Home » Мақалалар » ҰСТАЗ – ЖАС ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ СӘУЛЕТКЕРІ

ҰСТАЗ – ЖАС ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ СӘУЛЕТКЕРІ

Касенова Гульзия Саттыгалиевна
Дарынды жасөспірімдерге арналған
Ақтөбе облыстық мамандандырылған
«Білім-Инновация» лицей-интернатының
ағылшын тілі пәні мұғалімі

«Ұлылықтың басында – ұстаз тұрар», — демекші, мамандықтың төресі, бойларын ізгілік баураған, жүрегі мейірімге толы мұғалімдер жас ұрпақтың жасапмаз болуына бар жанын салып, еңбек ететін тұлғалар. Қай заманда болсын, ұстаз есімі әрқашан қадір – қасиетке ие болып, жоғары бағаланған. Атағы жер жарған ғалым да, кемеңгер дана да, ұлт көсемі де, от ауызды, орақ тілді шешен де, бәрі – бәрі ұстаздың алдынан өтіп, тәлім – тәрбиесін алған. Тұтас ұлттың қалыптасуы, болашақтың гүлденуі дәл осы адамдардың арқасы. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын шәкірттердің шыңдалуына негіз болып, әр жетістігіне қуанатын, қателігін түзетіп, тура жолға бастайтын ұстаздар қандай құрметке болсын лайық.

«Мұғалім – мектептің жүрегі» деп, атақты Ыбырай Алтынсарин атамыз бекер айтып кеткен жоқ. Мектеп кеме, білім – теңіз болса, сол кеменің дұрыс бағытқа қарай жол бастауына себеп болып, оқушыларының ой мәйегі, білім көкжиегін қалыптастырып, өмірде өз жолдарын адаспай табуларына бар күш – жігерлерін жұмылдырады.

Ұстаз болу асқан жауапкершілік пен ерекше ынтаны талап етеді. Оның біліктілігі тек негізгі пәнді игеруімен ғана шектелмейді, сонымен қатар сөйлейтін сөзі, іс – қимылы арқылы көрініс табуы қажет. Мұғалім иммиджі – әр балаға үлгі болып, оқушылар өз мұғаліміне қарап бой түзеп, бойларына игі қасиеттерді сіңіруі қажет. Оқу мен тәрбие егіз ұғым екенін ескерсек, әр педагог жас жеткіншектердің бойында сарқылмас білім нәрін сіңіре отыра, ұлттық құндылықтардың көрініс табуына да мән беріп, тағылымды дүниелерді дәріптеуді ұмыт қалдырмағаны жөн.

Мектеп әр адамның тұлғалық мінез – құлқы, өмірлік бағыты айқындалатын орта. Сол себепті, жас буынды жасампаздыққа баулу, патриоттық сезімді қалыптастыру, рухани болмысын жетілдіру, дарынын ашу дәл осы кезеңдерде жүргізілуі шарт. Оның бәрі – әрине ең алдымен білікті мамандардың жүргізген жүйелі жұмысына тікелей байланысты.

Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері. Әр шәкіртінің жүрегіне жол таба білетін, түрлі мінез – құлықты бір арнаға топтастырып, достыққа, мейірімділікке баулитын, еңбексүйгіштік қасиетті қалыптастыратын жетекші жан. Әр оқушысын баласындай көріп, бар мейірімін төгетін, болашағына алаңдап, бар білгенін үйрететін тұлға.

Қоғамның ілгерілеп алға басуы ең алдымен ел тұрғындарының біліктілігі мен біліміне байланысты. Келешегі кемелдеңген жұртты қалыптастыру үшін мектепте берілетін тәлім – тәрбиенің мәні орасан зор. Ол үшін ұстаздар жаңашыл сипатта, заман ағымына сай көшпен бірге дамып, үнемі өз – өзін жетілдіріп отыруы қажет. Қазіргі қоғам ақпараттың дамып, тың технологиялардың өмірімізге терең енген шағы. Олай болса, оқушыларға инновациялық білім беру маңызды алғышарттардың бірі.

Ұстаз – ұлы тұлға. Ол жас ұрпақтың бойына білім дәнін сеуіп, тәрбиенің тамыры тереңге ұласуына бар жанын салатын адам. Еңбегі ұшан – теңіз, тағылымы сарқылмас дария. Шәкіртіне күндей күліп, нұрын шашып, бар білгенін үйретуден еш тынбайтын тұлғаға көрсетілетін құрмет те шексіз болуы қажет. Жас ұрпақтың рухани сәулеткері – мәңгілік жасай берсін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.