Home » Мақалалар » Барша адам болса екен бақытты

Барша адам болса екен бақытты

Әбдіманап Дана Қанатқызы,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ІІ курс студенті,
«Жас дарын», «Қыран», «Үздік студент» төсбелгілерінің иегері,
«Елбасы» медалінің Қола жүлдегері, «Айтұмар» қаламгерлер байқауының,
«Үздік эссе» конкурсының жеңімпазы.
Жас қаламгердің поэзия жанрында жазған өлеңдер топтамасына кезек берелік.

 

 

 

Барша адам болса екен бақытты

Бақытты әркім түсінеді әртүрлі…

Себебі адам мінезі бар сан түрлі.

Бақытты сәт еселенер ме екен деп,

Қуанышты санар біреу әр күнгі.

 

Біле тұра бақыт жоқ деу артық-ты,

Бағаласаң ғана құны артыпты.

Мен ғана емес, мына жалған өмірде,

Барша адам болса екен бақытты.

 

Қуанамын адам көрсем жайнаған,

Куә болсам деймін соған қайтадан.

Кенет мұңды адам көрсем, үн-түнсіз,

Жымиғаным күнә ма деп ойланам.

 

Адамдардың әркез бағы  жанса екен,

Бұл жалғаннан бар қажетін алса екен.

Өкпе артпай, ренжімей, наз айтпай,

Бір-біріне қадірлі боп қалса екен…

 

Бәрі-бәрі қайырлы

Бәрі-бәрі қайырлы. Қайғырмаңыз,

«Бұйырмады… Әттең!» деп сабылмаңыз.

Жаратушы бұйрығы… Сабыр! Сабыр!

Қайырлы бақ күтуде сізді нағыз.

 

Арман…Елес… Қиял…деп қамықпаңыз,

Шүкір деуден ешқашан жалықпаңыз.

Қайырсыздан айырған Жаратқаннан,

Қайырлысын сұрауды ұмытпаңыз!

 

Жасандылық

Жасандылық  өзгертеді-ау адамды,

Танымай тұрмын, мен танитын адамды…

Өзгелерді сендірдік ал…Өзіміз?

Өзімізді алдамақпыз қашанғы?

 

Деуші едік қой бір-бірімізге керекпіз,

Неге біздер баяғыдай емеспіз?!

Онсыз өтер мына жалған өмірде,

Қалай бәрін көрген түс қой демекпіз?!

 

Ештеңеде болмайды ғой себепсіз,

Тек жақсыға болайықшы себеп біз.

Жасанды жүрек жасамайық, өтініш,

Өйткені біз бір-бірімізге керекпіз.

 

Бәрі-бәрі өткінші

Мәңгілік күлмейміз, мұңаяр  сәт те бар.

Сол сәтте оның да өтерін еске ал.

Шаттық та мәңгі емес, кенеттен жыласаң,

Жақсыны ойла тек, басыңнан өткен бар.

 

Бір жылы, бір суық ататын таңы бар,

Осындай өмірдің өзгеше заңы бар.

Сәтсіздік, қиындық деп тіпті жасыма,

Әлі көп  ғажайып, қызықты шағы бар.

 

Өмірге өкпелеме

Әдемі әлем… көрерге оны  көз керек,

Жып-жылы жүрек… сезуге жылы сөз керек.

Қолдағы бардың қадірін білмес жалғанда,

Онсыз дағы жандар көп қой безбүйрек.

 

Өкпелеп, мұң шақпағын өміріңе,

Ешқашан сөкпейді өмір сені мүлде.

Өзіңе байланысты көктем күліп,

Бұлбұлдың ән салуы көңіліңде.

 

Өз қалауың, өз таңдауың — бәрі де,

Жылу сыйла жан-жағыңа әлі де.

Күн сыйлаған, нұр сыйлаған аямай,

Әр күн үшін шүкірлік деп Тәңірге!

 

Сұрамаңыз

Сұрамаңыз сіз менен сезім жайын,

Ұнағансыз… несіне жасырайын.

Бірақ тіпті, шынында есімде жоқ

Сезімді жоғалтқаным нақты қай күн?!

 

Көргендей бір күй кештім бөгде түсті,

Тіпті ұмытып қалыппын кейбір тұсты.

Құрақ-құрақ сезімім қалт-құлт етіп,

Жапырақтай сарғайып желге ұшты…

 

Жат адамша біз де өмір сүре аламыз,

Ойда жоқты қиялмен құрамаңыз.

Бар жоққа айналғанда қалайша деп,

Оралмайтын сезімді сұрамаңыз.

 

Бақыт құсы

Бақыт құсы алыстамай әріге,

Шыр айналып кетпей жүр ғой әлі де.

Басқаларды біле алмадым бірақ та,

Біздің тағдыр қызық екен бәріне.

 

Біздің сезім бізге ғана ортақ қой,

Естелікті жазар дәптер бастап қой.

Жүректегі жан сырыңды жанға ашпай,

Кезіккенде айту үшін  сақтап қой.

 

Жібектей мінезің

Бізге үлгі, білесіз, ата-ана басқан із,

«Жібектей мінезің!» деп мақтап жатсаңыз.

Бар жақсы анам мен әкемнен дарыған,

Мен үшін алғысты соларға айтсаңыз.

 

Оларсыз болар ма ек тіпті де басқа біз,

Солардан бойымнан бір жақсы тапсаңыз.

Мақтаудың орнына аямай, төпелеп,

Жаратқан Аллаға сан мадақ айтсаңыз.

 

Мазасыз жан боп көрінгім келмейді….

Жазбайсың ғой дейсің тіпті жазбасам,

Жөнсіз болар, сылтау айтып, алдасам…

Салдарынан сан соқпайын дегенім,

Себебі көп бола тұра жазбасам…

 

Тірі жанға дей көрме, тек сенбейді,

Кейде үнсіздік жан жарасын емдейді.

Онсыздағы мазасыз бұл тірлікте,

Мазасыз жан боп көрінгім келмейді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.