Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университеті.
“Қазақ филологиясы” кафедрасының оқытушысы
Авторы: Орынбаева Ақбөбек Болатқызы
«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет»
Шоқан Уәлиханов
Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының бірден-бір кепілі — сапалы білім мен саналы тәрбие. Жаңартылған білім бағдарламасын игере отырып, заманауи өмір ағымына ілесу, сапалы білім қорын жинақтау бүгінгі ұрпақ алдында тұрған келелі мәселе. Бүгінгі білім саласының сапасын өскелең ұрпақтың білім ошақтарында алған білімдерін өмір тәжірибесімен оңтайлы ұштастыра білуінен аңғаруға болады.
Қазіргі таңда білім саласының сапасы өте өзекті тақырыпқа айналып отыр. Ең әуелі, білім сапасы дегеннің өзі не деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Бұл ұғымды әр адам әрқалай түсінуі мүмкін. Қазіргі педагогикалық сөздіктерде білім сапасы деп оқушылардың жоспарланған мақсаттарға сәйкес белгілі бір кезеңде қол жеткізетін білім мен дағдының, ақыл-ой, адамгершілік және дене дамуының белгілі бір деңгейі деп түсініледі. Менің ойымша, білім сапасының ең өзекті көрсеткіші – өскелең ұрпақтың жетістігі мен әлеуметтенуі. Ұзақ жылдық тәжірибеге сүйенетін болсақ, мектепте білімі мол, табысты оқушының кейінгі өмірде де, қызметте де табысты болуына кепілдік жоқ. Оған басты себеп, оқушы мектептен алған білімін мектептен тыс уақытта қолдана алмауы мүмкін, өз кезегінде бұған себеп болып отырған оқушының шығармашылық қабілеті мен ойлау икемділігінің жеткілікті қалыптаспауы. Сондықтан, тәрбиенің басты мәселесі, оның ішінде педагогикалық қызметтегі маңызды проблеманың бірі – білім берудің негізгі үш тармағына қол жеткізу: оқуға үйрету, еңбекке баулу және өмір сүруге үйрету екеніне сенімдімін.
Білім сапасы әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасып, белгілі бір салада белгілі бір жетістікке жетуге ұмтылуының негізі болып табылады. Осыған сүйене отырып, білім алу процесінің сапалық сипаттамалары нені ескеру керек екенін, оның функциялары мен тенденциялары қандай екенін түсінудің маңыздылығы арта түседі. Бүгінгі білім саласының сапасына орта мектептерден бөлек, жоғары оқу орындарында берілетін білім де әсер етеді. Осы тұста, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің мемлекеттің білім саласындағы сапаның артуына қосып жатқан үлесін атап өту керек. Бүгінде жоғары оқу орны білім мен ғылымды тоғыстырып, талапкерлерді білімнің биігіне, ғылымның шыңына шығарып отырған қасиетті қара шаңыраққа айналып отыр. Жалпы, білім сапасын көтеруде елдегі барша жоғары оқу орындарының өзіндік үлестері мол.
Қорытындылап айтқанда, білім сапасы өмір сапасына елеулі әсерін тигізеді. Өмір сапасы — бұл бір адамның немесе отбасының материалдық игілігі ғана емес, тұтас ұлттың, қоғамның әлеуметтік игілігі. Қоғамда шынайы білімді адамдар неғұрлым көп болса, сол қоғамдағы жалпы өмір сапасы соғұрлым жоғары болады. Дамыған қоғамдағы білім сапасы қандай болу керек? Бұл міндетті түрде беделді университетте оқу дегенді білдірмейді. Білім сапасы – бұл ең алдымен білім мен тәжірибені ұштастыру, қоғам сұранысына сай мамандық машықтарын меңгеру, кейін білім сапасы тек жекелеген адамның ғана емес, жалпы қоғамның игілігі үшін де пайдаланылады.