Игісін Жанна Сисебайқызы
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№112 Жалпы білім беретін мектеп
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
«Адамның күні-адаммен» дегендей, жалпы және жарты отбасынан шықса да, жетім болса да, кез келген мектеп жасындағы бала көптің көмегі арқылы еліміздегі жалпы орта біліммен қамтылуы тиіс. Бұл-олардың конституциялық құқығы. Сол үшін оқушылардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, биыл Білім және ғылым министірлігінің бастамасы бойынша республикалық шекарасыз жақсылық «Мектепке жол» акциясы қолға алынды.
Бұл бастама 2022 жылдың 1 тамызбен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Акцияның мақсаты: жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету; баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу; жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсету. Қазіргі кезде бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні анық. Ал, отбасында бірнеше бала болса ше? Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Айта кетейік Алматы қаласы Жетісу ауданы №112 жалпы білім беретін мектепте «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей бұл шараға мектеп ұжымы және ата-аналар да өз үлестерін қосуда. Жетісу ауданының әкімшілігі 26 балаға мектеп формасымен, мектептің ата-анасы Хелилов Нуршат Желилович 5 баланы, «Кенжехан» сауда базарының директоры Е.М.Розенберг 20 балаға оқу-құралдарымен қамтамасыз етті. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», — дейді қазақ. Иә, жоқ- жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Амал қанша, қайырымдылық сынды қайырлы қасиет бәріне бірдей тән емес. «Қазіргі заманда оның қажеті жоқ» деген пікірлерді де кейде естіп қаламыз. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын адамдар кез келген қоғамның негізгі тірегі.
Қайырымдылық акциясына барынша қолдау көрсетіп жатқан жандарға алғысымыз шексіз!