Ахметова Гульнар Балтабаевна
Павлодар облысы
Екібастұз қаласы
білім беру бөлімінің әдіскері
«Әрбір мұғалімнің негізгі мақсаты –
сабақ сапасын көтеру, түрін жетілдіру»
А.Байтұрсынов
Ауыл мектептерінің дамуы бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырғандықтан, түлектері заманауи әлем жағдайында бәсекеге қабілетті, табысты болуы тиіс. Білім беру сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш.
Мұғалім жайлы Ахмет Байтұрсынов былай деген: «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы». Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім. Ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру шаралары мен оқушылардың білім сапасы мен үлгерімі қазіргі таңда толғандырып жүрген жағдаяттардың бірі. Осы орайда, еліміздің шалғай елді мекендерінде орналасқан мектептердің басым көпшілігі шағын жинақталған мектептер екені анық.
Өңіріміздің әдістемелік кабинетінің мақсаттарының бірі ШЖМ-терде оқушыларға сапалы білім беру мен тәрбиелеу, мұғалімдердің педагогикалық шеберліктерін шыңдауда әдістемелік-тәжірибелік көмектер ұйымдастырып, қазіргі білім берудің мақсатына сай бәсекеге қабілетті, іскер жеке тұлға қалыптастыру болып табылады.
Міндеттер: — ШЖМ-тердің оқу-тәрбие жұмысын белсендіре, үйлестіру;
— білім сапасын арттыруда мұғалім құзыреттілігін дамыту;
— білім сапасын арттыруда оқу-әдістемелік құралдарды жетілдіру;
— педагог кадрлар біліктілігін арттыруда семинар-тренингтер т.б. ұйымдастыру;
— қолданбалы және таңдау курстарының бағдарламаларын дайындау;
— педагогикалық технологиялардың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеру, пайдалану;
— мұғалім шығармашылығын дамыту, интеллектуалды шараларға тарту.
Екібастұз қаласы бойынша 41 мектеп болса, соның 16-сы шағын жинақталған мектеп.
ШЖМ-тердің ерекшелігін ескере отырып, ауыл жағдайындағы ШЖМ-терін сақтау мен дамытудың бір моделі – Тірек мектебі (ресурстық орталық) болып табылады. Бүгінгі таңда ШЖМ-тердегі білімділік үдерісті ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірибесі бар. Екібастұз қаласында екі ресурстық орталық (№21, 22 мектептер) және оларға бекітілген 8 магниттік мектептері жұмыс жасайды.( №14 ЖОББМ, Марғұлан ЖОББМ, Қарасор ЖОББМ, Құдайкөл ЖОББМ, Бесқауға ЖОБМ, Комсомол ЖОБМ, Байет ЖОБМ, Өлеңті НМ.).
ШЖМ-тегі балалар үшін жылына 3 аралық сессия ұйымдастырылған (оқу жылының басында, ортасында, және соңында). Оқушылар үш күннен (сессия) тірек мектебінде білім алады, әрі онда аралық және қорытынды аттестаттау тапсырады. Пандемияға байланысты қазіргі таңда сессия онлайн режимінде өтуде. Сессияаралық кезеңде ШЖМ-терде оқыту, тірек мектебінің кәсіби шеберлігі мол ұстаздардың қатысуымен және қашықтықтан оқыту технологияларының көмегімен жүргізіледі. Тірек мектебінің пән мұғалімдері магниттік мектептерге кіру, шығу тестін дайындап, қашықтықтан онлайн арқылы алып отырады, сонымен қатар ZOOM платформасында пәндер бойынша сабақтар өткізіліп отырады. Бақылау жұмыстары қосымша беріледі. Осылайша, ресурстық орталықтар ШЖМ оқушыларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етіп келеді. 2018, 2019 жылдары екі жыл қатарынан «Үздік ресурстық орталық» республикалық конкурсында жүлделі 2, 3 орындарды иелендік.
Шағын жинақталған мектеп мұғалімдерінің шеберлігін шыңдау мақсатында 2019-2020 оқу жылының қыркүйек айынан бастап, Екібастұз қаласының мамандандырылған «Зерде» дарынды балаларға арналған мектебімен келісім-шарт бойынша Байет және Екібастұз мектептерінің арасында қауымдастық құрылды. Өзара әрекеттестік және ынтымақтастық жобасы шеңберінде мұғалімдердің педагогикалық шеберліктерін шыңдауда әдістемелік-тәжірибелік көмектер ұйымдастырып іс-тәжірибелерімен бөлісіп, алмасып отырады.
Павлодар облысының білім беруді дамытудың инновациялық орталығы әзірлеген «Құқықтық мәдениеті толысқан қоғам» жобасына екі ауыл мектебі» (Байет, Сарықамыс) қатысып отыр. Аталған мектептерде педагогтердің құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша іс-шаралардың кешенді жоспары құрылды. Жоспарға сәйкес педагогтердің құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Мектеп педагогтеріне құқықтық лекторий, білім беру құқығымен байланысты өмірден алынған проблемалық жағдайларды шешуге бағытталған практикалық бағыттағы семинарлар, білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық бағыттағы актілер туралы ақпараттар берілді. Сонымен қатар білім беру құқығы мәселелері бойынша коучинг, тренингтер өткізілді (мәселелерді шешу, медиация және т.б.) онлайн-кеңестер берілді.
Олқылықтардың орнын толтыру бойынша менти-мектептеріне әдістемелік сүйемелдеу көрсету жоспар бойынша жүргізіледі.
Бақылаудың мақсаты: «Менти-мектептеріне білім алушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтыру және жою бойынша әдістемелік сүйемелдеу көрсету».
Білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру үшін пән мұғалімдерінің арнайы құрылған жұмыс жоспарына сәйкес оқушылармен жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі. Үлгерімі төмен оқушылардың жұмыс дәптерлері, түзету жұмыстары, деңгейлеріне сай арнайы құрылған тапсырмалар, тақырыптық тестер және т.б олқылықты жою жұмыстары жүзеге асырылуда. Павлодар облысы білім беруді дамытудың инновациялық орталығының «Жақсы мектеп үшін жаңа мұғалім» жобасы аясында ұйымдастырылатын семинарларға, «Екібастұз қаласының білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет тарапынан апта сайын ұйымдастырылатын менти-мектептеріне арналған «Оқушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтыру бойынша жұмысты ұйымдастыру тәсілдері» атты әдістемелік сағатқа үнемі қатысып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Мұндай жұмыстар мұғалімдердің шағын жинақталған мектептерде жұмыс жасаудағы кәсіби шеберліктерін шыңдайды.
2020-2021 жылдары ШЖМ мұғалімдеріне арналған арнайы курстан 348 мұғалімнің 192-сі өткен, бұл 55 % құрайды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде менти мектептердің білім сапа көрсеткіштері, мұғалімдердің кәсіби біліктілік санаттары,,ҰБТ көрсеткіштерінің артқанын байқаймыз:
сапа | біліктілік санаты | ҰБТ көрсеткіші | |||||||
2020-2021 | 2021-2022 І-ж/ж | 2020-2021 | 2021-2022, І-ж/ж | 2019-2020 | 2020-2021 | ||||
зерттеуші | сарапшы | модератор | зерттеуші | сарапшы | модератор | ||||
57 | 61 | 23 | 47 | 41 | 48 | 96 | 63 | 83,2 | 85,66 |
Дарынды да талантты оқушыларды тәрбиелеу, білім беру бүгінгі ұстаздардың басты міндеті. Әр баланың келешегіне үмітпен қарау және алға ынталандыру мұғалімнің шеберлігі. Атап айтсақ:
ҚР Білім және ғылым министрлігімен бекітілген міндетті олимпиадалар мен конкурстарға Екібастұз өңіріне қарасты ауылдық мектеп оқушыларының қатысу белсенділігі жоғары болып отыр
1. 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Мың бала» ұлттық олимпиадасының республикалық кезеңінде 8 оқушымыз (Байет, Сарықамыс, Ақкөл). Әмірбай Нұртілеу, Амренова Айдана, Шымарбекұлы Нұрәлі, Қадырова Айнара, Қаббар Камила, Мақсұт Шырын, Мұраткел Нұрфатима және Рымжанова Дильназ (6-сынып оқушылары) жүлделі орындарды иеленді.
2. Облыстық сырттай білім алу мектебіне 8-10 сыныптардан 76 оқушы белсенді қатысуда. Математика мен физика, химия мен биология, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті және география мен Қазақстан тарихы сияқты сегіз пән бойынша өтіп жатқан олимпиаданың мақсаты: «Ауыл оқушыларының теориялық және практикалық дағдыларын арттыру және аса дарынды оқушыларды анықтау».
3. 5-7 сынып оқушыларына арналған «Жас кемеңгер» мектебі. Сегіз пән бойынша алты ауылдық мектептен жалпы 46 оқушы белсенді қатысуда.
Өңіріміздің ауыл мектептерінің 8-сынып оқушыларына арналған републикалық «Iqanat» олимпиадасы өткізіліп келеді. Биылғы оқу жылында үш кезеңнен тұратын білім додасының қалалық кезеңіне 110 Екібастұздық оқушы белсене қатысты (офлайн).
Республикалық «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауында Атығай мектебінің 9 сынып оқушысы Амангелдіқызы Аяулым – 2 орын;
Республикалық «Ақберен» байқауында Аққөл мектебінің 11-сынып оқушысы Қадыр Аслан 3-орын, облыстық «Жас кемеңгер» сырттай оқу мектебі олимпиадасының жүлдегері Сарықамыс мектебінің 5-сынып оқушылары Амренова Айдана, Хонай Туйгын, Жумангелд Арман, облыстық «Зерде» ғылыми жобаларында марапатталды.
Оқытудың оңтайлы мотивациясының қалыптасуыСөзімді қорытындылай келе Ушинскийдің: « Шағын мектеп мұғалімі, өз сабағында шағын оқушыларды тарта білуі, белсенділігін оята білуі — сол мұғалімнің еңбегінің көрсеткіші» деп атап көрсеткендей Екібастұз қаласының білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің шағын жинақты мектептерге, әдістемелік-тәжірибелік көмек беру, тәжірибе алмасу барысында қандай межеге қол жеткіздік?
- Мектепте және мектептен тыс білім нәтижесіндегі қажеттілік, сұраныс деңгейлерінің артуы;
- ШЖМ мұғалімдері командада жұмыс жасап, серіктестікте болуға;
- Мұғалімдердің кәсіби шеберліктері мен оқушылардың бейіндік шығармашылық дағдыларының шыңдалуы;
- Мұғалімдердің ақпараттық, қашықтықтан оқыту технологияларын меңгеруі;
- Оқу-тәрбие үрдісін жаңа бағытта ұйымдастыру;
- Жаңашылдық негізінде білім сапасының артуы;
- ШЖМ жұмысын ұйымдастырудағы проблемалардың сатылап шешілуі.
Қарыштап дамыған мемлекетіміздің болашағы алтын бесігіміз ауылдан басталатынын ұмытпай, шағын жинақталған мектептерді дамытуда өз үлесімізді қосайық!