Болсынбаева Аманғайша Жолдыхановна
Қай халықтың болмасын өсіп-өркендеуі, ақыл-ойы мен санасының, әдебиеті мен мәдениетінің, өнері мен білімінің – қысқасы, бүкіл рухани жан дүниесінің дамуы, жалпы адамзаттық өркениетке ұмтылысы – сол халықтың өміріне, ұлт ретінде адами болмысы мен рухына іргелі бетбұрыс жасаушы ұлы дарындардың тарихи еңбегімен, қайталанбас қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты болып жатады.
Қазақ халқы үшін сондай дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, ойшыл-философ Абай. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтеуші ұлы қайраткер, адалдықты, шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы болды. Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Себебі дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған тұлға. Қазақ даласында небір үлкен тұлғалар өмір сүрген, бірақ та дәл Абайдай өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көреген ойының мүмкіндіктерін танытқан, сол арқылы бүкіл адамзат санасының дамуына айрықша үлес қосқан дара тұлға болған емес.
Абай Құнанбайұлы шығармашылығының бір ғажабы қай жаста, қанша оқысаң да оқырманын жалықтырған емес. Қайталап оқыған сайын ол жаңа қырынан танылып, өзінің тұңғиығына тарта түседі.
Абай мұрасы қанша уақыт, ғасыр өтсе де өз өміршеңдігін жойған жоқ, керісінше өзектілігі артып, ақынның ой-тұжырымдары баршамызға рухани азық болып, ұлтымызды жаңғырту ісінде тағылымы зор мұра болып отыр. Әр ұрпақ өз заманынының тұрғысынан баға береді демекші Абай еңбектеріне қайта үңіліп, тағы бір ой елегімізден өткізіп, қандай тағылым алу керектігіне зер салғанымыз жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің 2020 жылдың 9 қаңтар күні «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Жаңғыру — бұл өткеннен қол үзу емес, ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте біз Абайдан айналып кете алмаймыз, өйткені ақын өз кезінде қазақты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырды» деген.
Осы ретте Абай білім, ғылымды игермейінше биіктердің бағынбайтынын, сондықтан қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады, соған жетеледі.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз?
Дүние де өзі мал да өзі
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Бұл өлең жолдарында айтылған ой, тұжырымдар бүгінгі күнмен үндесіп жатыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, бәсекеге қабілетті болу, ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан көріну. Бұл үшін әрине алдымен білім беру сапасы заманға сай болу керектігі айтылды.
Бұл тұста Қ.Тоқев «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам деді. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Бұл айтылған тұжырым мұғалімдерге үлкен жауапкершілікті жүктейтіні сөзсіз. Бала бақшадан бастап, мектеп, қазіргі қоғамда Абай мұрасын кеңінен насихаттау, ондағы негізгі ойларға жүгіне отырып оны тереңнен тану, басты мәселе ұрпақтың жүрегіне Абайдың өсиетін сіңіру.
Бұндағы айтпағымыз Абай өлеңдерін оқып немесе жаттап қана қою емес, ондағы айтылған нақыл сөздерді өмірде қалай қолдануымыз керек, қалай жүзге асыруымыз керек деген мәселе. Ол үшін өзімізден бастап Абай мұрасын тануымыз қажет.
Абай болса «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген. Бұл сөздердің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Біздің қазіргі өмір сүріп отырған қоғамыз да бірлік, ынтымақ болу керек. Адамзатты сүю үшін ел арасында бірлік болудың маңызы зор.
Бүгінгі күні әлемде де, елімізде де бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен аулдың арасы алшақтап кетті. Бұл үдерістің қарқыны барған сайын күшейіп келеді. Қалалар тез өсіп-өркендеп, шағын елді мекендердің дамуы тұралады. Бұл жағдайды ғалымдар әлеуметтік жаупкершіліктің әлсірегенінен деп есептейді. Бұл әлеуметтік жауапкершіліктің шешімін тағыда Абайдан іздейміз. Абай қалай жаңа қоғамның жанашыры бола алады? дегенде біз ақының «Толық адам» тұжырымына сүйенеміз.
Бұл тұжырым өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген қазақта. Жақсы сөз айтып, ізгілікке ұмтылған адам кез келген қарым-қатынасқа жауапкершілікпен қарайды. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай «Әсемпаз болма әр неге» деген өлеңінде:
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға
Әділет, шапқат кімде бар
Сол жарасар туғанға» деген.
Немесе «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деген. Бұл жерде ақыл мен қайрат жүрекке бағыну керек. Бұл қазақ халқының өмірлік философиясы.
Бұл ілімді яғни Абайдың «Толық адам ілімін» Мұхтар Омарханұлы Әуезов өз зерттеулерінде «нравственная личность» немесе «высоконравственная личность», – деп орысша атаумен қолданған.
Филология ғылымының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша Абайдың толық адам ілімі туралы ойдың о бастағы төркіні 1886 жылы жазған «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алады. Сонда «Толық адам» ілімін жазуды Абай кемеліне толған қырық бір жасында бастаған.
Абайдың «Толық адам ілімі» туралы айтқанда, алдымен «Толық адам» ұғымы туралы терминді түсініп алған жөн. Ол үшін Абай өлеңдері мен қара сөздеріне жүгінеміз. Абайдағы толық адам туралы термин-сөз ең алғаш «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» (1888) деген өлеңінде айтылады. Абай бұл өлеңді жазғанда қырық үш жаста. Осы өлеңінде:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек», –
дейді. Абайдың «Толық адам» деген термин сөзін бірінші рет осы шығармасынан көреміз. Ал, толық адам деңгейіне көтерілу үшін ақыл, қайрат, жүрек деген үш ұғым бір адамның бойында бірдей қалыптасу керек екен. Үш ұғымның екеуі болып, біреуі болмай қалса, онда ол адам «толық адам» емес, «жарым адам» қалпында қалады. Міндетті түрде бұл үш ұғым бір адамның бойынан табылу керектігін Абай: «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз», – деп келтіреді. Ақыл, қайрат, жүрек – бір-бірімен үшем сияқты ажырамас гуманистік ұғымдар. Олар біреуінсіз біреуі жеке-жеке тұрып «Толық адам» жолына бастай алмайды.
Абай «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» (1896) өлеңінде ақыл, қайрат, жүрек ұғымдарына тереңірек барады. Абай осы өлеңінде:
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті,
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек –деп, ақыл – нұрлы, қайрат – ыстық, жүрек – жылы болу керек деген байламға келіп, адамның адамдық қасиеті үш-ақ нәрсемен толық болатынын өлең сөзбен айтқан. Абай осындағы «нұрлы», «ыстық», «жылы» деген анықтауыш сөз ретіндегі үш сөзді (эпитеттерді) бекерден-бекерге алып отырған жоқ. Ақыл, қайрат, жүректің қасиетін аша түсу үшін қолданып отыр.
Абайдың «Толық адамы» тарихқа үңілер болсақ, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында да баяндалған екен. Ондағы төрт әдеби кейіпкер: әділет, дәулет, ақыл, қанағат. Осы төрт кейіпкерде де «Толық адам» ілімінің негізі жатыр. Бұл ұғымды көне түркілер әкелген деген абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов. Осы ілімнің негізінде қазақтың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білгені жатыр. Осы құндылықтарды өз бойымызда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі өнге беруіміз қажет. Бұл құндылық біздің жақсы мінез, іс-әрекетімізден танылады. Әр адам тазару үшін Абайды оқу керек. Ұрпақ рухын ояту үшін абайтану ғылымын меңгеру қажет. Оны шын меңгерген адам еш уақытта қулық, жаулық, ұрлық жасамайды. Жан дүниесі таза болады.
Қ.Тоқаев өз мақаласында «Біз Абайдың «Толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек деді. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы қоғамдағы барлық салада билікте, білім беруде, өнеркәсіпте, отбасында да негізгі тұғырға айналуы керек. Сонда біздің жауапкершілігіміз, қоршаған ортаға деген көзқарасымыз, өзімізді ұстауымыз, мәдениетіміз, ой-өрісіміз, біліміміз көркейе түсері сөзсіз.
Мәселен Қытай елінің дана ұлы Конфуций идеясының негізгі түйіні өмірдің мәнісі адам, адамға қызмет ету, басқа біреуді бақытты етуге арнау болатын. Конфуций «Луньюй», «Яньюань» атты еңбектерінде «Жэнь» адам, адамды сүю, «Шу» қайырымдылық, мейірімділік, «Чжун Шу» басқаға қамқорлық жасау, адалдық», өзіне қаламағанды басқаға жасама» деп өз идеясын тұжырымдаған. Бұл идеяны Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген бір ғана сөзімен танытып кетті.
Абай мұрасын бүгінгі күн яғни тәуелсіздік тұрғысынан қайта зерделей отырып, оқып, тану арқылы өзімізді тану. Абай айна. Сол айнадан өзімізді көріп, бойымыздағы мінді түзеп, ойымызды тазарту.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1.Қасым-Жомарт Тоқаев. \«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан. 09.01. 2020.
- «Абай» журналы. № 1-2. 1995.