Home » Мақалалар » ЗЕРТТЕУШІЛІК ДАҒДЫНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ БІР ЖОЛЫ – ЖОБАЛАУ ӘДІСІ

ЗЕРТТЕУШІЛІК ДАҒДЫНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ БІР ЖОЛЫ – ЖОБАЛАУ ӘДІСІ

Андия Беисенкулова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ «Жамбыл облысы бойынша
Кәсіби даму институты филиалының аға оқытушысы,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 Қазіргі заманғы оқушыдан тек оқу процесі барысында жекелеген пәндер бойынша алынған білімді ғана емес, бәрінен бұрын шығармашылық зерттеу қызметі барысында алынған тұтас білім мен шынайы өмір тәжірибесі негізінде тұжырымдалған тұтастай дүниені сезіну мен дүниетанымды көптеп талап етеді. Зерттеушілік дағдыларды қалыптастыруда ерекше орынға жобалау әдістері ие, өйткені оның бойында зерттеушілік, ізденушілік, проблемалық әдістердің үйлесімділігі бар. Жобалау әдісі оқушылардың өздігінен әрекет етуіне бағытталған. Олар ол әрекеттерін белгілі бір уақыт аралығында (бір сабақтан бірнеше сабаққа дейін) жеке, жұптасып немесе белгілі бір топта жүзеге асырады.
Жобалау әдісінің негізі — бұл оқу-танымдық әрекеттің нәтижеге бағыттылығы, ол қандай да бір мәселені шешуде жүзеге асырылады. Мұғалім ақпарат көздерін қайдан алуға болатынын ғана айтады немесе оқушы ойына өзіндік жұмыс жасау мақсатында бағыт бере отырып, белгілі бір проблемаға қызығушылық тудырып, жобалап оқыту іс-әрекеті арқылы алған білімін пайдаланып, шешім жолдарын ұғындыруға жетелейді немесе теориядан практикаға жетуге бағыт жасайды. Жобалауға қойылатын негізгі талаптар мыналар:
зерттеу немесе шығармашылық бағыттағы мәні бар мәселелерді таңдау;

  • теориялық білім мен тәжірибелік іс-әрекет жасау белсенділігін көрсететін нәтижелер;
  • оқушының іс-әрекеті;
  • жобаның құрылымы, ондағы кезеңдердің нәтижелері;
  • зерттеу арқылы іс-әрекет жүйесін көрсету.

Жоба әдісі жеке бағдар беру технологиясының бірі. Жобалау әдісінің негізгі мақсаты: оқушылардың танымдық, шығармашылық дағдыларын, өз білімдерін өз бетімен құрастыра білу икемділігін, ақпараттық кеңістікте жөн таба білу іскерлігін, сыни тұрғыдан ойлауын дамыту. Жобалау әдісінің мәні – белгілі бір білім жиынтығына ие болуды болжайтын және жобалау іс-әрекеті арқылы шешімін табуды алдын ала ескеретін мәселелерге деген оқушылардың қызығушылығын ынталандыру, алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдана білу икемділігін, сыни тұрғыдан ойлауды дамыту. Мәселе ойдың мақсатын белгілейді, ал мақсат ойлаудың процесін бақылайды. Жобалау әдісіне тән жетістіктерге мыналарды жатқызуға болады:

-жобалау әдісі оқушыларды оқыту үрдісіне және тілдік қатынасқа белсенді жұмылдыра алуымен ерекшеленеді;

-оқушыны білім алуда, өз ісін ұйымдастыруда жауапкершілікке үйретеді;

-жобамен жұмыс істеу барысында оқушының тілдік дайындығы қалыптасады;

-жобалау әдісі оқушының белсенді түрде өз бетінше ойлауына, жұмыс істеуіне және алған білімін есте сақтауы, тиісті жағдайда қолдана алуына көмектеседі. Сонымен бірге оларды жеке тұлға ретінде қалыптастырады;

-жобаны қорғау кезінде оқушы өз әрекетін ұйымдастырып бағалай алатын жеке тұлға ретінде ғана емес, тілді меңгеруге байланысты өз бойындағы кемшіліктерді жеңуге де үйренеді. Жобалау әдісі — қандай да бір түрде безендірілген, нақты, айтарлықтай тәжірибелік нәтижемен аяқталуы тиіс мәселені толық өңдеу арқылы дидактикалық мақсаттарға жетудің тәсілі. Жоба белгілі бір тақырып бойынша құрастырылады. Ол оқушының қызығушылығына қарай таңдалуы мүмкін.

1-кезең. Дайындық кезеңі. Тақырып таңдау, оны құрастыру, міндеттерін белгілеу, ұйымдастыру, талқылау, жоба мазмұнымен танысу. Мұнда оқытушымен бірге оқушы жобаның тақырыбын, мақсатын анықтайды.

2-кезең. Материал жинау, материалды өңдеу, толықтыру. Оқушылардың жинаған тілдік материалдарын, алғашқы нәтижелерін қорытындылап талқылау, келесі қосымша материалды, жаңа материалды іздестіру. Жоба үй тапсырмасы ретінде материалды қолдана отырып сұхбат жасауға беріледі, лексикалық, грамматикалық материалдар өңделінеді, кесте беріледі.

3- кезең. Сөйлеу кезеңінде алынған материалды қолдану, жоба жұмысын аяқтайды.
4-кезең. Қорытынды шығару, жобаның презентациясы. Жобалау әдісі бойынша өткізілген сабақтар оқушы бойындағы қабілеттілік пен қызығушылығына сәйкес жетіліп, дамуына жағдай туғызылып, әр оқушының жекелеген мүмкіндіктерінің ашылуына ықпал жасайды. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, басқаларына сын көзбен қарауға үйренеді. Ал, ұжымдық зерттеулерді жобалау әрекеттері арқылы ұйымдастырудың мақсаты: оқушыларды жобалау-зерттеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында ұжымдық зерттеуді жобалау әрекеттерінің элементтері арқылы деңгейлеп ұйымдастыруға үйрету:

-оқушылар инициативасын зерттеудің барлық деңгейлерін ашу арқылы жүзеге асыратын ұжымдық зерттеулер;

-оқушылар сабақта жекелеген зерттеу дағдыларын қалыптастыру бойынша арнайы сабақтар. Ұжымдық зерттеулер белгілі бір жоспар бойынша барлық деңгейлерін сақтай отырып жүзеге асырылады. Бір оқу жылының барысында оқушылар ата-аналары мен мұғалімнің басшылығымен бірнеше ұжымдық зерттеулер жүргізеді. Оның инициаторлары-оқушылардың өздері болады. Арнайы білімдерді, сонымен қатар зерттеушілік ізденудің жалпы біліктер мен дағдыларын қолдану факторларын танымдық қажеттіліктің маңызды индикаторы деп білуге болады, өйткені өздігінен ұйымдастырылған оқу әрекеті мектеп пәндерінің оқытылу сапасын көбейтеді. Жобалау әдістері оқуды қызықты етуге мүмкіндік береді, оның мәдени деңгейін жоғарылатады, зияткерлік белсенділігі мен оқу әрекетін тұтастай ынталандырады. Дәл осы үшін де оқу жобаларын орындау арқылы зерттеушілік дағдыларын дамуының педагогикалық шарттарын айқындап алу керек. Ең алдымен бұл мұғалім рөлінің өзгеруі. Жобаның ұйымдастырушысы, үйлестірушісі және кеңесшісі бола отырып, мұғалім бірқатар зерттеушілік дағдыларды қалыптастырады: проблемаларды айқындап, қоя білу, түсініксіз сұрақтарды нақтылау, болжамдарды құру және тексеру, зерттеу әрекеттерін жоспарлау және жасау, мәліметтерді жинақтау (деректерді жинақтау, бақылау, дәлелдеу), талдау, синтездеу және оларды салыстыру, даярланға хабарламалармен сөз алу, жалпылау мен қорытындылар жасау және т.б. Бастауыш мектеп жасындағы оқушыларды жобалау іс – әрекетіне дайындаудың тиімді әдісі ретінде, ғалымдардың пікірінше, дизайн – жаттығулар алынды. Ол оқушылардың үш негізгі бағыт (кіші мектеп жасындағы оқушылар үшін қолжетерлік) бойынша мұғалім ұсынған еңбек объектісін жетілдіруде шешімдерді іздеуден тұрады: бұйымның пайдалылығы, оның беріктігі және эстетикалық тұрғыдан әдемілігі. Мысалы, қарапайым геометриялық пішіндерден ою-өрнектер, қағаздан бұйым жасауда, оқушылар ұсынылған бұйымның үлгісіне өздерінің өзгерістерін еңгізуге болады: жапсырмалауда бөлшектердің түсін өзгерту; ұсынылған геометриялық пішіндерден композициялардың жаңа нұсқаларын құрастыру; нақты кітаптың өлшеміне сәйкес оның негізгінің өлшемдерін өзгерту; бұйымның негізін материалдың басқа түрін – қағаз немесе қатырмақағазды пайдаланып бұйым жасау. Бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың жобалау жұмыстарының кешенді сипаты болуы мүмкін, олар аталған оқу жылындағы бірқатар бағдарламалар молульдерін көрсетеді немесе оқушылардың ерекше қызығушылығын тудыратын, олар үшін өзекті болып табылатын белгілі модульді тереңдетіп зерттеудің көрінісі болып табылады. Жобалармен жұмыс жасау барысында оқушылардың танымдық қызығушылығын «Сен дұрыс жасамадың», «Көп білетін болсаң…» деп баспай, оларға қолдау көрсету керек. Сонымен қатар, мұғалім үнемі жинақталған тәжірибесінде жетіліп отыру керек: жобаның ғылыми жетекшісі ретінде үнемі байқауларға қатысып отыру, аталған тақырыптар бойынша біліктілікті арттыру курстарына, шебер – сыныптарға қатысып отыру, жаңа басылымдарға қызығушылық таныту, оқушылық зерттеу мәселелеріне арналған әдістемелік бірлестіктер мен педагогикалық кеңестерде жобалау әдістерін қолдануды талқылауларға қатысу. Біз сыныпта арнайы бұрышты жасап қоюды ұсынамыз, ол жерге оқыту зерттеулерін жүзеге асыруға көмектесетін материалдарды қою керек: олар «Жоспарды қалай құру керек?», «Сауалнаманы қалай жүргізу керек?», «Бақылауды қалай өткізу керек?» деген жадынамалары бар зерттеу тақырыпшалары болуы мүмкін. Осылайша, оқушылар өздерінің әрекеттерін жоспарлауды үйренеді, зерттеу әдістерін қолданады, бақылау нәтижелерін жазып отырады және т.б. Ата-аналармен жұмысты дұрыс ұйымдастырған кезде зерттеушілік дағдыларды меңгеру тиімдірек болады. Олар жобаны орындау барысында көмекші және кеңесші болулары қажет: мұғалім сияқты олар да ақпарат көздерін іздеуге көмектесу, бүкіл үрдісті жинақтап отыру, оқушыларға қолдау көрсету және ынталандыру, өнімді даярлау кезінде оларға көмек көрсету және т.б. Талқылауларға қатысып, сұрақтар қою үшін ата-аналарды жобаларды қорғау шараларына шақырып отырған пайдалы. Сол кезде ғана оқушы қажетті көмекті мектеп қабырғасынан ғана емес, үйден де алып отырады. Зерттеушілік дағдыларын дамыту үшін сабақтарда белсенді түрде танымдық және қызықты тапсырмалар қолданылады. Болжамдарды ұсына білу дағдыларын жаттықтыру үшін мынадай ойындар беріледі: «Оқиғаның себебін тап…» (мысалға, неге қоянның түсі ақ немесе шөп сарғайып кетті); классификациялау білігін дамыту үшін – «Қатарды жалғастыр: пайдалы қазбалар – бұл көмір, мұнай…». «Топтарға жікте», «Заттардың ортақ белгілерін тап» және т.б. Оқушының жақсы бақылай алу дағдыларын өрілген сызықтарды анықтауға оқушыны итермелейтін тапсырмалар дамытады. «Кім қайда тұрады, анықта?», «Суретте не бейнеленген?» және т.б. Көрнекі бейнелерді талдай білу қабілеттерін дамытуға әдейі жасалған қателері бар тапсырмалар көмектеседі: «Суретші нені шатастырды?», «Заттардың айырмашылығын тап». Тапсырмаларда берілген сұрақтарға жауап беру барысында оқушыларды «Мен ойлаймын…», «Менің пікірімше…» деген сөздерден бастап үйрету керек. Ол оқушылар бойында өзінің ойын жеткізе алу дағдыларын қалыптастырады.

Қорытындылай келе, білім беруді аталған жобалай оқыту технология негізінде ұйымдастыру-оқушының өзінің дербес мүмкіндіктерін ескере отырып, белсенді іс-әрекет жасауына, оқушының тұлға ретінде үнемі дамуына, өзін-өзі тәрбиелеп дамытуына, жеке ерекшеліктерін ескеруге жағдай туғыза алуымен маңызды екенін ерекше атап өтпекпін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.