Home » Мақалалар » БІЛІМ БЕРУДЕ БЕТКЕ ҰСТАР БІЛІМ ОРДАСЫ

БІЛІМ БЕРУДЕ БЕТКЕ ҰСТАР БІЛІМ ОРДАСЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – еліміздің жоғары оқу орындары арасында өзіндік дара орны бар білім ордаларының бірі. Орта Азия аймағында осы тақылеттес оқу орны жоқ десек те артық айтпаймыз. Оқу орны 90 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың аумалы-төкпелі кезеңінде ашылып, ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясынан осы уақыт аралығында жүз мыңдаған білікті маман даярланып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Айтулы ғалымдарымыз түрлі ғылым салаларына қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды. Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан оқу орны бүгінде жоғары білікті кадрлар даярлайтын негізгі орталықтың біріне айналып отыр. Қазақстандағы ұлағатты ұстаздар мен талантты ғалымдардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың дамуы жолында жемісті еңбек етіп жатыр.

Оның дәлелі ретінде, жақында ғана  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR халықаралық рейтингінде кезекті рет жоғары нәтижеге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Бір жылда университет Топ-200 ішінде 25 орынға жоғарылап, 175 — орыннан 150 — орынға көтерілді. Әлемнің үздік университеттерімен бір қатарға орналасқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдерінде өзінің көшбасшылық позициясын дәлелдеді.      ҚазҰУ-дың жаңа табысы – іскерлік басшылықтың, оқытушылар, ғалымдар мен білім алушылардың қарқынды жұмысының жемісі.   Бұл ретте, Ұлттық университет оқытушыларының біліктілігін арттыруға қашан да назар аударып отырады. Мәселен, Басқарма Төрағасы — Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен және ұйымдастыруымен, бүгінде білім ордасының 50-ге жуық оқытушы-профессорлар құрамы мен жас ғалымдары Түркияға тәжірибе алмасуға аттанды. Сапар аясында ҚазҰУ делегациясы Ақтеңіз университетіне барды. Ақтеңіз университеті – Түркиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Түркияда академиялық зерттеулер негізінде жазылған ғылыми мақалалар бойынша Ақтеңіз университеті үздік бестіккке кіреді. Бір аптаға созылатын курс барысында оқытушылар түрік жоғары білім беру жүйесімен етене танысып, оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасатын болады. Сонымен қатар заманауи білім беру, инновациялық әзірлемелер мен оқытудағы озық технологиялар тақырыбында тренингтерге қатысады. Сондай-ақ іс-сапар барысында бірлескен білім беру бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бойынша әріптестікті одан әрі нығайту көзделуде.

Жақында ғана Алматыдағы қара шаңыраққа Түркия Республикасының Президенті Әкімшілігінің басшысы Метин Кыратлы бастаған делегация арнайы келген еді. Құрметті меймандар алдымен «Әл-Фараби» кітапханасында болып, университет ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалармен және ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспарымен танысты.

Жалпы, білім ордасының халықаралық ынтымақтастығы Түркиядан басқа мемлекеттермен де дамыған. Келтіріп отырған мысал оның бірі және бірегейі ғана.

Калимурзина Айсұлу Мұсақызы
PhD, География, жерге орналастыру және кадастр
кафедрасы доцентінің м.а.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.