«Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерді жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі… , мейілінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ… , жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…
қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», —
деген өз сөзінде данышпан, ұлы ғұлама Әл – Фараби.
Осындай қабілеттерімен бірге қазіргі заманға сай бастауыш мұғалімінің қандай болғанын қалар едік?
«Білімнің кілтіндей,
Әліппе ұстатқан,
Оқуға іркілмей,
Тоқуға ұстартқан», — деп алғаш мектеп табалдырығын аттап, білім есігін ашқан баланың жүрегінде алғашқы ұстазы мәңгілік есінде қалады. Себебі, бастауыш мұғалімі — мектептегі білімді бастаумен қатар баламен тіл тауып, оның бойына білім ұрығын себетін басты тұлға. Басқарған төрт жылдық көш керуен жолдың оң бағытына басталмаса, әрі қарай әнмен, сәнмен жүруге ешқандай мүмкіндік болмайды. Бәрін қайтадан бастау – қиюласпайтын шаруа.
Бастауыш сынып мұғалімі қазіргі заманға лайық өзінің білім беру ісінде рухани, шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технологияны меңгерген, білігі мен білімі жоғары болуы міндет. Онымен қоса, біріншіден, баланы өздігінен ізденуге үйрету үшін өзі метасауатты болуы керек. Метасауаттылық – өз бетімен білім алу, оқу, оқу нәтижесі басым шығармашылық потенциалдың даму деңгейі.
Екіншіден, мұғалім – функционалды сауатты болуы шарт. Функционалдық сауаттылық – деректерді ой елегінен өткізу, бағалау, сыншылдықпен ұғынуға қабілеттілік.
Үшіншіден, мұғалім – шығармашылық сауатты – креативті тұлға. Креативтілік сөзі – латынша жаңаны жасап құру, адамның шығармашылық дарын деңгейі, шығармашылық қабілеті дегенді білдіреді. Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – әдістеме саласындағы ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік игеруі. Оларды күнделікті қызметінде пайдалана білуі. Әрбір ұстаз қандай жұмыс істесе де, жетістігін, қол жеткен табыстарын, жазған баяндама, мақалаларын, ашық сабақ материалдарын, семинарлардағы жетістіктерін жинақтап жүруі керек. Осы орайдағы
мұғалімнің жинақтаған шығармашылық еңбегі, жұмыстарының мазмұны өз шеберлігінің арқасында зерттеу жұмыстарын жазуға, жүйелеуге бағыт береді. Осы орайда Шәкәрім:
«Құлағы мен көзін аш,
Оқу оқыт, ғылым жай,
Насихатты сөйтіп шаш.
Газетке жаз, кітап жаз.
Бастыр, оқыт, қазаққа…» — деп бекер айтпаған.
Төртіншіден, мұғалім – жаңашыл, яғни жаңалық жаршысы болу.
Бесіншіден, мұғалім – шебер ұйымдастырушы. Ұстаздық ету – өзіңнің
уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау. Жарық дүниеде бұдан асқан қиямет-қайым қызмет жоқ. Патшалық құру — ұстаздық етуден он есе жеңіл. Ұстаздың міндетін патша да, бай да, батыр да атқара алмайды. Ұстаздық ету ұстаздан басқа ешкімнің қолынан келмейді. Қысқасы, патшалық құру – рахат, ал ұстаздық ету – бейнет. Сонымен қатар, ұстаз қызметі – құрметті. Жақсы ұстазды халық құрметтейді, ел сыйлайды, шәкірттің есінде қалады. Жапондардың жеті құпиясының бірінде: «Жан рахатына бату үшін, жанын сала жұмыс істеу қажет», — деуі тегін емес.
Алтыншыдан, әр мұғалім – өз ісінің шебері болғаны жөн. Қазақтың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсариннің «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс», — деуінде мағына жатыр. Бұл сөз қазіргі мұғалімнің бойынан табылмағы ләзім.
Майталман ұстаз, ардагер Молот Мұсаұлы Солтанаевтың өлеңінде:
Ұстаздықта білімнің түп қазығы
Қасиеттеп ұстаз деген ұғымды,
Келем ұстап ардай аппақ туымды,
Бақыт іздеп, байлық қуып кетпедім
Сын сәттерде аудармадым жүгімді
Даналардың үлгі тұтып сөздерін,
Бұлақ көрсең аш, деген соң көздерін.
Сан шәкіртті сусындатып білімге
Уақыттың қалай өткенін сезбедім…
Ұстаздық – ол төзімділіктің үлгісі
Шәкіртіне бағытталған бар ісі.
Жігер жанып, жүрек сүйіп келмесе,
Мың адамнан қалар кейде бір кісі, — деп жырлағандай, бастауыштың ұстазы – кәсіби шеберлігі жоғары ұстаз болуы шарт. Ал, шеберлік үлкен ізденіспен, зор еңбекпен келері сөзсіз.
Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі Касенова Мансия Алтаевна