Home » Мақалалар » Бастауыш сынып оқушыларының креативті ойлауын қалыптастыру 

Бастауыш сынып оқушыларының креативті ойлауын қалыптастыру 

Сыдықова Жыға Ағыбайқызы
Астана қаласы
«А.Байтұрсынов атындағы
№ 48 мектеп-лицейі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі 

Экономикада, әлеуметтік салада қарқынды және үдемелі еніп жатқан жаңа тенденциялар білім беру үдерісінің өзгеруіне әсер етті. Өркениетті елдердің даму мүмкіндіктері артқан сайын білім кеңістігіне деген талаптар да қатаң болуда.  Осындай күрделі өзгерістер оқыту процесінің дамуына да әсер етеді.

Бұл талапты жүзеге асыру үшін мұғалім қызметі арта түседі.  Білім сапасын заман талабына сай көтеру үшін үнемі ізденуден жалықпайтын,  оқытудың тиімді жолдарын  меңгерген ұстаз ғана нәтижелі табысқа жете алады. Қазіргі білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістерге мән берсек, мұғалім сабақ үдерісін басқарушы, бақылаушы болып табылады.

Қазақ зиялысы, өз заманының шебер педагогі Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» — деген болатын.  Бұл мұғалімнің өзгерісін қажет етеді.

Қазіргі таңда мектеп оқушыларының мұғалімнен күтері көп. Оларды сабаққа белсене қатыстыру үшін әр сабақ барысын жеке формада, жаңа әдісте жүргізу шарт. Сонымен қатар оқушының креативті ойлауын дамыту маңызды мәселеге айналмақ.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «…қазіргі қоғамның басты талаптарының бірі – сыни тұрғыда ойлайтын, еңбек нарығында икемді, бәсекеге қабілетті, жаңа тұрпатты адамды қалыптастыру» — делінген. Еліміздің жаңа тұрпатты тұлғасы бірнеше тіл меңгерген, логикалық ойлау дағдысы қалыптасқан, жаңаша ойлайтын, зерттеумен айналысатын зиялы азамат болуы қажет.

Айтылған ойлар,  заманауи  білім беру үдерісінде туындайтын тың өзгерістер жағдайында шығармашыл, қабілетті, креативті ойлайтын  оқушының жаңа түрін қалыптастырудың өзектілігін айқындай түседі.

Осы қажеттіліктерге байланысты, білім берудің жаңа парадигмалық жағдайында бастауыш сынып оқушыларының  креативті ойлауын қалыптастыру оны тиімді дамытуға деген сұраныс артуда.

Жаңартылған білім беру мазмұнында дағдыларға негіздеп оқыту басшылыққа алынады. Сын тұрғысынан ойлау, шығармашылықты қолдана білу, тез ойлап табу дағдысы оқушының ішкі ойын дамытуға, яғни креативті ойлауына итермелейді. Креативті ойлау өзгермелі өмір сүру талаптарына бейімделуге, тұлғаның ішкі ресурстарын тиімді қолдануға, оның әлеуметтенуіне мүмкіндік береді. Креативтілік қабілеттерін адам өмірін жеңілдететін қызықты идеялар тудыруда ғана емес, жалпы тұлғаның өзін жетілдіруіне және тұлғалық дамуына қолдануға болады. Кез келген шығармашылық жұмыс бізге өзіндік мағына тауып, өз құндылықтарын тануға мүмкіндік береді. Экономика саласында көптеген зерттеулер жасаған Дэвид Галенсон  «Креативтілік қабілеттердің шыңы,  кез келген жаста болуы мүмкін» — деген қорытындыға келді. Латын тілінен аударғанда креативтілік «ойлап табу, жасап шығару» дегенді білдіреді.

Егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалып жатқан талпыныстар оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекетінде креативті әрекет ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлғаны қалыптастыру ісіне ерекше мән берілуде. Дарынды, білімді ұрпақ қана егеменді еліміздің ертеңін баянды етіп, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алады.

Бастауыш сыныпта мұғалім оқушының креативті ойлауын дамыту барысында әртүрлі әдістерді қолданады. Пән мазмұнына байланысты тапсырмалар беріледі. Білім, ақпарат дайын күйінде берілмейді, оқушы үнемі ізденеді, сондықтан да  креативтілік оның күнделікті іс-әрекетіне айналады.

Бастауыш мектеп бала тұлғасының қалыптасуында, оның ойлау үрдісінің дамуында, танымдық белсенділіктің қарқынды қалыптасуында, оқу іскерлігінде өте маңызды кезең болып табылады.

Тапсырманы орындау барысында оқушылар логикалық сұрақтар қояды, ал мұғалім тиісті сценарий жасай отырып, оқу үйлестірушісі рөлін атқарады. Оқушылар тақырыпты зерттеу үшін ресурстарды пайдаланып, өз қорытындысын тұжырымдайды. Бұл терең білім алуға және пәнді түсінуге қажетті жоғары деңгейлі дағдыларды шыңдауға көмектеседі. Логикалық тапсырмалар жаңартылған білім мазмұнының негізгі нысаны болып табылады.

Ғалым А.Мұхаметжанова  бастауыш сынып оқушыларының креативті ойлау әрекетіне  теориялық талдау жасай отырып, былай дейді: «Алған білімін өздігінен толықтырып, өз идеясын дәлелдей алатын, саналы түрде әрекетке түсетін, өзі үшін жаңа болып табылатын, нәтижеге жету» [5].

Педагогикалық үдерісте бастауыш сынып оқушыларының  креативтілігін дамыту үшін,   мұғалім оқытуды ұйымдастырудың формалары мен әдістерін меңгеру қажет.

Жаратылыстану пәні оқулығында оқушылардың креативті дағдыларын дамытуға  ерекше назар аударылған. Пәннің мазмұны биологиялық пәндердің кіріктірілген негізін құрайтын болғандықтан, сабақ беру барысында тәжірибе жасау, зерттеу жұмысын жүргізу, сарамандық жұмыс түрлері басым болады. Сабақта бақылау, эксперимент әдістерін қолдана отырып, логикалық тапсырмаларды орындау қағидаларын игереді. «Қандай топырақ құнарлы?» тақырыбы аясында логикалық сұрақтар қоя отырып,  оқушылардың креативті ойлау дағдысын қалыптастыруға болады. Осындай сұрақтар  табиғаттың сырларын ұғынуға деген қызығушылығы пайда болады.

Осындай тапсырмалар арқылы оқушылар жаңа білім алып, дағдыларды игереді, құбылыстардың табиғи сипатына және олардың материалдық тұрғыдан шартты екеніне көз жеткізеді, теориялық білімнің дұрыстығын тәжірибеде тексереді, қадағаланатын затты, құбылысты талдап, салыстырып, тәжірибеден қорытынды жасап үйренеді. 

Сонымен қатар «Әліппе» пәнінде де оқушылардың креативті ойлауын дамытуға болады. Әліппе жазу мен оқудың алғашқы баспалдағы ретінде оқушылардың функционалды, креативті дамуын қамтамасыз етеді. «Әліппе» сабағында ойын технологиясын қолдану арқылы балалардың қызығушылығын оятуға болады. «Сөздер суретке дұрыс қосылған ба?» ойыны арқылы оқушылардың логикалық ойлауы дамиды. Оқушылар дұрысын табу үшін қызығып сөздерді оқиды. Әліппеде оқушыларды оқуға машықтандыру үшін мұғалім әртүрлі деңгейлік тапсырмаларды ойластырады. Осындай шығармашылық ізденіс оқушы мен мұғалімнің үздіксіз еңбектенуін талап етеді. Себебі, бүгінгі сабақтың мазмұны дәстүрлі әдістермен өлшенбейді, ол оқушыдан да, мұғалімнен де терең ізденісті қажет етеді.

Сонымен қатар логикалық және креативті ойлау зерттеу жұмыстарында жүзеге асады.

Зертханалық сабақ, жоба сабағы, сараптама сабақ, саяхат сабақ, іскерлік ойын сабағы т.б.

Оқушылардың логикалық және креативті қызметін дамытудың ең жиі қолданылатын әдістерін талдап көрейік. Педагогикалық әдебиеттерде ең жиі қолданылатын әдістердің бірі — жоба.

Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Жоба әдісінде мына міндеттер  жүзеге асады.

  1. Оқушылардың танымдық іскерліктері мен дағдыларын дамыту;
  2. Ақпараттық кеңістікте бағдар ала білу;
  3. Өз бетінше жоспар құра білу;
  4. Ғылымның түрлі салаларынан білімді біріктіре білу;
  5. Сын тұрғысынан ойлау қабілеті.

Келесі әдістердің бірі — саяхат. Саяхат сабағы көбіне «Жаратылыстану» пәнінде жүргізіледі. Жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін, табиғатта болатын       әртүрлі құбылыстардың өзгерістерін анықтау барысында «Күздің белгілері», «Күз мезгіліндегі өзгерістер», «Жыл мезгілдері» т.б. тақырыптарда саяхат өткізуге болады. Оқушылар тақырып барысында ақпарат ресурстарын жинау арқылы белгілі бір сұрақтарға жауаптар табады. Бақылау нәтижелерін қағаз бетіне түсіреді. Оқытуды ұйымдастырудың бұл формасы ұжымдық қарым-қатынасты дамытады. Саяхат сабағының нәтижесі оқушылардың шығармашылық жұмыстарында жалғасын табады.

Математика сабағы оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытатын негізгі интеграциялық пән болып табылады.

Зерттеушілік іс-әрекет арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымы дамиды. Ғылыми дүниетаным тек теориялық білім алу арқылы емес, сонымен қоса, дәйекті дәлелдер және зерттеушілік іс-әрекет нәтижесінде қалыптасады. Оқушылар өздігінен жүргізген зерттеушілік іс-әрекет нәтижесінде нақты шындыққа көз жеткізеді.

Қорыта айтқанда, креативтілік бүгінгі заманауи білім беру жүйесінде  оқушының танымдық іс-әрекетін, оның табиғи мүмкіндіктерін негізге алатын оқытудың жаңа моделі болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер.

  1. «Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы. — Нұр-Сұлтан, 2016 //www.akorda.kz/
  2. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. -Нұр-Сұлтан, 2019 //adilet.zan.kz/
  3. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қaзaқcтaн xaлқынa Жoлдaуы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. — Астана, 2012 //http:akorda.kz.
  4. Леонтович А.Н. Концепция развития исследовательской деятельностиучащихся М:Образование, 2014. -152с

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.