Home » Мақалалар » Неге журналист болғым келеді?

Неге журналист болғым келеді?

Шадыбеков Аян Нұрболатұлы
Жамбыл облысы Тараз қаласы
№57 орта мектебінің 11 сынып оқушысы

Әсілі адам дүниеде екі нәрседен шатаспау керек, соның бірі жақсы жар болса, екіншісі өзіңе лайықты мамандық таңдау екен. Сондықтан өзімнің мақсатымды айқындап алдым. Мен болашақта кәсіби журналист болғым келеді. Мақсатым: керекті адам, кәсіби маман болу. Неге журналист болғым келеді? Өйткені, бұл менің бала кездегі арманым әрі әмбебап журналист атанып, билік пен халықты байланыстыратын алтын көпір ретінде әлеуметтің ішіндегі қомақты мәселелерді көтеріп, қазақ журналистикасына жаңаша леп қосқым келеді.

Журналистер әрбір естіген, байқаған түйінді түйткілдерін көзбен көріп, соны жазбаса тағат таппай, ой түйсігінен өткізіп, халық арасында болып жатқан көкейкесті мәселелер мен болған оқиғаларға бей-жай қарамайтын мамандық иесі. Сонымен қатар, бұл мамандық иесінің басты міндеттерінің бірі – үкімет пен халық арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу. Шығармашылық қабілетін шыңдаған тележурналист, мерзімді баспа тілшісі немесе әлеуметтік желінің қыр-сырын терең таныған репортер журналистиканың қауіпті мамандықтардың қатарында екендігін әсте білсе де бойындағы бүкіл өнері және жақсы қасиеттерімен  көрініп, халықтың жүрегінен орын алғысы келеді. Міне, бұдан соң қаламы қарымды журналистердің батылдығымен де көзге түсетіні бар. Жалпы, жақсы журналист жақсылық пен жамандықты қатар көреді, оның жазған мақаласы біржақты жазылмай екі немесе төрт тараптың да пікірін ескереді, шешімді оқырманға қалдырады. Ал, жаман журналист жазған материалын бір жақты оймен жазады, құлақпен естігенін факті ретінде қолданады.

Журналистика – күш, ашық пікір, шынайы мінез, тұңғиық ой, талғампаз көзқарас. «Журналистика» термині француз тіліндегі «journal» сөзінен шыққан. Ел аузында журналист мамандығын «екінші көне» мамандық деп атау қалыптасқан. Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында өзіңнің күшің мен уақытыңды аямайтын дәрежеге жеткенде, өзіңнің шын талантыңмен оқырманды баурап алатын шабытың шыңдалғанда ғана жақсы журналист бола аласың. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып, әділеттік тапқанда, біреуге үміт ұялатқан сәтте осы мамандықтың қыр-сырын біліп, сезінуге болады. Журналистика мамандығын әр адам әрқалай түсінеді. Мәселен, журналистика – төртінші билік, журналистика – газеттер мен журналдар, журналистика – радио және телевидение, журналистика – әлеуметік желі мен интернет және тағы басқалар… Жалпы, менің түсінігім бойынша журналистика – сапалы ақпараттарды дер кезінде жеткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың ішіндегі проблемаларды үкімет басындағы мемлекеттік қызметкерлерге жеткізіп, билікте орын алған жаңашылдықты әлеуметпен бөлісу, қазақтың біртуар кемеңгері Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм жүрегі» атанып, адал қоғам құру.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.