Омерзакова Гаухар Жортуыловна
Д.А.Қонаев атындағы колледждің әдіскері,
экономика негіздері пәнінің оқытушысы,
жоғарғы санатты маман
«Біз өз болашағымызды дербес, сындарлы және батыл түрде қалыптастыра бастадық. Енді, Қазақстанда жаңа жетістіктер үшін берік іргетас қаланған кезде, біз өз мүмкіндіктеріміздің көкжиектерін кеңейтудеміз. Біз өзіміздің бәсекелестік артықшылығымызды нақты сезінеміз және оларды экономикалық және әлеуметтік табыстарға қалай айналдыру керектігін білеміз. Біз зор аумаққа, бай табиғи ресурстарға, кең ауқымды ауылшаруашылық алқаптарына және жел мен күн энергиясын дамытудың айтарлықтай әлеуетіне иеміз. Біз макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз еттік»-деді мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Бүгінде әлем Қазақстанды өзара тиімді ынтымақтастық пен интеграцияны жақтайтын бейбіт сүйгіш ел ретінде біледі. Бізге елдің дамуы жолында ықтимал тосқауылдарға айналуы мүмкін кедергілер жақсы мәлім. Бізде халық тығыздығы төмен – қазақстандықтардың жартысына жуығы ауылдарда тұрады. Көптеген елді мекендер экономикалық өсу орталықтарынан тым шалғай орналасқан. Бұл сапалы білімге, білікті медициналық жәрдем алуға, өндіріспен айналысуға, инфрақұрылымға жаппай қолжетімділік мүмкіндігін шектейді. Біз әлі де «голланд ауруының» даму тәуекелі аймағында тұрмыз. Ел экономикасы әлі де өндіріс пен экспортты әртараптандыру үдерісінде тұр.
Қазақстанның халқы өсуде. Өмір сапасы мен азаматтар денсаулығының жағдайы жақсаруда, өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа жетті. Елде жоғары білікті мамандар үлесі артуда. Біз арнаулы зияткерлік мектептер, кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту жөніндегі холдинг және әлемдік деңгейдегі университет құрдық. Біз дамыған елдердің үздік білім беру үлгі-қалыптарына қарай батыл бет алып келеміз.
Соңғы жиырма жылдағы еліміздің экономикалық өсімін көруге болады. Жалпы тәуелсіздік алған жылдарда экономикамыз өтпелі кезеңнен өтті. 1998 жылдарда ол Азия дағдарысы жылдарына ұласты. Экономикамыз негізінен тек минус көрсеткіштерді көрсетті. Өсім болмады деп айтуға негіз бар.
Ал 2000 жылдан бастап бірден экономикалық өсімді көреміз. ЖІӨ орташа өсімі 2000-2007 ж.ж. 10,3 пайызды көрсетті. Егер қандай да бір мемлекеттің ЖІӨ жылына 10 пайыздан өссе, әрі ол ондаған жылдарға ұласса елде экономикалық ғажайып болады. Тарихтан Германия экономикалық ғажайыбы, Жапония экономикалық ғажайыбы, Оңтүстік Корей экономикалық ғажайыбы деген ұғым пайда болды. Бұл мемлекеттер өздерінің бірегей ұлттық экономикасының моделін қалыптастыра алды деп айтуға толық негіз бар.
Себебі 2007-2009 жылдары әлемдік қаржылық дағдарыстың салқыны еліміздің де экономикалық дамуына кері әсерін тигізді. 2009 жылы ЖІӨ өсімі 1,2 пайызға дейін төмендеді. Бұл дағдарыстан шығу үшін үкімет «5 батыл қадам» деген дағдарысқа қарсы бағдарламасын жүзеге асырды. Ұлттық қордан 10 млрд. доллар бөлініп, 4 млрд. доллары банкротқа ұшыраудың алдында тұрған банктерді құтқаруға, 2 млрд. доллар үлескерлердің мәселесін шешуге, 2 млрд. доллар шағын және орта кәсіпті қолдауға, 1 млрд. доллар ауыл шаруашылығына, 1 млрд доллар индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалған.
2010 жылдан бастап экономикада жандану фазасы орныға бастады. Экономикадағы қалыпты жағдай 2014 жылға дейін жалғасты, 2013 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 6 пайызға өсіп, Қазақстан 50 бәсекеге қабілетті елдің қатарына кірген болатын. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 600 долларды құрады. Бұл әлемдік көрсеткіштермен есептегенде елдің әлеуеті, табыс деңгейі орташадан жоғары деп бағаланды. Қазақстан донор елдердің қатарынан орын алды.
Қай қоғамның да негізгі экономикалық проблемалары: не өндіру керек?, қалай өндіру керек?, кім үшін өндіру керек? Экономикалық ресурстар сирек және шектеулі. Нақтылы өнім шығару үшін қандай да болмасын қорды пайдаланған кезде ол қорларды басқа бір тәсілмен игерудің мүмкіндігі жойылады.
Экономикалық мәселелерді шешу үшін әрбір қоғам әртүрлі құрылымдар мен механизмдерді пайдалана алады.
Дәстүрлі экономикалық жүйе әдет-ғұрыпқа, дәстүрлерге негізделеді. Өндіріс процесі, айырбас, бөлу және тұтыну уақыт қалыптастырған әдет-ғұрыпқа сүйенеді. Бұл жүйе мемлекеттілікке дейінгі алғашқы қауым кезеңіне ұқсас келеді. Қазіргі уақытта ол амазондық үнділерге, австралияның тұрғындарына, африка тайпаларына тән.
Әкімшіл-әміршіл жүйе мемлекеттік монополиялық меншіктің және оның монополиялық мемлекет өкіметі тудырған үстемдігімен сипатталады. Бұл жүйеге басқарудың қатаң типтік иерархиясы тән. Дәлірек айтсақ жоспарлаушылар бұл жүйеде қандай тауарлар өндіріліп және қандай қызметтер көрсетілуі керектігін анықтап алады.
Нарықтық экономикалық жүйе жеке меншік құқығының анықталуына, келісім-шарт кепілдігінің сақталуына орай жеке меншіктікке және экономикалық мәселелерді шешуге негізделеді. Ол ресурстарды тиімді пайдалануға және экономиканың тез көтерілуіне ықпал етеді, алайда табыс жөнінен қоғамның бөлшектенуіне ықпал етеді.
- Қазақстан Республикасының нарықтық экономикаға өтуі. Қазақстан қазіргі кезде нарықтық экономиканы дамытуға бағытталған құрылымдық реформаны қамтитын бағдарламаны жүзеге асыруда. Қазақстандағы экономиканы реформалау процесі 1991 жылы желтоқсанда тәуелсіздікті жариялағаннан кейін күшейе түсті. Сол сәттен бастап қазіргі уақытқа дейін бірнеше реформалар іске асырылды:
- 1992 жылы қаңтарда-бағаны ырықтандыру;
- 1993 жылы қаңтарда қабылданған Конституция;
- 1993 жылы сәуірде — Ұлттық жекешелендіру бағдарламасы;
- 1993 жылы қарашада — ұлттық валюта-теңге;
- 1993-1994 ж.ж. дағдарысқа қарсы бағдарлама;
- 1995 жылы ҚР Конституциясында жеке меншікті мойындау;
- 1994-1996 ж.ж. қатаң ақша — несие саясатын жүргізу, индикативті жоспарлар;
- 1997 жылы қазан – Қазақстанды дамытудың 2030 жылға арналған даму стратегиясы;
Еліміздің 2030 жылға дейінгі мерзімге белгілеген басты жеті бағытын белгілеген, олар:
- ұлттық қауіпсіздік және тәуелсіздік;
- ішкі саясаттағы тұрақтылық және қоғамды нығайту;
- инвестицияның жоғарғы деңгейінен және ішкі қаражатпен нарықтық экономика негізінде экономиканы көтеру;
- Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білім алуы, жақсы тұрмысы;
- энергетикалық ресурстар және инфрақұрылым;
- кәсіпқой үкімет.
Өз экономикасын қайта құрудағы өте күрделі мәселелерді шешуге аяқ басқан Қазақстанның бастан кешкен қиыншылықтарын ескермеуге болмайды. Ол жеке меншік сектордың жоқтығы, өндіріс ауқымындағы мемлекеттік кәсіпорыннан бастап сауда ауқымындағы монополиялар, ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік сатып алу және несиелер мен мамандандырылған банкілерді мақсаткерлікпен бөлісуге дейін ескі құрылымға қоса макроэкономикалық тұрақтылықтың қажеттілігі. Мұның сыртында экономикалық қызметке қатысушылар жұмыс істеуге мәжбүр болған жағдайдағы бағалар құрылымы әлемдік нарықпен байланыста емес еді, халықтың психологиялық дайындығы, адамдардың нарықтық қатынастарға барабар ойлау жүйесі болмаған.
ҚР Үкіметінің алдағы кезеңдегі қызметі төмендегідей басты міндеттерді орындауға бағытталған:
— ұлттық қауіпсіздікті нығайту;
— ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамды нығайту деңгейін ілгерілете беру;
— экономикалық өсу қарқынын үдету;
— әлемдік нарыққа энергия шығарушыларды анықтау, жобалау, оның жекелеген учаскелерінде құрылысты бастап, аяқтау жұмыстары;
— халықаралық сауданы дамытуды қамтамасыз ететін көлік пен коммуникацияның негізгі нысандарын қайта құру мен салуды аяқтау;
— мемлекетті басқарудың принципті жаңа жүйесін құру.
Пандемияның салдары планетаның барлық елдерінің экономикасы мен ЖІӨ-не тікелей әсер етіп, жаһандық іскерлік белсенділік пен халықаралық сауда көлемінің бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендеді. Covid-19 пандемиясының салдары соңғы онжылдықтардағы қаржы-экономикалық дағдарыстармен салыстырғанда Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер еткен. Оның төмендеуіне әсер еткен негізгі факторлар – ішкі санитарлық шектеулер, сыртқы сұраныстың төмендеуі, инвестициялық белсенділіктің азаюы, мұнай бағасының төмендеуі, сондай-ақ ОПЕК+келісімдері аясында мұнай өндіру қарқынының төмендеуі болды. Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен ЖІӨ өсіміне қатысты оң болжам жасаған.
Ұзақ уақытқа созылған пандемияға және жаһандық қаржы нарығындағы өзгермелі жағдай, тұрақсыздыққа байланысты түрлі елдердегі экономиканың қалпына келу қарқыны әртүрлі. Сондай-ақ, қазба отынына деген жаһандық сұраныстың әлсіздігі, инвестиция тартудағы өңірлік бәсекелестіктің жоғарылығы, қаржы секторындағы тұрақсыздықтың тәуекелі және қоғамдағы есеп беретін, ашық басқаруға деген үлкен сұраныстың бар екені рас. Қазақстан экономикасының қалпына келуін қолдау үшін қосымша реформаларды қажет етеді. Президент өзінің қыркүйек айындағы жыл сайынғы Жолдауында «жаңа жағдайға» бейімделу үшін саяси реформалар қажет екенін атап өтіп, бірқатар қадам жасады. Саяси реформалар пакеті мен дағдарысқа қарсы шаралар біртіндеп өз жемісін беріп келеді.
Қорыта келгенде, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда алғашқы жылдардағы кездескен көптеген қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарамастан экономиканы дамытуда, әлеуметтік мәселелерді шешуде біршама жүмыстар атқарылды және елеулі табыстарға қол жетті. Соның нәтижесінде біздің еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Қазақстан бүгін әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің бірі саналады. Еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің қатарына ену жөніндегі міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгері жылжыды.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Н.Назарбаев. Жаңа кезең — жаңа экономика. -Егемен Қазақстан, 16 желтоқсан 2008.
- Айтуғанов Б.Б. Қазақстандағы экономикалық реформалар жүйесі. Егемен Қазақстан. 15.12.2016.
С.С. Сахариев, А.С. Сахариева. «Әлем экономикасы», 81-84-бет, Алматы, «Дәнекер» баспасы, 2009 ж.