Акишева Акгуль Нуралдиновна
«Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Катонқарағай ауданы бойынша білім бөлімі»
«Топқайың орта мектебі» КММ
мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі
Залда әсем әуен ойнап тұрады. Балалар билеп кіреді.
Тәрбиеші: Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Ұлы мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Ұлы мереке сіздерге бақыт, қуаныш, сыйласын!
Тәрбиеші:Армысыздар құрметті қонақтар.
Ұлыс күндеріңіз құтты болсын!
Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Халқы сүйген мейрамды
Қарсы алайық Наурызды! (Наурыз қыз музыкамен ортаға келеді)
Наурыз қыз: Мен Наурыз-қызбын
Қыздарымда қасымда
Ұлыс күнге жеттік міне, асыға
Келген жылым жақсылыққа басташы
Қуанышпен әр үйдің
Босағасын атташы
Тәрбиеші: Сәнді көктем — Наурыз!
Наурыз тойы — жырымыз.
Көңіл гүлдей жайнасын.
Құлпырсын күн мен ай.
Құтты болсын, Наурыз!
Қош келіпсің, Наурыз!
Балалар: Егін өңін толқытқан,
Елдің көңілін шалқытқан.
Бас иеміз — Наурыз!
Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік, біз сізге!
Тәрбиеші: Рақмет, төрлетіңдер, дастархан басына жайғасыңдар. Наурыз жыл басы, наурыз қуаныш мерекесі.
Тәрбиеші: Наурыз — бақыт пен шаттық мерекесі. Наурыз – көктем мерекесі.
Адина ән: «Көктем келді»
Тәрбиеші: Келесі кезекті осынау қасиетті мерекеге арналған тақпақтарға береміз.
Аружан: Жыл басы –Наурыз мереке
Ақ нұрға әлем боянды
Наурыз тойы береке
Тіршілік жаңа оянды
Наурыз келді еліме
Наурыз келді жеріме
Байлық, бақыт тілеймін
Бүкіл қазақ еліне.
Адина: Наурыз тойым, Наурыз тойым.
Құтты болсың халайық!
Қане, достар, қане, достар,
Шырқап әнге салайық.
Қаламқас: Наурыз айы — гүл айы
Наурыз айы — нұр айы
Наурыз айда халқымның
Құлпыра түсер шырайы
Тәрбиеші: Осыншама жақсылық
Алып келген Наурызым
Төрлет бізге нұр беріп,
Шуақ шашып ақ жүзің!
Тәрбиеші: Ой, балалар, жарайсыңдар, бәрекелді.
Наурыз мейрамы құтты болсын.
Наурыз қыз: Мен қанша шуағымды шашып, мейірленгеніммен қалың қыстың етегі сөгіле қоймаған тәрізді. Тезірек қар түгелдей еріп, ағаштар бүршік ашып, жер көктеу үшін не істесек екен ә?
Тәрбиеші: Иә, аздап салқын, айнала әлі қар. Ол үшін біз шуағын шашқан алтын сәулелі ару күнді, қасиетті жер ананы, ыстық ықыласты от ананы ортаға шақырайық. (Музыкамен жер ана, от ана, ару күн шығады). Бастарына байлам тағу.
Жер ана: (бата береді, шашу шашады).
Жетегің бұйда болсын, арқаң шуда болсын.
Беретін асың болсын, көретін жасың болсын.
Бесігің алдыңнан түспесін,
Басыңнан жақсылық кетпесін,
Жамандық саған жетпесін.
От ана: Жыл басы — Наурыз мереке,
Ақ нұрға әлем боянды.
Наурыз тойы береке,
Тіршілік таңы оянды.
Ару күн: Уа, жарандар, келіңдер!
Той қызығын көріңдер!
Наурыз тойға бас иіп,
Күнге сәлем беріңдер!
Армысыздар көрермен қауым! Наурыз мейрамы құтты болсын, ұлыс оң болсын!
Тәрбиеші: Аяулы да қасиетті аналар, біздің мерекелік дастарханымызға төрлетіңіздер!
Тәрбиеші: наурыз мейрамында ауылдарды аралап наурыз көже ішу керек екен. Иә, наурыз көже ең дәмді, әрі тойымды, құнарлы тағамның бірі.
Ән «Наурыз көктем»
Тәрбиеші: Ал, құрметті халайық, бесікке салу рәсіміне кезек берейік.
Әже: Бұл — бесік. Бесіктің жабдықтарын айтып өтейін. Көрпесі, жастықшасы, баулары, аяқбауы, жөргегі, түбегі, шүмегі болады.
— Ал енді бесікті дайындап, бөбегімізді жатқызайық.
— Бесікке баланы салмас бұрын, аластап алған дұрыс.
— Шырпыны жағып, отпен аластайды (сіріңкені көрсетеді).
Алас-алас, алас, бар пәледен алас.
Барлық пәле желмен кетсін,
Ағынды сумен кетсін.
Алас алас, алас.
Енді тыштырма рәсімін жасайық.
Тышты, тышты, тышты ма?
Балалар хормен: Тышты, тышты
Тәрбиеші: Конфетті уыстап алып, екі жаққа балаларға шашады
Қайталап айтады: Тышты, тышты, тышты ма?
Бөбегім ұйықтап дем алсын
Қунап оянсын!
Енді баланы бесікке салайық.
Бесік жырының бір шумағын айтып жіберейік.
Тәй-тәй басып бөпешім, жүргенің қандай
Көз қуаныш көкешім, күлгенің балдай
Аспандағы ай күнді, аламын дейсің
Асқар таудай айбынды, боламын дейсің
Әлди-әлди, ақ бөпем
Сендей сәби жоқ көкем
Анам-әкем дейсің бе, тілің тәтті екен
Әлди-әлди, ақ еркем
Бой жетерсің сен ертең
Мақтанышы елімнің, өзің бол еркем!
Тәрбиеші: Ашылды да кебеже
Дәм әзірлеу басталды
Әжем наурыз көжеге
Жеті түрлі ас салды.
Наурыз келді құт болып
Мына бізге сүт болып
Аққа аузымыз толады
Бар жақсылық болады.
Наурыз келді еліме
Наурыз келді жеріме
Байлық бақыт тілеймін
Бүкіл қазақ еліне!
Тәрбиеші: Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Ендеше, ақ кимешекті ақ әжеміз наурыз көже әкеле жатыр. Қош келдіңіз! (музыка)
Әже: (Қолында тостаған, наурыз көже)
— Амансыздар ма, құрметті қонақтар, балалар, көктемнің тамаша мерекесі, Ұлыстың ұлы күні, Наурыз құтты болсын, әр шаңыраққа береке, бірлік, мәртебе әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қайда барса жол болсын!
— Балалар, менің қолымдағы не? Онда не бар деп ойлайсыңдар?
— Дұрыс айтасыңдар. Бұл — Наурыз көже. Наурыз мерекесін наурыз көжесіз елестету мүмкін емес.
— Наурыз көжені неше түрлі тағам қосып дайындайды?
— 7 түрлі
— Қане, атап беріңдерші?
— Сүр ет, сүзбе, бидай, құрт, тары, май, тұз
— Дұрыс айтасыңдар. Наурыз көже ең дәмді, әрі тойымды, құнарлы тағамдардың бірі. Ерте кезде үлкен тайқазанға пісірген. Наурыз көже қаншама халықты аштықтан аман алып қалған.
— Ал, қонақтар жыл бойы тоқшылық болсын, дастарханымыз кең жайылсын деген ақ тілекпен наурыз көжеден дәм татыңыздар.
Ән: «Наурыз».
Тәрбиеші: Осымен Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілігіміз аяқталды.