Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
ЖК Шұғыла
Сабирова Алия Серикбаевна
Ш. Смағұлов атындағы
Алматы облыстық дарынды
балаларға арналған мамандандырылған
физика-математика
мектеп-интернатының
11 ә сынып тәрбиешісі
«Білімдіден сөз тыңдасаң, күш тасыр,
Үйренгенді желге ұшырмай, іске асыр», — Махмуд Қашқари өзінің еңбектерінде білімнің маңыздылығы мен қажеттігі туралы айтады. «Білім таусылмайтын кен» дегендей, білімді ізденіп, оның шын мейірмен оқыса білім алушы тарапынан тек жеңістер болмақ. Біздің бабаларымыз көшпенді халық болғанымен, білімді және парасатты, әділетті қоғам қалыптастырған. Соған қарап бой түзеп, кейінгі ұрпақ ағартушылыққа бет бұрған. Дала қоңырауы атанған ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы айтпақпын.
Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи даму жолында жарық жұлдыздай болып бағыт – бағдар сілтеген, сөйтіп, сол ұлттың, халықтың тарихында есімдері ерекше аталатын зор тұлғалар болатыны айқын. Ол – тұңғыш ағартушы, педагог – жазушы Ыбырай Алтынсарин. Оның еңбектерінің барлығы қазақ балаларының көзін ашып, ғылым жолына жетелеу екені айтпаса түсінікті.
Оның алдында жалпы өнер – білімге, жаңалыққа, орысша оқуға барынша қарсы ғасырлар бойы қалыптасқан екі салт – сана, надандық ұғым тұрды. Әйтсе де, халқын сүйген, сүйген де оның жарқын болашағына шексіз сенген патриот, жігерлі күрескер Ыбырай Алтынсарин: «Ал енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта қайтпаймын», — деп Н.И.Ильминскийге (1884 жылдың он төртінші сентябрі) сеніммен жазғандай, сан – сала қиындақтармен табанды күресе жүріп әрі орыс достарының, әріптестерінің көмегін, ақыл – кеңесін де пайдалана отырып, алдына қойған негізгі мақсатын орындады. Сол мақсатына жету үшін, ол әрқашан орыс достарымен байланыста болған. Сонымен бірге біздің болмысымызға сәйкесін алып, оны әрі қарай өз тіліміз бен салт-дәстүрімізге үйлестіре білген. Ыбырайдың аянбай тер төккендігінің, табандылығының нәтижесінде алғаш рет кең байтақ дархан далада 1864 жылы құлаққа жағымды әуен қоңырау үні естілді. Ыбырай Алтынсарин бұл қуанышын (дұрысы жеңісін) Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы (яғни 1864 жылы) январьдың сегізі күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған он төрт қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар», — деп айрықша мақтаныш сезіммен жазды. Мақтана отырып, өзінің сауалдарын жолдаған хатынан ұғынуға болады.
Ыбырай Алтынсарин – «Қазақ хрестоматиясы» деп аталатын ана тіліміздегі тұңғыш оқулықтың авторы. Кітап туралы еңбектің алғы сөзінде былай деп келтіреді ғалым: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс — қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім…» — деп тұжырымдаған. Хрестоматияға Ыбырайдың тәрбиелік мәні зор, баланың ой-өрісін одан әрі дамытатын шағын әңгімелері енген. Тәрбиелік мәні жоғары және қазақ арасынхдағы, күнделікті тұрмыста қолданатын мысалдар арқылы бала бойына адамгершілік және адам бойындағы асыл қасиеттерді сіңіру басты мақсатына айналған. Сонымен қатар орыс ғалымдарының шығармаларынан мысалдаржды аударып, оны хрестоматияға енгізді. Ғалымның бұл еңбегі тақырыптық-идеясы жағынан тәрбиеші және ұстаз ретінде көрініс тапқан еді.
«Кел, балалар, оқылық!» — «Қазақ хрестоматиясының» беташар өлеңі. Жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жас жеткіншектерді білімге, өнерге шақырған бұл өлеңнің маңызы, бір кезде Ыбырай армандаған «өнер – білімі бар жұртқа» — терезесі тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да еш төмендемек емес. Қайта халқымен бірге жасасып, ұлы ағартушының арман – сәлемін жақсы күндерге жеткізген бұл тарихи туындының жаңа мәнге ие болып, бүгін де бұдан бір ғасыр бұрынғыдай:
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық! –
деп өзінің тот баспас, мәңгі тозбас озық халықтық идеясымен бүлдіршіндерді білім бағына шақыра бермек.
Тарихшылардың ішінен Ыбырай Алтынсариннің өмірі, ағартушылық, жазушылық қызметі мен жазысқан хаттары туралы архивтік деректерге сүйене отырып, дұрыс та дәйекті жаза бастаған Бекежан Сүлейменов еді. Ыбырай Алтынсариннің шығармашылық мұрасы жөнінде Б.Сүлейменов 30 – ға жуық ғылыми, ғылыми – көпшілік еңбектер жазған. Ол ең алғашқы болып Ыбырай Алтынсаринді қоғам қайраткері ретінде танытқан зерттеуші де Б.Сүлейменов болатын. Сондай – ақ Б.Сүлейменұлы алтынсаринтанудың деректік негізін қалап, баға жетпес үлес қосқан. Профессор Ә.Ламашев ғалымның осы еңбегі жөнінде былай деп жазады: «Алтынсариннің мұраларын іздеуге, табуға, жинауға, жариялауға тарихшы Бек Сүлейменов ерекше үлес қосты.
Ыбырай бір жағынан ақын болса, екінші жағынан халық ағарту майданында қызмет қылған. Ең бірінші рет қазақтың ана тілінде оқу құралын жазған және сол ана тілінде қазақ баласын оқытқан ең алғашқы тұңғыш оқытушысы болған. Қазақ әдебиетін Еуропа жолына, өнер жолына бұрып бастаған ең тұңғыш жаңашыл, суретші ақын. Оның әрбір шығармасы мен әңгімесінен, өлең өлкесінен және аудармаларынан қазақ халқына деген жанашырлық лебі еседі.