Жаңа заманға лайық жаңа білім, жаңа тәрбие беру – өмір талабы. Жаңа заман баласы – бүгінгі қазақ қоғамының ұлттық қазынасы. Біздің мамандығымыздың қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу. Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Егеменді еліміздің ертеңін ойлап, білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды, парасатты жас буынды тәрбиелеуде ұстаз өзіндік үлесін қосуы керек.
Осы жазбама арқау еткелі отырған сыныбымның мақтаныштары, мектеп мерейін асқақтатып жүрген талабы таудай оқушылар — Қайырбек Жанерке мен Жақсылық Жанерке. Екеуі де сыныбымдағы үздік оқитын оқушыларымның қатарынан.
Зейінді оқушыларды ең алғаш білім нәрімен сусындатып, терең білім мен тәрбие берген ең алғашқы ұстазы, бүгінгі таңда еңбегімен ел арасында, шәкірт махаббатына бөленген мектебіміздегі тәжірибелі де білікті ұстаздардың бірі Қожаниязова Гүлзипа Сабырбайқызын ерекше айтуға болады.
Қайырбек Жанерке отбасындағы тұңғыш бала. Қолы қалт етсе кітап оқығанды ерекше ұнатады және де баға жетпес байлыққа теңейді. Мектеп кітапханасына әр сабақ біте салысымен қоңырауда жиі бас сұғып, аспан денелеріне қатысты қазақ және орыс тіліндегі кітаптарды ізденіп оқиды. «Бір кітапты екі күнде, әрі кетсе жеті күнде оқып бітіремін»,- деп ағынан жарылған Жанерке өзінің кітапқа деген сүйіспеншілігін «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» атты Республикалық балалар оқулары байқауында дәлелдеді.
Республикалық финалдық байқауға Қызылорда облысының атынан қатысқан «Самғау» тобының команда құрамында болып, өзінің білімін жан-жақты көрсете алғаны үшін ІІ орынға ие болды, арнайы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Дипломы және «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» Басқарма төрағасының Дипломы, оған қоса балаларға арналған ертегілер жинақтары, жаңа үлгідегі ноутбук табысталды. Осы додаға Жанеркені жан-жақты дайындауда зор үлес қосқан әрі жетекшілік еткен мектеп кітапханашысы Даулетбаева Жумагул Серикбайкызының еңбегі ерен дер едім.
Өз бойындағы талантын түрлі білім бәйгелерінде сынап, көш басынан көрініп жүрген оқушыларымның бірі — Жақсылық Жанерке. Бос уақытында танымал ақындардың өлеңдерін жаттап, шығарма жазғанды ұнатады. Ерекше сүйіп оқитын пәні — қазақ тілі мен әдебиеті.
Ол жуырда ғана Халықаралық, ақпараттық «Қазақстан дәуірі» газетіне қарасты Республикалық жас зиялыларға арналған, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері «Мөлдір бұлақ» журналы тарапынан жарияланған Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Отан! Отан! Бәрінен биік екен!» тақырыптағы эссе байқауына қатысып, жүлдегер атанып, Алматы қаласында 20 желтоқсан күні өткізілген марапаттау рәсіміне жетекші ұстазымен бірге шақырылып, қатысып қайтқан болатын. Шарада белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, жеңімпаз оқушыларды бағалы сыйлықтар және грамотамен марапаттады.
Екеуі де алдына мақсат қоя білетін, соған жету үшін тынбай еңбектенетін қыздар. Оларға мұндай тәрбие берген ата-аналарына алғысым шексіз
Болашағын баянды етуді мақсат тұтқан қыздардың талпынысы қатарластарына үлгі-өнеге екені даусыз. Шәкірттерімнің ертеңінен үміт күтемін. От жалынды мінездерінен, үкілі үміттерінен, тау қопарар қиялдарынан, екпінінен бұлт үркетіндей, тау ықтырар жүректі де, сүйікті шәкірттеріммен мақтанамын.
Қазиева Венера Бахытжанқызы
Қызылорда облысы
Қармақшы ауданы
Төретам кенті
Т.Жүргенов атындағы
№80 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі