«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын талдауда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов білім беру сапасын арттыруды жан-жақсы талдай отырып, мұғалімнің кәсіби-тұлғалық дамуына да баса назар аудара келе, баланың білім алуына жағдай жасауда педагогтің рөлін және кәсіби даярлығының маңыздылығына тоқталды.
Педагог мәртебесіне байланысты мәселелерді шешуде негізгі үш жол бойынша ілгерілеу анықталды. Бірінші жол – жаңа деңгейде педагогтердің біліктілігін жүйелі арттыру, екінші жол – жалақыны арттыра отырып материалдық ынталандыру, үшінші жол – педагогтің беделін арттыру үшін имидждік жұмыс жүргізу, мұғалімнің оң имиджін қалыптастыру.
Неліктен мұғалімнің мәртебесі туралы мәселе соншалықты маңызды?
Бұл заңның қабылдануы мұғалімнің, педагогтың біздің еліміздің де, жалпы әлемнің де бүкіл білім беру жүйесінің басты тұлғасы екенін көрсетеді. Мұғалім адамзат өркениетінде ерекше рөл атқарды және ойнайды. Ол, шын мәнінде, өркениетті төртінші өлшемде – уақытпен байланыстыратын буын ретінде қызмет етеді. Адам жинаған білім мен дағдыларды әрбір келесі ұрпаққа беретін мұғалім. Тек білім ғана емес, сонымен бірге әлемді түсіну мен дүниетаным, ойлау тәсілдері, ұлттың жаны, адами құндылықтар, мәдениет және тағы басқалар. Мұғалімдер – бұл әрбір жаңа ұрпаққа ата-бабалар ұрпақтарының жетістіктері мен қамқорлығын жеткізіп, әрқайсысына болашаққа есік ашатындар. Мұғалім мәртебесін көтермей, оған құрмет көрсетіп, оның қиын және асыл еңбегін тиісті биіктікке жеткізбейінше біз маңызды мақсаттарға жете алмаймыз. Мұны жаңа технологиялармен, әдістермен, тәсілдермен немесе модельдермен алмастыруға болмайды. Ежелгі дәуірден бастап шығыста мұғалімге деген көзқарас ең құрметті болды, ол ең құрметті адамдардың бірі болды. Біздің басты байлығымыз – адам, ал ұлы Абай айтқандай: «Адамдағы ең үздік нәрсе – мұғалімнен».
Ғылыми-педагогикалық зерттеулерде ғалымдар адамның құндылықтық-мәндік сферасын қалыптастыру мәселесін жиі қарастырады, бұл оларды өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік білім беру проблемасына әкеледі. Көптеген зерттеулерге ортақ нәрсе бойынша руханилыққа адамның өз-өзімен жұмыс істеуі үдерісінде қол жеткізіледі. Жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі педагог- мұғалімнің рөлін қарастыратын болсақ, онда ол барынша зор назар аударуы тиіс.
Табысты тұлға дамытудың факторы ретінде, сондай-ақ бүкіл мектептің, жоғары оқу орындарының білімдік үдерісінде педагогтің жеке үлгісі маңызды болып табылады. Педагог рөлі, оның адамгершілік және кәсіби беделі еліміздің рухани- адамгершілікті, жауапкершіл, бастамашыл және құзіретті азаматын тәрбиелеу ісінде түйінді маңызға ие. Бүгінде педагог тек білімдік жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне жауап береді, тәрбие үдерісін ізгілендіреді және бір мезетте ұлттық мәдениеттің, халық даналығының бүкіл адами тәжірибесін есепке ала отырып, қоғамдық шындықты құрады. Заманауи қоғамның қажеттіліктері сапалы оқыту міндетін ғана емес, заманауи әлемде болып жатқан үдерістерге бейімделе алатын жоғары адамгершілікті, рухани бай Адамды тәрбиелеуді жүктейді.
Күнделікті өмірде сауат ашқан, санауға, оқуға және жазуға үйреткен адам мұғалім деп саналады, шындығында, шеберліктің кез келген түріне үйреткен адам нағыз ұстаз болып саналады. Ал әңгіме кәсіби педагогтер, оқытушылар, тәрбиешілер, тәлімгерлер мен жаттықтырушылар жайында болса, онда мұғалім дарынды және талантты атақты иеленетінін сенімді түрде айтуға болады. Мұғалімнің міндеті оқушыны ғылымға тарту, негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру, яғни ойлаудың көркемдігін, таңқалуды, ашылулар қуанышын, жеке сәттіліктері мен жетістіктерін бірлесіп ұйымдастыруы тиіс. Бұған балада болатын ең жанды энергияны өз бойында сақтай алған және оны есею жолындағы өмір сүру қиындықтары мен қазіргі білім берудің сапырылысынан алып өте алған адам ғана қол жеткізеді. Дмитрий Иванович Писарев: «Тәрбиелеу ісіндегі мәселе кімнің тәрбиеші екендігінде» деп айтқан. Біздің әрқайсысымыздың белгілі бір тәсілдермен тұлғалық қалыптасуымызға ықпал еткен алғашқы ұстазымыз бар. Алайда жеке тұлғаның білімдік дамуынан өзгеше оның рухани-адамгершілік біліміне жауапкершілікті педагог өз мойнына алатынын естен шығармау қажет. Мұғалімнің басты қызметі, нақ осымен, яғни жалпы алғанда, өскелең ұрпақтың рухани әлемін, адамдық ережелер мен сенімдерін қалыптастыруымен анықталады. Мұғалім баланың жастайынан-ақ жалпыадамзаттық құндылықтарын ашады, әлем туралы түсінігінің дұрыс қалыптасуын тәрбиелейді, осыған сәйкес мінез-құлқын реттей алуды, мейірімділік, қайырымдылық, шыдамдылық, басқаларға құрмет пен ізгілік қағидатында өмір сүруді үйретеді.
Мұғалім – әрбір баланың білімділік, көргендік пен әдептілікке үйренетін адамы. Ол осының бәріне мейірімділігімен, парасаттылығымен, адамгершілік тазалығымен дайын адам болуы тиіс. Оқушы білімін көбейтуге ғана емес, сонымен бірге жан игілігі мен жақсы мінезге үйренуге талпынады. Мұғалім адам өмірінде зор қызмет атқарады. Ол баланы толыққанды үйлесімді тұлғаға айналуына ықпал етуші жан. Мұғалім мамандығы сөзсіз қиын, тіптен балада өзімен жұмыс істеу талпынысын ояту және жүректің кеңпейілдігін тәрбиелеу оңайға түспейді.
«Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КЕАҚ ұйымдастырып отырған біліктілікті арттыру курстарының мазмұны жоғарыда аталған маңызды мәселелерді кеңінен қарастырады. Қазақстанда білім беру мазмұнына құндылықтарды интеграциялаудың алғашқы маңызды және оң тәжірибесі «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы (ҚР БҒМ 28.09.2018 ж. №522 бұйрығымен бекітілген), ол біліктілікті арттыру курсының білім беру бағдарламасының негізіне айналды.
Бағдарлама білім берудің барлық деңгейлерінде тәрбие мен оқыту жүйесінің мақсаттарын, мазмұнын, сондай-ақ жұмыс істеуінің инновациялық тәсілдерін айқындайды. Бұл жүйенің басты мақсаты: білім беру салалары мазмұнының құндылық әлеуетін өзектендіру; қосымша білім беру мен оқудан тыс қызмет мазмұнының адамгершілік-рухани аспектісін күшейту; білім беру ұйымдарының қоғамдық ұйымдармен, шығармашылық одақтармен жеке тұлғаның адамгершілік-рухани дамуы мәселелері бойынша өзара іс-қимылын жандандыру арқылы білім алушылардың үйлесімді зияткерлік және адамгершілік-рухани дамуы болып табылады.
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасына курс түрлері және категориялары:
- «Өзін-өзі тану» пәнінің ғылыми–әдіснамалық негіздері (36 сағат) білім беру мекемелерінің басшыларымен орынбасарлары;
- «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың ғылыми–әдіснамалық негіздері (72 сағат) – өзін-өзі тану пән мұғалімдеріне;
- «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» (340 сағат) базалық курс — өзін-өзі тану пән мұғалімдеріне;
- «Сыныптың тұтас педагогикалық процесіндегі құндылықтар» (340 сағат) негізгі курс — өзін-өзі тану пән мұғалімдеріне;
- «Мектептің тұтас педагогикалық процесіндегі құндылықтар» (340 сағат) негізгі курс — өзін-өзі тану пән мұғалімдеріне
Бүкіл оқыту үдерісі оқытушы мен тыңдаушылардың интербелсенді ынтамақтастығына құрылады және бұл оқу үдерісіне қатысушы әр тұлғаның мейлінше ашылуына мүмкіндік береді. Ол педагогикалық өзара әрекеттесуге қатысушылардың жоғары дәрежедегі қарым-қатынасының интенсивтілігімен, іс-әрекеттің алмасуы және әртүрлі болуымен, тыңдаушылардың шығармашылық әлеуетінің ашылуымен, олардың рухани-адамгершілік өзін-өзі жетілдіруімен сипатталады.
Біліктілікті арттыру курстарында баланың рухани әлемі, болмысы және оны дамытудың рухани мәнін түсінуге басымдық беріледі. Януш Корчак «Ең үлкен жіберілген қателік – педагогиканы бала туралы ғылым деп санағанымыз, ал ол адам туралы ғылым болуы тиіс» деген. Педагогика – адам тәрбиесі туралы ғылым. Педагогика өзінің атауын гректің “pаіdagogаs” “баланы жетектеуші” сөзінен алған. Ең алғашында бұл
сөз құл қожасының баласын мектепке жетектеп апарушы дегенді білдірсе, кейін келе, ол тәрбие туралы ғылымның аты ретінде қалыптасты.
Тәрбие – әрбір болашақ ұрпақтың қоғамдағы өз орнын табуы үшін өткен
ұрпақтардың жинақтаған әлеуметтік тәжірибесін меңгеру. Адамзат қоғамының дамуына қарай, тәрбиенің мазмұны мен әлеуметтік маңызы арта түседі. Еңбек түрінің жіктелуіне қарай, «тәрбиенің» қызметін жүзеге асырумен байланысты, онан кәсіби іс-әрекет бөлініп шықты. Өсіп келе жатқан балаларға әлеуметтік тәжірибені меңгерту үшін, оларды тәрбиелейтін тәрбиеші, мұғалім керек болды.
Педагогика — қоғамның тәрбиелік қызметін жүзеге асыратын ғылым. Демек, педагогикалық іс-әрекет, объективтік шындықтың барлық қырлары,
педагогиканың обьектісі болады. Педагогика пәні – индивидтің (биологиялық жан иесінің) өткен ұрпақтардың әлеуметтік тәжірибесін меңгеруі, оқу және оқудан тыс уақыт бірлігіндегі — біртұтас педагогикалық процесс болып табылады. Ұстаздар оқушыларға әлеуметтік тәжірибенің мазмұнын меңгерту іс-әрекетін ұйымдастырушы болып табылады.
«Баланы танығың келсе, алдымен өзіңді таны. Біздер, яғни, адамдар тіршілікте әр түрлі болып келеміз, сондықтан біздің «өмір ғылымын» түсінуіміз де әрқилы. «Өзіңді өзің тани білсең, бар тіршілікті де тани аласың» деген емес пе көнелер. Неге олай айтылды екен? Осы сөздердің мәнін талқылап көрейік.
«Басқалардан бұрын білуге, тәрбиелеуге, үйретуге тиісті сен өзің сол баласың». Осы жайында Сухомлинский былай деген: « Баланы тәрбиелеуді қиын көретіндердің міні мынада, ол адамдар өзін-өзі тәрбиелеуге құлықсыз». Ал, Лев Николаевич Толстой: « Бала тәрбиелеу — шындап келгенде, өз-өзіңді тәрбиелеу» деген . , барлығының бастауы өзіңді-өзің тәрбиелеу керектігін түсінуге болады.
«Мектеп – адамгершіліктің, ізгіліктің шеберханасы». Я.А.Коменский неліктен мектепті адамгершілік пен ізгіліктің шеберханасына теңеген? ХVІ ғасыр мен ХVІІ ғасырдың аралығындағы жаңа педагогиканың негізін қалаушы, ұлы чех педагогы Ян Амос Коменский (1592-1670) жастарды тәрбиелеуде үлкен қызмет атқарады. Оның дүние жүзіне танымал «Ұлы дидактика» еңбегінде ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесінің мәселелері қарастырылған. Я.А.Коменский көзқарасының жаңа бағыттарына қайта өркендеу дәуіріндегі ізгіліктің әсері күшті болады. Ол орта ғасырлық мектеп тәртібіне қарсы шығып, мектеп балаға сүйіспеншілікті, жақсы қасиеттерді тәрбиелейтін «адамгершіліктің шеберханасы» болуға тиіс деген көзқарасты ұстанады. Я.А.Коменский: «мектеп-адам ақылының шыңдалатын шеберхана сияқты орны және оқушылардың адамгершілігін, ақылын тәрбиелеудегі білім мен оқытуды ұйымдастыратын орталық», дей келе, «адамгершіліктің аса тамаша ерекшеліктерінің бірі-эгоизмнен арылу, көпшілік ісінің сәттілігі және әділеттілік үшін әрекет ету керек» деген құнды пікірін қалдырды.
Мұғалім — болашақ ұрпақтарды қоғамдық өмірге тез әрі жеңіл қосылу үшін және сол қоғамның сол мақсаттарды орындайтын адамдарды қамтамасыз ету қабілетін арттыру үшін тәрбиелеу мен оқыту қажеттілігі себебінен әлемдегі ең кең тараған мамандықтардың бірі. «Білім берудің, жақсылық жасаудың және мейірбандықтың дәні бізге табиғаттан салынған» Я.А. Коменский. Мұғалімнің ролі оқушының ішкі әлеуетін, оның рухани – адамгершілік құндылықтар негізіндегі жоғары адамгершілік мәнін ашуға жағдай жасау болып табылады. Адамгершілік қағидаттары мен интеллектуалдық қабілеттерді иеленген рухани, адамгершілікті және дене жағынан салауатты,нағыз патриоттарды тәрбиелеу, еркін ойлай алатын, белсенді әрекет ете алатын болашақ азаматтарды құру заманауи әлемдік маңызды рөл атқарады. Қазіргі білім берудің, қоғамның және мемлекеттің басты мақсатының бірі жоғары адамгершілікті, бастамашыл, шығармашыл, жауапкершіл, құзіретті Қазақстан азаматын тәрбиелеу, әлеуметтік- педагогикалық қолдауды құру мен дамыту болып табылады.
Балаларды оқытудағы мақсатымыз жүрегіне салынып берілген осы құндылықтарды жарыққа шығару. Осы игі еңбекті қолдау және оның барынша тиімділігін қамтамасыз ету үшін біз педагогтарға зор құрмет көрсетіп, мұғалім мамандығын жоғары бедел мен мәртебемен қамтамасыз ете аламыз және солай етуіміз керек. Бұл біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің алдағы келешектегі өзгермеген ең терең сеніміне айналуға тиіс.
Какенова Д.Б.
«Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КЕАҚ
Қарағанды облысы бойынша филиалының
РАББ дамыту орталығының аға оқытушысы