Акылаева Улбосын Чапаевна
Алматы облысы
Қапшағай қаласы
«Орта мектеп-гимназия мектепке
дейінгі шағын орталығы» МКМ
бастауыш сынып мұғалімі
Бүгінгі таңда ұстаздың орны қоғамда маңызды орын алады. Ұстаздар елдің білім сапасымен дарындарын көбейте түсетін тұлғалардың бірі. «Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп, табуға үйретеді» демекші ұстаздардың еңбегі зор. Қоғамда ұстаз ол асыл тұлға, шәкірттерінің екінші анасы деп жатады. Расымен де, оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы, екінші анасы – мұғалім. Алайда осынау ұстаздық жолда өз киыншылықтары мен кереметтері де бар.
«Тәуелсіз елдің ұстазы» деп қазіргі заманның білім саласындағы сөз, ой бостандығы, ұстаздардың құқығымен білімге деген жеке көзқарасы айтады. Қазіргі ой санасы толық жетілген жасөспірімге білім беріп қана қоймай, тәлім — тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдық, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес. Сондықтанда, әр ұлағатты ұстаздың бойында адемгершілік, қарапайымдылық, әр оқушының тілін таба білетін қасиеттер болу керек деп ойлаймын. Алайда екінің бірі ұстаз бола алмайды.
Бұл мамандық тұрақтылық пен шыдамдылықты талап етеді. Ұстаздық жолдың басында неше түрлі кедергілерге тап боласын. Ол ең алғашқы шәкірт, түсініспеушілік, тәжірибенің жоқтығына әкеп келеді. Тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, балаға тәлім-тәрбие беріп, осы өмірдегі өз жолын табуға көмектесу жаңа келген жас маманға артқан құнды жауапкершілік сияқты.
Қазіргі тәуелсіз елдегі ұстаздықтың басты проблемасы мамандықты мойындамау, ұстаздықтың құнын бағаламау болып келеді. Және де мұғалімдерге осы жаңа заманның жаңа деңгейге өткені, яғни электронды бағдарламалар қиыншылықтары да кездеседі. Сондықтан да жаңа ғасырдың жаңашыл, жеке тұлғасын қалыптастыруда жаңа технологияларды, жаңа әдістерді қолдануға көштік. Ол оқушыларды қалыптастырушы бағалауда, сондай-ақ жиынтық бағалау барысында өз деңгейінде білімін көрсету жолында әр сабақты дайын дүние бере салумен емес, бірінші тәжірибе жасап, сол тәжірибеден теория құрастыруға бейімделеді. Бұл қиындықтар мамандардың ынтасында жоғалтуы мүмкін.
Менің ұстаздық өмір жолым 2000 жылдан басталып еді. Оқу мен тәрбие егіз демекші алғашқы іс-тәжірибемді түрлі үйірмелерде, балалармен қалай қарым-қатынас жасауды үйрендім. Әрине, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін ұстаздық жолда түрлі қиындықтан өтіп, өзімді шыңдадым десемде болады. Ол өткен әрбір қиындығым болашақтағы «Ұстаз» атануыма себепші болды деп айта аламын. Ал, өз мамандығым бастауыш сыныптарды оқыту мұғалімі. Алғашқыда бір қорқыныш бойымды билеп, үйрене алмай жүрдім. Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боларсың — демекші, әрбір мықты ұстаздардың сабақтарына қатысып, білмегенімді ұялмай, сұрай жүріп, біраз дүниелерді үйрендім. Өз жолымда неше түрлі семинарларға қатысып кәсіби біліктілікті арттыру курстарын өтіп, білімімді тереңдетіп, шыңдалу үстіндемін. Тағы да түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды да алған болатынмын. Оқушылармен өткен әр ашық сабақ, түрлі байқауларда менің тәжірибемде артта түсті.
Ал ендігі кезекте оқушылардың өміріне, дұрыс шешім қабылдауына ұстаздың көмегі қалай әсер ететінін айта кетсем. Әр қайсымыз білетіндей оқушы өзінің балалық шағынан бастап үлкен өмірге қадам басқанға дейінгі өмірін мектепте өткізеді. Яғни оның өмірге деген көзқарасы, қоғаммен ара-қатынасы, сенім мен жақын достары осы мектеп қабырғасында қалыптасады. Ал біз мұғалімдер олардың осы дұрыс жолдан таймауына жауап береміз. Оқушы өзінін көзқарасының маңызын түсіну барысында игеруге талпыныс жасау керек, өзінің басты міндеті – білім алушының танымдық құзырлылығын дамыту біздің қолымызда. Ол үшін мыналарды ескеру қажет: оқушының материалды қабылдау ерекшелігін ескеру, оқыту үрдісіндегі ашықтық, еркіндік, оқушының тұлғалық қасиетін қалыптастыру және жеке дара оқыту үрдісін ұйымдастыру қажет. Одан басқа оқуға деген құштарлығын, пәнге деген қызығушылығын ояту біздің маман ретіндегі басты мақсатымыз. Сабақ барысында жеке тұлғаның психологиялық жай-күйін ескере отырып, есте сақтау қабілетін, жадысын, кез-келген ақпаратты қабылдау дағдысын, дәлелді мысал келтіре алу қабілетін жетілдіру табиғатқа бақылау жүргізе білуімен байланысты. Берілген тақырып ішінен ең қажетті, ең пайдалы нәрсені сұрыптап, таңдай білу оқушының ойлау қабілетін ұштап, соған сай әрекет етуге ұмтылу керекпіз. Міне осылайша біз баланың оқуға да, өмірге деген көзқарасын дамытамыз.
Ендігі менің жас ұстаздарға арналған кеңестерге тоқталып өтейін. Біз бәрін басынан бастағанбыз және сол жолдың басында әрқайсымызға қолдау мен кеңестер жетіспеді. Сол үшінде менің жас мамандарға айтарым бар. Ең алдымен, біз ұстазбыз. Ұстаз сабырлы да, салмақты болуы керек. Алдына келген әрбір баланың жүрегіне жол таба алуымыз керек. Ұстаз шәкіртінің жүрегіне жол тапса, оның еңбегі ешқашан бос кетпейді демекші, оқушы жүрегінде мәңгі сүйікті ұстаз болып қалуға тырысуымыз қажет.
Ұстаздық қызмет қыры мен сыры мол біртұтас гуманистік мамандық. Сондықтан кәсіптік білімі мен біліктілігі, мамандық ісіне төселіп, әдеп-дағдыларын қалыптастыратын, ұстаздық мамандыққа тән адамгершілік және мамандықтағы білімділік қасиеттері ұстаз бойында болуы керек. Ұстаздың шәкірттерге деген ықылас-ынтасы, балаларға сүйіспеншілігі мен жанашырлық көзқарасы, ұстаздың оқушыға деген ұстамдылығы мен байсалдылығы, мінез-құлқын, сезім күйін билей алуы ең маңызды. Және де өз әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста болу. Міне, осылайша осы барлық қасиеттерді өз бойына сіңіріп, игі мақсатқа ұмтылған кісі ғана аса құрметті мамандықты игере алады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келгенде, «Ұстаздық – ұлы құрмет». Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген сөздерінің жаны бар, барлығы да мұғалімнің бізге берген сарқылмас білімі мен баға жетпес тәрбиесінен бастау алады.
Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау. Әр уақытымызды құрметтеп, мейірім шуағымен бөліседі. Өмірін ұстаздыққа арнаған адам өмірінің соңына дейін құрмет қошеметке ие болмақ. Айта кететінім, әрбір мұғалім барлық жаңалықтар мен өзгерістерден хабардар болып, оқыту түрлерін, әдіс-тәсілдері мен құралдарын жетілдіріп, оларды тиімді қолданудың жолдарын іздестіріп, өз кәсібін шығармашылықпен дамытып отыру қажеттілігін түсіну керек. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады. Ұстаздықтың ащы мен тәттісін көрген мұғалім осы біздің тәуелсіз елдің ұлағатты ұстазы болады.