Алимбекова Нұргүл Абдраманқызы
Д.А.Қонаев атындағы колледждің
Арнайы пәндер кафедрасының
оқытушысы, заң ғылымдарының
магистрі
Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабына сәйкес адам және азамат өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру барысында басқа адамдардың құқықтары мен еркіндіктерін бұзбауы тиіс [1].
Өскелең ұрпақта адамгершілікті көзқарастар қалыптастыру, салауатты мінез бен мінез-құлыққа ие жалпы адамзаттық құндылықтар рухында тәрбиелеу мемлекеттің маңызды міндеті болып табылады.
Бүгінгі күні қоғам алдында тұрған әлеуметтік маңызды және өзекті міндеттердің бірі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтармен қылмыстылықтың өсуін төмендету жолдарын іздестіру, олардың алдын алу тиімділігін арттыру болып табылады.
Қылмыстардың басым көпшілігі пайдакүнемдік мақсатта жасалады, кәмелетке толмағандардың мүліктік қылмыстарының үлесі 91%-ды құрайды. Кәмелет жасқа толмағандармен негізінен ұрлық (1606/1415), тонау (145/507), алаяқтық (103/134) және бұзақылық (258/317) жасалады екен. Бұған итермелейтін себептер – ол кәмелет жасына толмағандардың жұмыссыз қалуы, оларды жұмысқа тұрғызу мәселесінің тисінше шешілмеуі, өзі ұнататын еңбекпен айналыспау, бос уақытты мазмұнды пайдаланбауы. Мұның бәрі, әлбетте олардың қылмыстық жолға баруына едәуір ықпал етеді[5].
Кәмелетке толмаған адамдардың қылмыстылығы жалпы қылмыстылықтың аса қауіпті түрі, себебі ол өскелең ұрпақтың келешегіне балта шабатын іс-әрекеттердің бірі. Қылмыстық құқықта ол күні бүгінге дейін өзекті мәселелер қатарында.
Соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмағандардың қылмыстылық көрсеткіштері айтарлықтай төмендеген жоқ (2015 жылы – 3338, 2016 жылы – 3343, 2017 жылы – 3156, 2018 жылы – 3156, 2019 жылы — 2824) [2].
Кәмелетке толмаған қылмыскердің жеке басын қалыптастыру шарттарының бірі отбасылық қолайсыздық, теріс отбасылық жағдай болып табылады: отбасында қалыпты адамгершілік ортаның болмауы, ата-анасының немесе туыстарының маскүнемдігі, олардың моральды мінез-құлқы және т. б.
Бүгінгі күні балалардың құқықтарын қорғау саласындағы проблемалық мәселелер артта қалып отыр. Осылайша, бірнеше жыл бойы Қазақстанда қолайсыз отбасылардың көрсеткіші тұрақты. Жыл сайын есепте шамамен 10-12 мың жағдайы нашар отбасы тұр, онда 15 мыңнан астам бала тұрады.
Осылайша, кәмелетке толмағандар қылмысының себептік кешенінде негізгі элементтердің бірі ата-аналардың балаларды тәрбиелеуден жалтаруына, отбасының ыдырауына, оларға қатыгездікпен қараумен байланысты отбасылық қолайсыздықтар болатыны сөзсіз.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бүгінде 92 мыңнан астам бала қамқорлықсыз қалды, оның тек 30%- ы жетім, ал қалғандары ата-аналары тірі, бірақ ата-ананың құқығынан айырылғандар немесе өздері өз балаларынан бас тартқандар.
Осындай балалардың саны үнемі өсуде. Кәмелетке толмағандармен қатыгез (барлық балалар жарақаттарының 70% астамы отбасылық-тұрмыстық сипаттағы) қарым-қатынас көріністерінің өсуі байқалады Алдын ала есептеу нәтижесі зорлық-зомбылық әрбір төртінші отбасында кездесетінін көрсетеді. Қатыгез қарым-қатынастан сақтану үшін көптеген балалар жанұясынан, балалар үйлері мен интернаттан кетеді, ал осы балалардың 10%-ы осындай қарым-қатынастың нәтижесі өлім болып табылады. Суицид жағдайлары жиі кездеседі [3].
Отбасы өміріне зорлық-зомбылықтың енуі нәтижесінде отбасылық тәрбиелеу мүмкіндігі азаяды, балалардың қадағалаусыздығы мен панасыздығы пайда болады; балалар маскүнемдікке, нашақорлыққа, жезөкшелікке тартылады. Қараусыз қалған балалар, әдетте, қаңғыбастықпен, қайыршылықпен және ұсақ ұрлықпен айналысады. Жиі олар әртүрлі қылмыстардың, соның ішінде жыныстық қылмыстардың құрбаны болады.
Жалпы, отбасындағы жағдайдың шиеленісуі ең алдымен балаға кері әсерін тигізеді: баланың мектептегі үлгерімі төмендейді, бала ата-аналарға емес, отбасынан тыс, далада құрылған референттік топтарға еліктейді, оларды үлгі тұтады, сол топтар балаға ата-аналарға қарағанда беделді болып көрінеді.
Нәтижесінде жеке тұлғаның қалыптасуында бұзушылықтар орын алып, бұл өз кезегінде кәмелетке толмағанды құқық бұзушылыққа алып келуі, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімдердің және жасөспірімдер қылмысының алдын алуға жауап беретін басқа да органдардың араласуына негіз болуы ықтимал[5].
Кәмелетке толмағандар қылмысының маңызды себебі халықтың кедей жіктерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауы болды. Елдің барлық халқы тұрмысы нашар деп айтуға болмайды, себебі бұл олай емес. Бірақ кедейлер мен байлардың арасындағы алшақтық айтарлықтай ұлғайды, халықтың кедей жіктерінің жағдайы жиі өтімсіз болады, бұл кәмелетке толмағандардың қылмыстылығына ең теріс әсер етеді.
Кәмелетке толмағанды қылмыстық әрекетке тартуға ықпал ететін келесі фактордың бірі — оның тұлғалық ерекшеліктері. Көбінесе кәмелетке толмағандардың ата-аналары баланың мінез-құлқының ерекшеліктеріне, оның темпераментіне дұрыс әсер етпейді, бұл әрине, оның жеке тұлға ретінде қалыптасуында өз ізін қалдырады.
Кейбір ата-аналар баласының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана жағдай жасауға тырысады. Ата-ананың мұндай қадамы баланың бойында масылдықты, жатып ішер арамтамақтықты қалыптастырады. Енді бір ата-ана баланы киімге құмар қылып өсірсе, ал үшінші бір aта-ана баласының алдында қалай ұрлағанын немесе қоғам мүлкін қандай жолмен жымқыру жолын, істеген істерін «жайып»салады. Мұндай әрекеттер ата-ананың өз баласының алдында беделінің жоғалуына, баланың ойында құқық бұзушылық әрекеттерді туындатуға әкелуі мүмкін.
Кәмелетке толмағандар қылмыстылығына себеп болатын тағы бір жағдай — қоршаған ортасы. Мұнда әсіресе бейресми ортаның әсері көп. Мектептен тыс уақытта көптеген оқушылар ата-анасының қарауынсыз болғандықтан, бақылаусыз өмір кешеді. Бұндай баланың мектептегі сабаққа бармауы, немқұрайлылығы осы бақылаусыздықтан шығады десек, артық айтқандық емес. Ондай балалар көбінесе сыныпта «қиын» балаға, тәрбиеленуі қиындық туғызатын балаға айналады.
Бақылаусыз қалған балалар өздері тұратын жерлердегі кіші топтарға бірігеді, ал ол топтардың қaндай іспен айланысатыны белгілі. Атa-аналардың басым көпшілігі сабақтан бос уақытта баласының немен шұғылданып жүргенін, достарының кім екенін, достарының қандай пайдалы іспен айналысатынын білуге ниет етпейді. Осыдан барып, баланың, ата-ана бақылауынсыз тыс қалғанына сенімі артып, құқық бұзушылыққа оңай қадам жасайды.
Отбасында тәрбиенің жеткіліксіздігі кей ата-аналардың кінәсінен емес, қайта отбасы жағдайының әртүрлі сәттерінің әсер ету жиынтығына байланысты болып келеді: ол отбасы мүшелерінің санында, мәдени-әлеуметтік және материалдық жағдай, отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастан бастау алады.Бұлай болудың себептеріне мыналар жатады: олтолық емес отбасылар, төмен материалдық деңгей, көп балалы отбасылар[4].
Ал қолайсыз отбасында тәрбиеленіп өскен баланың бұзақы болу мүмкіндіктерінің жоғары болуы соншалықты, сондай отбасыдан шыққан кәмелетке толмаған баланың қоғамға қарсы немесе аморальды бағдар ала алмай, болмаса қылмыстық жолына түспеуі сирек кездесетін жағдайлар [7].
Баланың әлеуметтенуі мен дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға уақыт пен қаражаттың жетіспеуі, тәжірибе немесе қажетті білімнің болмауы девиантты мінез-құлықты дамытуға және бекітуге ықпал етуі мүмкін. Толық емес отбасылардағы әлеуметтік орта ең күрделі болып табылады.
Жалпы кәмелет жасқа толмаған қылмыскер – ол қоғамға қарсы мінез-құлқы, әдеттері қалыптасқан тұлға. Ендеше, кездейсоқ қылмыс жасайтын кәмелетке тұлғалар өте аз.
Қалған кәмелетке толмағандарға келесідей жағдайлар тән болып келеді.
— мас күйінде жүру, яғни алкоголь, есірткі заттарына құмар болу;
— қоғамдық мүліктерге зақым келтіру, азаматтарға себепсіз тиісу, яғни мінез-құлықтық қабылданған жалпы нормаларын ақтамау;
— тұрақты түрде өз үйінен қашып шығу, қаңғыбастық;
— қатыгездік, дөрекілік, зорлық-зомбылық жасауға деген мінез-құлықтың пайда болуы; —
— әлсіз адамдардан жазасыз тартып алу әдеттері т.б. жатады[3]..
Ал қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарды жынысы бойынша талдайтын болсақ, қылмыстылыққа барған барлық кәмелетке жасына толмағандардың 90-93%-ы ұлдар екендігін көруге болады (2019 жылы барлығы 2824, оның ішінде ер балалар — 2631). Көп жағдайларда кәмелет жасқа толмағандардың құқық бұзушылықтары кәмелетке толмағандар арасындағы ұйымдастыру және тәрбиелік жұмыстың кемшілігімен түсіндіріледі. Оларға ең бірінші қатарда мыналар жатады: білім беру органдарының жалпыға міндетті білім беру туралы заңның орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмысындағы кемшілік; кәмелетке толмағандар істері бойынша комиссияның ескерту жұмыстарындағы кемшілік; прокурорлық қадағалау, қылмыстық тергеу, полиция органдарының жұмыстарындағы кемшілік, мектептегі және жұмыс орнындағы тәрбиелік жұмысты ұйымдастырудағы және бос уақытты ұйымдастырудағы кемшілік; тәрбиенің жоқтығы, сондай-ақ қолайсыз жағдайларда жүрген балалар мен кәмелетке толмағандарды орналастыру бойынша шұғыл шаралардың жоқтығы т.с.с. [5].
Кәмелетке толмағандардың өмір тәжірибесінің жеткіліксіздігі, олардың дамуының тәрбиелеуі мен дұрыс жағдайының жеткіліксіздігі, олардың көбінде батылдық, достық туралы бұрмаланған, қате ойды қалыптастырады. Кәмелет жасқа толмағандардың көбісі батылдықты — ештеңеден қорықпау қабілеті деп, қауіпті істерге бару деп түсінеді. Шешімділікті олар ойланбай, пікі рге салмай әрекет ету деп біледі. Тәуелсіз болу деген олардың ойынша – ешкімнен ақыл сұрамай, ойланбастан барлығын өзі шешу деп ойлайды.
Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы – бұл кәмелетке толмаған тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмыстар жиынтығы. Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары қазіргі заманның аса маңызды криминалды мәселелерінің бірі болып табылады. Кәмелетке толмағандар қылмыстылығының негізгі себептері: отбасындағы қолайсыз тәрбиелеу факторы, құқыққа қарсы өмір сүру жағдайы, ата-аналарында түрлі жүйке-психикалық аурулардың болуы, ішімдік, нашақорлық, кәмелетке толмағандардың бос уақытты тиімсіз өткізуі, кринимогенді ортаның кері әсері болып табылады.
Сонымен қатар, балалардың мінез-құлқына ата-аналардың формальды бақылауының әлсіреуі ғана емес, отбасының қалыптасқан микроклиматы, ата-аналарға өзінің тәрбие функцияларына қатысты елеулі ақаулар, балалардың әлеуметтік жауапсыздығы, олардың тағдырына немқұрайлығы немесе балалар үшін де осы функцияларды толыққанды орындаудың мүмкін еместігі туралы болып отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- ҚР Конституциясы. Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды // «Әділет» ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі. http://adilet.zan.kz/ kaz/docs/K950001000
- Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылықты талдау// https://stud.kz/referat/show/61476
- ҚР Қылмыстық кодексi 2014 жылғы 3 шiлдедегі № 226-V ҚРЗ. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226
- Құлжақаева Р. Б. Кәмелетке толмағандар қылмыстылығы және оның алдын алу: оқу құралы / Р.Б. Құлжақаева, М.А. Қызылов, С.Қ. Алтайбаев; ҚР ішкі істер м-гі, Б.Бейсенов атын. Қарағанды акад. — Қарағанды: ҚР ІІМ Б. Бейсенов атын. Қарағанды акад., 2014. – 86 б.
5.«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі №591 ҚР Заңы// «Әділет» ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z040000591_
6. «ҚР-дағы баланың құқықтары туралы» 2002 жылғы 8 тамыздағы №345 ҚР Заңы http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z020000345