Home » Мақалалар » Тәуелсіздік тұғыры

Тәуелсіздік тұғыры

Костанай облысы, Әулиекөл ауданы
Қостанай облысы  әкімдігі білім басқармасының
 «Әулиекөл ауданы білім бөлімінің
№2 Аманқарағай жалпы білім беретін мектебі»КММ
Қасымов Ерлан Амангелдіұлы
Тарих пәнінің мұғалімі

«Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз», —  Нұрсұлтан Назарбаев.

       Тәуелсіздік күні — тамыры тереңде жатқан ел тарихы. Бабаларымыз асқақ арманы орындалып, аналарымыздың көз жасымен келген тәуелсіздік еді. Еліміз еңсесін тіктеп, алдыңғы қатарлы елдер қатарына еніп келеді. Әрине оңай қолға тимегені тарихтың тереңінде жатқан жазбаларымыздан белгілі. Бейбіт өмірімізде, бейбітшіліктің ақ туы желбірегеніне отыз жылдан астам уақыт өтті. Осы сындарлы жылдар ішінде еліміз көркейіп, әлемдік сахнада өз орнын таныта білді.

     Тамырын тереңге жайған, көне тарихымызды еске түсіре кетейік.

Ерте ғасырлардағы Түрік қағанатының, одан кейінгі Алтын Орда, Ақ Орда мемлекеттерінің негізгі мұрагері саналатын Қазақ хандығы XIV ғасырдың екінші жартысында жеке мемлекет болып құрылды. Әбілқайыр хандығынан бөлініп, көш бастап, халықты соңынан ерте білген Шыңғыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар болатын. Олар құрған хандық өз дәуірінің ең мықты, ең беделді мемлекеттерінің қатарына енді. Оған сол кездегі жазбалар мен тарихтаңы әңгімелер мен аңыздар дәлел болмақ. Қуаныш ұзаққа созылмай XVII ғасырдың орта тұсында басталған Жоңғар шапқыншылығы қарыштап келе жатқан Қазақ хандығының ары қарай дамуын бірнеше ғасырға тежеді. Соның салдарынан Қазақ хандығы әлсіреп, татулығы сөгіліп, ұсақ ұлыстарға ыдырап, XVIII ғасырдан бастап өзімен көршілес жатқан басқа елдерге бас сауғалаған еді.

Шығыстан Қытай, солтүстіктен Ресей империясы, оңтүстіктен Хиуа, Қоқан сынды хандықтар жоңғарлар бастаған дүрбелеңді жалғастырып, халқымызды жан жақтан талады. Көп жаудың ішінен алға шығып, әлсіреген Қазақ хандығына қатысты отарлау саясатын жүргізіп, сол арқылы жерін кеңейткен Ресей патшалығы болды.

Әлбетте, қазақтар Ресей құрамына бір күнде қосыла салған жоқ. Ол  да бір ғасырға жуық уақытқа созылған, қанды шайқастары көп, ұрысқа толы үуақыттар болды. Ең бірінші солтүстіктегі көршіміз өзіне ең жақын тұрған Кіші жүз руларына көз тікті. Содан соң Орта жүзге кезек келді, кейін Ұлы жүзді отарлап алды. Қай қайсысы болсын орыс патшалығының құрамына өз еркімен қосылмады. Отарлау саясаты халықты қырғынға ұшыратты. Жер жерде түрлі көтерілістер болып тұрды. Солардың ішінде тарихқа тағзым етерлік Сырым Датұлының, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Жанқожа Нұрмұхамедұлының, Кенесары Қасымұлының Ұлт азаттық көтерілістерін атап өтсе болады. Барлық көтерілістердің нәтижесі қайғыға толы болатын. Әрине барын салып күрескенімен, азғантай қазақтың қауқары ұлы империяға шамасы келмеді. Дегенмен, ол ұлт бойындағы азат рухтың, еркіндікке деген ұмтылыстың отын сөндірмеуге өз септігін тигізді.

Кез келген мемлекеттің шарықтау шегі мен құлдырау дәуірі болады. Бұл заңдылық Ресей патшалығын да айналып өтпеді. XX ғасырдың басында алып мемлекетте елдің жағдайы нашарлап, халықтың билеушілерге деген наразылығы өрши түсті. Нәтижесінде революция болып, патша әулеті тақтан түсіп, ұзақ уақытқа созылған азаматтық соғыстан кейін коммунистер билікке келді. Көп ұзамай КСРО мемлекеті құрылып, оның құрамына бұрын патшалық құрамында болған Қазақстан да кірді. Осылайша қазақ халқы бір империяның қол астынан шықпай жатып, екінші империяның қол астына өтті. Бірақ бұл кезеңде де тәуелсіздік үшін күрес тоқтаған жоқ. Ол Әлихан Бөкейхан бастаған алашордалықтардың жүргізген саясаты арқылы жүзеге асты. КСРО XIX ғасырдың орта тұсында қатты белең алған көтерілістер жалғаспасын деген оймен алдымен ұлттың бойындағы рухты өшіруге тырысты. Оны жүзеге асыру үшін Кеңестер үкіметі білім мен ғылым қуған алашордалықтарды қуғынға ұшыратып, олардан бөлек бой көтерер азаматтардың бәрін ату жазасына кесті. Артынша қазақты түбегейлі әлсірету үшін қолдан ашаршылық ұйымдастырып, халқымыздың тең жартысын қырды. Бірақ қазақ осы қиындықтың бәріне төзіп қана қоймай, орнынан қайта тұруға да шамасы бар екенін 1986 жылдың желтоқсанында болған көтеріліс арқылы дәлелдеді. Ал 1991 жылы барлық азаптың өтеуі ретінде елімізге тәуелсіздік берілді.

Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі болды. Қысқаша ғана баяндалған эссенің өзінен талайды ұғынуға болады. Еліміздің тынышытығы мен жұртымыздың амандығына жететін асыл жоқ. Сондықтан тұғырлы тіуелсіздігіміздің қадірін біліп, бейбіт мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосайық!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.