Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНДЕ ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ РЕСУРСТАРЫН ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНДЕ ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ РЕСУРСТАРЫН ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы
«Е.Шаханов атындағы тірек мектебі (РО)» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
КӨШКІНБАЕВА Әсел Болатқызы

XXI ғасыр – әлем дамуының жаңа ғасыры, технологиялар мен тың жаңалықтардың, білім мен ғылымның заманы. Уақыт өте заман қарқынды дамуда. Соған орай әр күн өзгерістерге, жаңа бір тың ақпараттар мен жаңалықтарға толы. Қазіргі кезең озық идеяларды, тың шешімдерді, үлкен еңбек пен білімнің мол қорын қажет етеді. Қазіргі кезең – білімділердің кезеңі. Сол үшін де заман ағымынан қалмау, ашылып жатқан жаңалықтарға ілесу, жаңа заман көшбасшыларының қатарынан болу, бәсекеге қабілетті болу үлкен білімді талап етеді. Бүгінгі күнде басты назарда тұрған мәселе – ол білімді, ой өрісі кең, жан-жақты тұлғаларды дамыту. Себебі тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш – білім және білімді ұрпақ. Келер ұрпақты білімді ету үшін ең алдымен білім сапасын арттыру қажет. Осы орайда мұғалімнің алар жауапкершілігі зор. Ол оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыра отырып, білім сапасын арттыруды көздеуі тиіс. Бұл көп ізденісті, жаңа технологияларды пайдалану шеберлігі мен жаңашылдықтың болуын талап етеді. Қазіргі цифрлық даму кезеңінде цифрлық ресурстарды пайдалану қажеттілігі де осыдан келіп туындайды.

Кез келген сабақ өз мақсатына толық жету үшін оған белгілі бір әдіс-тәсілдерді таңдап, саралап қолдану керектігін тәжірибе көрсетіп отыр. Сабақ мақсатына жетуі үшін ең алдымен тиімді әрі дұрыс жоспарланып, сол жоспарға сай ұтымды әдіс-тәсілдердің, ресурстардың таңдалғаны жөн. Әсіресе қазіргі жаңа инновациялық технологиялар кезеңінде цифрлық білім беру ресурстарын қолданудың тиімділі зор. Цифрлық білім беру ресурстары арқылы жасалып жатқан оқыту процесі оқушылардың жаңашыл ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды жүйелік байланыстар мен заңдылықтарды табуға итермелейді. Соның ішінде цифрлық білім беру ресурстарының қазақ тілі пәніндегі тиімділігін қарастырсақ.

Цифрлық білім беру ресурстары – білім беру мазмұнын анықтайтын электронды жүйе компоненттерінің бірі. Өзінің цифрлық білім беру ресурстарын мектепте қолдану туралы әдістемісінде Е.В.Савелова цифрлық білім беру ресустарының жиынтығында шартты түрде мынадай компоненттерді атап көрсетеді: «интербелсенді компоненттер, демонстрациялық графика, мәтіндер, мұғалімге арналған материалдар» [2]. Цифрлық білім беру ресурстарын педагог сабақ жүргізу үшін де, оқушылар оны өз беттерімен сабаққа дайындалу үшін де пайдалана алады. Цифрлық білім беру ресурстары педагогтарға оқытудың әр түрлі мақсаттары үшін оқу материалын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал Р.І. Қадірбаева цифрлық білім беру ресурстарының тиімділігін былайша түсіндіреді: «Оқушыларға мұғалімнің қатысуынсыз өздеріне ыңғайлы уақытта өз темпінде теориялық материалдармен танысуға, лабораториялық жұмыстар мен тестік тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді» [3].

Қазіргі кезде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде өзім де цифрлық білім беру ресурстарын өз тәжірибемде, сабақтарымда қолданып жүрмін. Атап айтсам, learning apps, quizizz, kahoot, classMarker, canva, animoto, animaker, padlet және т.б. Learning apps, quizizz, kahoot, classMarker сервистері – интерактивті оқу-әдістемелік қосымшалар жасауға, оқушылардан кері байланыс алуға мүмкіндік беретін тиімді сервистер. Ал canva, animoto, animaker платформаларын сабақты түсіндіруді, сабақты өткізуді тиімді әрі қызықты етіп ұйымдастыру үшін қолданамын. Осылардың ішінде қазақ тілі сабағында тиімділігі зор және педагогикалық тәжірибемде басым қолданыс тапқан –  «learning apps» ресурсы. Ол интерактивті модульдердің көмегімен оқыту және оқыту процесін қолдауды, модульдерді жылдам құру мен өзгертуді, тапсырмалар базасын жинақтап, қолжетімді етуді қамтамасыз етеді. Бұл сервисте тапсырмаларды орындатудың, ұйымдастырудың сан алуан түрлері мен жолдары бар. Онда тест, салыстыру, жұбын табу, бос орындарды толтыру, мәтін енгізу, хронологиялық кесте, жіктеу, топтастыру тапсырмалары бар. Сонымен қоса ол арқылы суреттермен жұмыс жасатып, оқушылардың қызығушылығын оятатын, сабақта сергітетін тапсырмаларды да құрастыруға болады. Бұдан бөлек викториналық сұрақтар, пазл, аудио/видео контент, сөзжұмбақ т.б. модульдерін ұсынады. Мұғалімнің міндеті – осылардың арасынан қайсысын қай тапсырмаға қолдану тиімді екенін саралап алып, берілген тапсырманы орындауда ұтымды әрі тиімді болатынын алу.

Мәселен викториналық сұрақтар модулінде қазақ тілі пәнінде мәтін бойынша мынадай тапсырма ұйымдастыруға болады. Оқушыларға ресурстың көмегімен бейнематериалды көрсетіп, сол бейнематериал бойынша викториналық сұрақтарға жауап алады. Бұл оқушылардың тыңдалым дағдыларын жетілдіре түседі. Тыңдалым дағдыларын жетілдіре түсуге аталған цифрлық ресурстың «аудио/видео контент» модулі де көмектеседі. Ресурстың екі модулінде де тыңдалған мәтін немесе көрген бейнематериал бойынша сұрақтар бір сарынды емес, әр түрлі түрде беріледі. Ал «мәтінді енгізу» модулі оқушылардың ауызша жауабынан бөлек, оның жазу  сауаттылығын да тексеруде тиімді. Оқушылар сұрақтың жауабын немесе мәтінді жазбаша енгізе отырып, оның дұрыс жазылуына назар аударады, естеріне де сақтап қалады. Осындағы «әріптерден сөз құрау» тапсырмасын мәтіндегі тірек сөздерді табуда, олармен жұмыс жасауда қолданса, оқушыға да есіне сақтау оңай болады әрі зеректігін де шыңдай түседі. Бұл тапсырманы сергіту сәті ретінде де, оқушылардың сабақ арасында бой сергіп алуына да ұсынуға болады. Сабақ барысында оқушыларды сергіте отырып, тақырып бойынша негізгі сөздерге, мәтін бойынша тірек сөздерге де назар аудартады. Қазақ тілі сабағында қосымшаларды, яғни жұрнақ пен жалғауды өткенде тапсырма ретінде осы цифрлық білім беру ресурсындағы «бос орындардарды толықтыру» модулін қолдану ұтымды. Оқушыларға қосымшаларды түсіндіргеннен кейін практикалық жұмыс ретінде алуымызға болады. Оқушылар осы модулдің көмегімен бос тұрған орындарға интербелсенді тақта арқылы қажетті қосымшаларды қойып жазады. Ең басты тиімділігі әр модулде тапсырманың шарты жазылып, оқушылар барлық тапсырмалардан соң қанша қате жібергенін, қайсысы дұрыс емес екенін біліп, кері байланыс жасай алады.

Ал quizizz, kahoot, classMarker ресурстары қазақ тілі пәнінде әр бөлімнен соң оқушылардың бөлімді қаншалықты меңгергендерін білу үшін, бөлім бойынша білімдерін пысықтау үшін қолдануда маңызды.

Білім беру үдерісін ақпараттандырудың негізі тек техникалық жағынан ғана емес, сонымен қатар шығармашылықты да талап етеді. Сабақ барысында мұғалімге көмекші болатын презентациялар, бейнероликтер тағы басқа да материалдар сапалы дизайнды, заманауи графикалық дизайнның ерекшеліктерін түсінуді қажет етеді. Сабақта бір сарынды презентациялар мен бейнематериалдарды көрсете беру оқушының қызығушылығын төмендетіп, ынтасын түсіреді. Сондықтан сабақта canva, animoto, animaker сияқты цифрлық ресурстарды қолданудың пайдасы зор. Мәселен қазақ тілі сабағында жаңа тақырыпты түсіндіруде де, түсінідіріп болған соң кері байланыс алуда да «canva» платформасын пайдалану ұтымды болады. Ондағы әр санат, мысалы, «жаттығу парағы» немесе» «диаграмма» ондаған тақырыптық үлгілерден тұрады. Мұғалімге тиімділігі де осыдан көрінеді. Мұғалім барлығын нөлден бастап жасамайды, тек тапсырмаларды орындау үшін қол жетімді дайын үлгілерді дұрыс пайдаланады. Қажет болған жағдайда ол үлгілерге өзінің сабағына сәйкес өзгертулер енгізе алады.

Оқушылардың сабаққа белсенді қатысуы, сабақты түсінуі олардың сол сабаққа деген ынтасын, қызығушылығын арттырумен тығыз байланыста. Түрлі әдіс-тәсілдер мен ресуртарды қолданып, оқушылардың сабаққа деген назарын аударып алу маңызды. Егер оқушы үшін сабақ қызықсыз әрі түсінуге қиындық туғызса, оқушының тақырыпты түсінуі де, тақырыпқа енуі де қиын болады. Осы үшін мұғалімге жаңашылдық, шығармашылық ізденіс пен жаңа технологияларды меңгеру шеберлігі қажет. Ол түрлі сипаттағы жаңа цифрлық білім беру ресурстарын ұтымды пайдалана алуы керек. Сондай сипаттағы қазақ тілі сабағында қолдануға болатын және өзім де жиі қолданатын, тәжірибемде зерделеп жүрген ресурс – animaker. Ол бейнені анимациялық сипатта жасап, оқушылардың назарын бірден аударады. Қазақ тілі сабағында жаңа тақырыпты түсіндіру барысында, грамматикалық жаңа ережені өткенде осы ресурс арқылы жаңа анимациялық бейнені жасап, сол бейне арқылы түсіндіру өте тиімді. Бұл жерде жаңа тақырыпты, ережені мұғалім емес, мұғалім жасаған анимациялық бейне түсіндіреді. Ал бұл оқушы үшін бірден қызықты болатыны сөзсіз. Оқушы жасалған бейнеге қызыға отырып, сабақтың тақырыбына да ене бастайды. Әсіресе төменгі сынып оқушылары үшін бұл ресурсты пайдалану тиімдірек деп ойлаймын. Мәтінмен жұмыс кезінде де мәтінді осы арқылы оқытып, жұмыс жасатқан пайдалы болады.

Сонымен жоғарыда цифрлық білім беру ресурстарын қарастырып, олардың ішінен қазақ тілі сабағында қолдану тиімді болатындарына тоқталып, зерделедік. Байқағанымыздай, оларды көп жағдайда мәтінмен жұмыс жасау кезінде пайдалану ұтымды болады. Ал қазақ тілі пәнінің негізі де сол мәтін екені анық. Ендеше цифрлық білім беру ресуртарын қазақ тілі пәнінде қолдану тиімді екенін көреміз.

Қорыта келгенде, цифрлық білім беру ресурсы мұғалімге қосымша материалдар ұсынып, сабақты шығармашылық бағытта жүргізуге жағдай жасайды. Тапсырманы тиімді  ұйымдастырып, оқу мақсатына жетуге мүмкіндік береді. Сабақ мазмұнын ақпараттық коммуникациялық технологиялардың жаңа мүмкіндіктерімен толықтыруға, оқушылардың назарын аударуға, ақпараттарды көрнекі түрде көрсетуге бағыттайды.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, 2018 жылғы 31 қазандағы №604 бұйрығы
  2. Савелова Е.В. Цифровые образовательные ресурсы в школе: методика использования. Обществознание. Сборник учебно-методических материалов для педагогических вузов. – Москва, 2008.
  3. Қадірбаева Р.І. Жаңа ақпараттық білім технологиясын пайдаланып оқытудың ерекшеліктері. Шығармашылық іс-әрекетті дамыту арқылы бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру мәселелері: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. – Шымкент, 2009.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.