Home » Мақалалар » Ел боламын десең,  бесігіңді түзе

Ел боламын десең,  бесігіңді түзе

Аубакиров Ерғазы Каиркенович
Павлодар қаласындағы Назарбаев
зияткерлік мектебінің жатақхана
тәрбиешісі

Тәрбие үрдісіндегі жаңа реформалар мектептің даму үрдісіне айтарлықтай өзгерістер еңгізді. Тәрбиеде жаңа педагогикалық әдістер мен озық ақпараттық технологиялар пайда болды. Бүгінгі тәрбие үрдісінде дәстүрлі әдістердің орнын креативті ойлауға, шығармашылықпен шешім қабылдауға, белсенді іс-әрекет жасауға түрткі болатын жаңа технологиялар алмастырды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауында  «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс.  Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек….» — деген болатын. Бұл мемлекеттің стратегиялық мақсаты болып табылады. Сондықтан да жеке тұлғаға білім ғана емес, тәрбие де маңызды. Тұлғаның қоршаған әлеммен табиғи үндесуі генетикалық процесс болса, ал оның ішкі дүниесінің құндылығы  тәрбиемен тығыз байланысты. Сондықтан да «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»-деп халқымыз тегін айтқан жоқ.  Жарастық пен татулық, сыйластық пен сүйіспеншілік, жақсылық пен әділдік отбасындағы жылулықтан бастау алып,  өмірінің мәңгі өлшеміне айналды.

Қазақ өркениеті отбасының тәрбиесіне ерекше назар аударып, оны әлеуметтік институт ретінде жоғары бағалаған. Соған байланысты халық арасында мақал-мәтелдер пайда болған. Ұрпақ тазалығы мен тәрбиесі халқымыздың экзогенетикалық дәстүрін жалғастыратын тенденцияның қалыптасуына негіз болды.

Бүгінгі жаһандану үрдісінде әр ұлт, әр мемлекет өзіндік менталитетін, өзіндік бет-бейнесін сақтап қалуға тырысуда. Бізді де осы үрдіске ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бен білімді ұрпақ алып шығады. Сол себептен жас ұрпақты тәрбиелеуде басты ұстанар бағытымыз – ұлттық құндылықтар болуы қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» халыққа Жолдауында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн». Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.

Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазір де солай. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Жаңа ғасырға аяқ басқан қазақ елі тарихын ұмытқан емес. Рухани мұралардың арқасында жас ұрпақтың бойына құнды қасиеттерді дамытуға тырысты. Адал, ақкөңіл, еркін ұрпақ тәрбиеледі.

Тарихтың даму эволюциясы адам капиталының ең маңызды құндылығы адамгершілік болғанын дәлелдей түседі. Қай ғасырды алсақ та, адамның бойындағы адамгершілік қасиеттер ақын-жазушылардың қаламынан түскен емес. Ұрпағын руханилыққа тәрбиелеген халқымыздың тәжірибесі орасан зор. Ол халқымыздың батырлар жырында, эпостық әңгімелерінде, поэзия жанрында, ауыз әдебиетінде көрініс тапты. Ғасырлар бойы бала тәрбиесінде пайдаланды. Сөйтіп, бірнеше ұрпақ осы сабақтастық пен үйлесімділікті жалғастырды.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеу қоғамның маңызды міндеттерінің біріне айналды. Ол мемлекеттің көптеген нормативті құжаттарында айтылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде жастар тәрбиесінің  маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Жастар тәрбиесі мемлекет басшысының пайымдауынша, ол жастардың бойындағы мораль, әдеп, гумандық қарым-қатынас арқылы көрінетін қасиеттердің интеграциялық байланысы. Аға ұрпақтың сабақтастығы мен үйлесімділігі. Тәрбие генетикалық процесс емес, ол адамның ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен қалыптасатын мінез-құлқы, еркіндігі, бостаңдығы, ішкі әлемі, дүниетанымы, ізгілік қасиеттері. Адамгершілік отбасына, мемлекетке, Отанына, достарына, қоғамға деген ыстық сезімінен туатын қасиет.

Бүгінгі әлем қауымдастығынан орын алуға бет бұрған біздің еліміз үшін білім парадигмасының жаңаруы, тәрбие мазмұнының модернизациялануы маңызды процесс болып табылады. Бұл кезеңнің ерекшелігі жаңа сипаттағы заманауи тәрбиені бүгінгі ақпараттық, үдемелі қоғам сипатымен байланыстыру арқылы рухани-адамгершілігі жоғары тұлғаны тәрбиелеу. Ол отбасының ықпалында жүзеге аспақ.

Дала өркениетінде өмір сүрген қазақ халқы әуел бастан ұрпағын адамгершілік пен парасаттылыққа тәрбиелеген. «Арым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы»-деп ары мен ұятын жоғары қойған қазақ халқының негізгі кредосы адамгершілік қасиеттерін ұрпағына сіңіру болып табылады. Қазақ даласының табиғи үйлесімділігінен туған бұл әдептер, халқымыздың алтын қағидасына айналған. Сондықтан да табиғаттың тылсым өмірімен етене жақын өмір сүрген халқымыз үшін адамгершілік, ұлттық құндылықтар маңызды.

Еңбекті өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі деп түсінген бабаларымыз баланы кішкентайынан еңбекке баулыған және сол арқылы тәрбие беруді ұштастыра білген. Сол кездің өзінде – ақ отбасында ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп алған. Ұлды мал бағып, егін мен қолөнер шеберлігіне, аң аулап, садақ атып, ат құлағында ойнауға әкесі мен ағалары үйретсе, қыз балаларын, үй жинап, ас пісіріп, кесте мен тоқуға анасы, әжелері  өз міндеттеріне алған. Осындай бала бойына халқымыздың салт – дәстүрі, имандылық пен ізгілік нұрын сіңіруге баса назар аудару, бүгінгі таңда басты мақсат –мұраттарымызға айналып тұр. Ол үшін өз жерін, өз елін сүйетін, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін қадірлеп – қастерлейтін азаматты тәрбиелеу, ұлттық санасын дамыту – ата –ананың басты міндеті болмақ.

Сонымен қатар мектеп осы тәрбиені жалғастыратын әлеуметтік институт болып табылады. Сондықтан да мектепте ата-аналарға тәрбиеге байланысты  арналған іс-шаралар өткізу маңызды.

Мысалы, ата-аналар конференциясында тәрбиеге байланысты өзекті проблемалар назарға алынады. Конференция барысында ата-аналар өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, баланы тәрбиелеудің тиімді жолдарын ұсынады. Тәрбиедегі келеңсіз жағдайлардың алдын-алуға көмектеседі.

Конференцияда әртүрлі тақырыптар қарастырылады. Атап айтсақ,  «Бүгінгі отбасының құндылықтары», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Баланы ұлттық дәстүр негізінде тәрбиелеудің жолдары»,«Баланы жастан…» т.б.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» атты ата-аналармен оқушыларға арналған бейнефильм көрсету тәрбие жұмысының  мазмұнын жетілдіреді.

Ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты мынандай тақырыптар ұсынуға болады: «Отбасындағы бала тәрбиесінің мәні», «Тәрбиенің заманауи сипаты», «Баланың психологиялық портреті», «Әлеуметтік желі және бала тәрбиесі», «Ғаламтордың пайдасы мен зияны», «Ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеудің қайнар көзі»  т.б. Осы тақырыптардың аясында мұғалім ата-аналарға және оқушыға кеңес береді. Бұл тақырыптар ата-ананы ойлануға және талқылауға үйретеді.

Сонымен қатар жиі қолданылатын әдістердің бірі- тренинг.

Тренингтер қатысушылардың өзара әрекеттесе отырып, мәселені әр қырынан талқылауын қамтамасыз етеді. Тренинг ағылшын тілінен аударғанда «train»-жаттықтыру, жаттығу деген мағынаны білдіреді. Тренинг – өзін-өзі тануға, өзін-өзі реттеуге, тұлғааралық қарым-қатынасқа, коммуникативті және кәсіби біліктілікке бағытталған психотерапиялық, психокоррекциялық және тәрбие әдістерінің жиынтығы.

Тренинг барысында оқушылар көптеген сұрақтарына жауап іздестіреді. Сол арқылы шешім қабылдауға үйренеді. «Отбасындағы жылулық», «Ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас», «Отбасы тәрбиесінің маңызы» «Отбасындағы ұлттық құндылықтар», «Отбасының заманауи сипаты» т.б. тақырыптарда тренинг өткізу педагогикалық қарым-қатынастың стилін өзгертуге мүмкіндік береді.

Тағы бір әдістердің бірі-коучинг. «Ұлт құндылықтары-бала тәрбиесінің қайнар көзі» тақырыбында коучинг ұйымдастыруға болады. Мақсаты: Ұлттық құндылықтардың ата-ана мен бала өміріндегі орны мен рөлін айқындау,  ата-аналардың педагогикалық-психологиялық білімін жетілдіру. Атап айтсақ, «Біздің топтың жүрегі» жаттығуы арқылы жүректің адам ағзасындағы маңыздылығы туралы мағлұмат беріп, ата-ана мен баланың жүрегінің тұтастығын дәлелдеу және тәрбиенің адам өміріндегі маңызын түсіндіру. «Отбасылық құндылық ағашы» жаттығуы барысында ата-аналар топпен жұмыс жасайды. Отбасындағы құндылықтарын бейнелеу арқылы ағаштың суретін салады. Бұл тапсырма ата-аналардың шығармашылығы мен креативті ойлау дағдысын қалыптастырады.

Сонымен қатар әртүрлі тақырыпқа арнап, оқушыларға жоба жазуға болады. Мысалы, «Отбасы мен бала сүйіспеншілігі», «Отбасы, мектеп, қоғам сабақтастығы» т.б.

Жобаны жазу барысында оқушылар тақырыпқа байланысты фактылер мен аргументтер іздестіреді. Тапсырмаларды орындау барысында оқушыдан ақпаратты жүйелеу және талдау, фактілерді, құбылыстарды жалпылау, қорытынды жасау қабілеті талап етіледі.

Тәрбие сағатын өту барысында оқушыларға Синквейн құрастыртуға болады.  Белгілі бір тақырыптар беріп, оқушылар сол бойынша,  қысқаша мәліметтер келтіреді. Синквей құрастыру оқушының коммуникативтілігін айқындайды.

Әлемдік білім беру мен тәрбие  бағытында соңғы жылдары белсенді әдістерді қолдану аясы кеңейді. Білім алу және тәрбиені ұйымдастыру мүмкіндіктері артты: қашықтан білім алу және тәрбие іс-шараларын өткізу, виртуальды кеңістіктегі әртүрлі тренингтер, онлайн-курстар, тәрбие тақырыбына өткізілетін вебинарлар, вертуальды лабораториялар,вертуальды көрмелер, тәрбиеге байланысты бейнедәрістер, мобильді оқу, электрондық және цифрлық білім алу ресурстары, оқыту мен тәрбиені ұйымдастырудың әртүрлі платформалары т.б.

Бүгінгі күні бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім  беру реформасының басты мақсаттарының бірі инновациялық технологияларға сүйене отырып, оқушының ақпараттық құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік жасау. Бұл мүмкіндіктер тәрбие үрдісі арқылы жүзеге аспақ. Себебі, тәрбие жеке тұлғаның әлеуетін дамытатын құндылық.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Н.Ә.Назарбаев Елбасының Назарбаев Университеті студенттері алдында сөйлеген сөзі. 5 қыркүек, -2012.
  2. І.Ж.Ізімғалиева Ата-анамен жұмысты ұйымдастырудың тиімді формалары http://www.zkoipk.kz/kz/ss2/896-conf.html
  3. Коучинг ата-аналар жиналысы: Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі https://infourok.ru/kouching-

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.