалыптасады.

Үлгермеушілікті болдырмау үшін оқу материалдарын түсінбеу себептерін анықтау керек. Үлгермеудің негізгі себептерінің бірі жұмыс істеу қабілетінің, ынтаның, зейіннің жоқтығы. Егер бұл сапалар отбасында қалыптаспаса, онда балаға мектепте оқу қиынға түседі.

Екінші себеп – білімнің жүйесіздігі, жауапкершіліктің төмендігі. Оқушы бұрынғы оқу материалдарын түсінбегенін мұғалім уақытында байқамаса, онда оқушының оқуға қабілеті жеткіліксіз болады. Әдетте мұндай оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіліп, оларға кеңес беріледі.

Үшінші себеп – материалдан мәнді белгілерді бөле алмау, негізгі мен негізгі емес мәселелерді ажырата алмау, оқушылардың жаттап оқып, бәрін есте сақтауға тырысуы. Мұндай оқушыларға абстрактілі ойлауларын дамыту үшін талдауға, қорытындылауға жаттығулар беріледі.

Төртінші себеп – пәнге деген қызығушылықтың жоқтығы. Нәтижесінде оқушының зейіні, білімге деген ықыласы төмендейді. Бұл тәжірибесіз мұғалімнің ашу-ызасын туғызып, түрлі дау-жанжалдарға себепші болады. Оқушыларға талап қою, құрметтеу, оқушының жеке тұлғалық сапаларын ескеру, баланы қызықтыру оның оқу жұмысын белсенді етіп, кемшіліктерін түзетуге ықпал етеді.

Бесінші себеп – оқушының отбасындағы қолайсыз жағдай, құрбыларымен тіл табыса алмау, оқушының оқу жұмысын атқара алмауы, «қиын» балаларға еліктеуі.

Үлгермеудің басқа да себептері бар. Ең бастысы – үлгермеу себебін анықтап, жеке жұмыстың жолдарын белгілеу. Мұғалімнің, мектептің міндеті әрбір оқушының жақсы оқуына көмектесу. Баға қою білімді және шеберлікті талап етеді. Баға бала өміріндегі маңызды оқиға. Баға арқылы бала өзі туралы ойын реттеп, сыныптағы беделін анықтайды.

Бұндай олқылықтарды жою үшін оқушылардың сабаққа деген құлшынысы мен қызығушылығын арттыру қажет. Оқушы бойында пәнге деген қызығушылықтың қалыптасуы үшін мұғалімнің өзі пәнді жетік білуі тиіс, өзінің пәнге деген сүйіспеншілігін тәрбие құралы ретінде пайдалана отырып, қоршаған ортаны, жаратылысты танудағы физиканың шексіз көп мүмкіндігін, рөлін ашып көрсетуі керек. Оқушылардың қызығушылығын белсендіру проблемасы көне замандардан бастау алған.

Мысалы, Сократ оқушылардың танымдық қызығушылығын арнайы басқарып отыру қажеттігін айтса, кейінгі Рим философтары бұл идеяларды ілгері дамытты. Кейіннен Я.А.Коменскийдің, И.Г.Пестолоццидің, А.Дистервегтің және т.б. еңбектерінде одан әрі дамытылды, И.Ф.Талызинаның, Т.И. Шамованың зерттеулерінде бұл тақырыпқа ерекше назар аударылды. Пәнаралық байланысты пайдалана отырып, бұрыннан таныс ұғымға оқушыларды қалай қызықтыруға болады? Мысалы: бәйгеге шапқан шабандоз баланың жылдамдығын атпен салыстырғанда 0 км/сағ, айналасындағы заттармен салыстырғанда 40 км/сағ, жердің күнмен салыстырғандағы жылдамдығына байланысты 30 км/сағ тең болады деп түсіндірсек, ол оқушының қызығушылығын туғызады. [ 3, 56]

Сабақты қорыту оқушы үшін жаңалық болуы тиіс. Жүргізген зерттеу немесе ашқан жаңалықтарын қорытындылай отырып, әр балаға өз ойын жеткізе білуге, ортаға салып талдай білуге үйрету керек. Міне, сонда ғана қызықтыру тапсырмалар арқылы сабақ барысында формативті бағалауды дұрыс ұйымдастыру жүргізіледі.   [ 4, 56]

Оқыту процесінде оқушылардың білім, білік, дағдыларын есепке алу, тексеру, бақылау және бағалау оның аса қажет құрамдас бөлігі болып есептелінеді.  Мұғалімнің сабақтар жүйесінде оны дұрыс ұйымдастыра білуі көптеген жағдайда оқу-тәрбие процесінің табысты болуының оң кепілі. Ол үшін, мұғалім оқушының оқу материалын меңгеру дәрежесін, сапасы мен көлемін үнемі анықтап отыруы тиіс. Бұл бағытта оқушылардың, сабақтар жүйесінде білім, білік, дағдыларын есепке алу, тексеру, бақылау және бағалаудың маңызы ерекше. Бақылаудың көмегімен теориялық білімді меңгерудегі сапа, біліктілік пен дағдының қалыптасу дәрежесі анықталады. Осы тұрғыдан білім, білік, дағдыны есепке алу және тексеру мәселесіне теориялық  және практикалық талдау жасаудың маңыздығы ерекше. Оқушылардың білімдерін тексеруді жетілдіру бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Тексерудің тиімділігін арттырып, тексерудің жаңа формалары мен тәсілдерін меңгеру қажеттігіне педагогикалық зерттеулерде айрықша маңыз беріледі. Сабақтың тақырыбы мен мақсатына, оқу материалының мазмұны мен көлеміне, оқушылардың дайындық дәрежесіне сәйкес, сабақтың құрылысы мен тексерудің түрлерін ұдайы толықтырып отыруды мұғалімнің өзі белгілеп, өзі таңдап алады. Бақылау — жаза емес. Бақылау мәдениетті жүруі тиіс. Бақылау процесінде мұғалім оқушыларға ерекше көңіл бөліп, ыстық сезіммен «көмектесейін» деген ниет білдіруі керек. Оқушы бір нәрсені түсінбесе оны ұрыспай, балағаттамай, өрескел мінез танытпай көмектескені жөн. Оқу-тәрбие процесін басқару педагогикалық процесстің тиімділігі мұғалім мен оқушының арасындағы кері байланыстың жеделдігіне, сондай-ақ оқушыларға жасалған реттеуші ықпал әсердің шамасы, сипаты және негізділігіне орайлас келеді.

Қорыта айтқанда, оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту мен қалыптастыру туралы ұғым – оқыту процесінің тиімділігін көтеру мен жетілдірудегі негізгі мәселе

Бүгінгі күн талабы жалпы білім беру жүйесіне, оны оқыту әдістеріне үлкен міндеттер жүктеп отыр. «Ұстазға ұлы жүрек керек» — демекші, мұғалім мамандығын таңдап алған әрбір ұстаз «нағыз ұстаз» атануы үшін парасат-пайымы биік, жүрегі ұлы, жаны таза болуы шарт. Өйткені, сен адам ғұмырының ізін жалғар жеміс-ұрпақ бағбанысың.  Міне, сондықтан да оқытудың соңғы жаңа технологиясын меңгере отырып, адам санасына сәуле түсірем, ұлтына, халқына деген сүйіспеншілігін оятам деген, ұрпақ тәрбиесімен айналысуды алдына мақсат етіп қойған әрбір мұғалім қоғам алдындағы өз міндетін дұрыс сезінуі тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ксензова Г.Ю. Оценочная деятельность учителя. Учебно-методическое пособие. М: Педагогическое общество России, 2000. 121с
  2. Десятибалльная система оценки результатов учебной деятельность учащихся: Инструктивно–метод. материалы /Под.ред. О.Е.Лисейчикова Мн:НИО, 2002.400с.
  3. Педагогика. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М., Алматы-2004, 3-басылымы
  4. Әбенова З. Бастауыш сыныпта оқытудың басты негіздері // Бастауыш     мектеп. – 2003. — № 5. – 18.
  5. Боранбаева З.К. Әдіс-тәсілдер барысындағы оқушының іс — әрекеті // Бастауыш мектеп. – 2000. —  № 12. – 28 – 30.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.