Home » Мақалалар »     Бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының ерекшеліктері

    Бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының ерекшеліктері

Мурзабаева Жанар Дулатовна
Жамбыл облысы
Тұрар Рысқұлов ауданы
Құлан ауылы
Құлан мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі

 «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында мектеп жасындағы балаларды отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда не мектепте, дайындық тобында бағдарламаға сай дайындықтан өткізу міндеті көзделген.
Мектеп жасындағы балаларды сөйлеуге үйретудегі басты мақсат – сөздік қорды байыту. Балалардың күнделікті өмірде қолданатын сөздерінің құрамына жаңа сөздердің мағынасын түсіндіре отырып , олардың сөздік қорын молайту көзделеді. Қоршаған ортаны танып-білудегі заттар мен құбылыстар, адамдар өмірі мен тіршілігі, табиғат құбылыстарының ерекшелігі мен өзгерістеріндегі жаңа сөздерді меңгертіп отыру басты міндет болып табылады.

Оқушылардың тілін дамыту негізінде баланың сөздік қорын дамыту, жаңа сөздермен таныстырып, ойын дұрыс, жүйелі айтып беруге, сөйлей білуге үйретуді мақсат тұтамыз. Осы үш процесті күнделікті өтілетін грамматикалық тақырыппен байланысты, біртұтас жүргізіп отыру нәтижесінде тіл дамыту жұмысы мақсатына жетеді. Оқушылардың тілін дамыту барысында сөздерден сөз тіркесін, сөз тіркесінен сөйлем, сөйлемнен күрделі ой, күрделі ойдан әңгіме, шығарма құрастыруға дейін сөздерді өзара байланыстырып, ойды жүйелеп айтуға, айтқанын жазбаша түрде жеткізе білуге дағдыландыру жолындағы әдістерді қажет етеді.

Бастауыш білім – білімнің негізі қаланатын үздіксіз білім берудің алғашқы cатысы. Ал жас ұрпақтың ұлттық санасын оятып, тілін дамыту оқу-тәрбие ісіндегі басты мәселе.

Әр ұлттың, әр халықтың дәстүрлі ойлау машығы, қабылдау ерекшеліктері болады. Өз заманында қазақ халқының жан табиғатын жақсы ұғынған  М.Жұмабаев: «Жаратылыстану құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиіс»,- деген еді.

Ол кезеңнен бері халқымыздың өмірі, тұрмыс-салты, кәсібі мүлде өзгерді. Алайда ұлттық ойлау машығымыз, дүниені қабылдау ерекшеліктеріміз тіліміз арқылы сақталып қалды. Демек, бастауыш сыныпта тіл дамыту жұмыстары ана тіліміздің өзіндік ерекшелігі ескеріле отырып жүргізілуі қажет. Яғни бастауыш сыныпта тіл дамыту жұмыстарын жүргізу әдістемесінің өзіне тән психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерінде ескеруіміз қажет.

Тіл дамыту жұмыстарына қатысты психологиялық ерекшеліктердің бірі – балалар психикасындағы ойлау машығын дамыту болып табылады. Сөздің өзі бейнелейтін заттан бөлектеніп, балалар санасында абстракцияланып, үйреншікті ұғымға айналу дағдысы балалар психикасында мектепке келмей тұрып та пайда болатыны белгілі. Алайда, мектеп өмірі, әсіресе, сауат ашу барысында осы дағдының қауырт жетілуін талап етеді. Оқушылар енді тек өздері бұрын көрген немесе бірнеше рет қайталанған үйреншікті ұғымдарды (заттарды, құбылыстарды, оқиғаларды) т.б. сөз түрінде ғана қабылдап қоймай, өздері бұрын көрмеген дүниелер мен қимылдардың атауларын, сапаларын т.б. білдіретін сөздерді оқуды және жазуды меңгеріп, естерінде сақтауға мәжбүр болады, әрі мұндай сөздер әр сабақ сайын кездеседі. Осы жағдайда, мұғалім оқушыларға жаңа сөздердің мағыналарын меңгерту барысында ол мағыналардың ұғым түрінде балалар психикасында абстракциялану механизмін жақсы білуі қажет. Атап айтқанда, жаңа сөздердің мағыналарын суреттер арқылы ұғындыру, бейнелеп көрсету немесе балалардың көз алдына елестететіндей әсерлі түсіндіре білу әдістері мұғалімнен ерекше шеберлікті талап етеді.

Жаңа сөз мағыналарын меңгерту, балалардың тілін дамыту барысында ұқсату, салыстыру-топтау тәрізді ойлау дағдыларының көмегі көп болатыны белгілі. Мысалы, «қымыз» сөзі оның дәмін татып көрген бала санасында «сүт» сөзімен ұқсастырылуы табиғи жағдай. Немесе «алыс», «жақын», «биік», «аласа» сөздерінің мәні салыстырыла алынғанда балалар есінде ұзақ сақталады. Тіпті, қызыл, қызғылтым, қызғыш сөздерінің реңктерінде балалар салыстыру барысында ұғады. Сондай-ақ, оқушылардың сөздік қорындағы шашыраңқы ұғымдар оларды белгілі бір белгілеріне орай топтастырған кезде жүйелене түседі.

Бастауыш мектепте тіл дамыту, қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Т.Шонанов, Ғ.Бегалиев сияқты ғалымдардың еңбегі құнды. Әдіскер ғалым М.Қ.Жұбанова «Мектепте сауат ашудың методикасы» — деген тақырыпты зерттеу нысаны еткен. «Тіл ұстарту», «тіл ширату», «тіл дамыту» секілді терминдердің мағынасын алғаш ашып көрсеткен ғалым-профессер С.Р.Рахметова болатын. Ол «Бастауыш 1-сынып оқушыларының жазу тілін дамыту» мәселесін зерттеп, бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамыту әдістемесінің негізін қалады. Осы іргелі еңбектің нәтижесінде қазақ мектебіндегі оқыту әдістемесін, оның ішінде оқушылардың тілін дамыту әдістемесін зерттеушілердің өзіндік мектебі қалыптаса бастады. Әдіскер ғалымдар өз еңбектерінде біздің қарастырып отырған обьектімізге қатысты құнды пікірлер айтты.

Оқушының ауызша сөйлеу тілін дамытудың бастауыш сыныпта оқытылатын барлық пәндерге қатысы бар. Сондықтан оқушының сөздік қорын байыту, сөйлеу, жазу тілін дамытуға жауапкершілікпен қараған дұрыс.

Ауызша тіл дамыту әдістері мынадай жүйеде жүргізіледі:

  1. Ауызша суреттеп сөйлеу әдісі. Табиғат көрінісін, суреттен көргенін, көрмеден, түрлі мәдени орындардан алған әсерін, жанды-жансыз заттарды көз алдында тұрғандай етіп суреттеп баяндауға дағдыландырады. Суреттеп сөйлеуге баулуда оқушы жауапкершілігі артады. Себебі, бір нәрсені суреттеуде, сол заттың белгілері мен ерекшеліктерін айтуда оқушы әр ұғымның атауын іздестіріп, сөздік қорын байытады.
  2. Мәтін оқу әдісі. Мәтін оқу ауызша, жазбаша, тіл дамыту жұмыстарына ортақ категория. Мәтін оқу, мәтінді мазмұндау оқушы тілін дамыту жұмыстарының әдіс-тәсілдерінің бірі болып табылады.
  3. Ойдан әңгіме, өлең шығарту әдістері. Оқушылар, әсіресе бастауыш сынып оқушылары қиялға өте бай келеді. Олар өз ойын ашық әрі анық айтуға бейім. Сондықтан оқушыларға өз қиялдарынан шағын әңгіме, ертегі айтқызып, өлең шығарту жұмысы жүргізіледі. Бұл оқушылардың ауызша, жазбаша тілін дамытады.

Оқушы тілін дамытуда жазбаша жұмыстар басты рөл атқарады.

  1. Жазбаша жұмыстарды:

1) Хабарлау

2) Баяндау

3) Әңгімелеу әдістері түрінде жүргізуге болады.

Оқушы тілін дамытуға еркін тақырыптар ұсынуға немесе сұраққа жауап бергізу арқылы да әңгіме жаздыруға болады. Оқушы тілін дамытудың негізгі объектісі – шығарма жаздыру. Оқушыға шығарма жазғызудағы мақсат — оның ойын, пікірін әдеби тілмен жатық, сауатты жаза білуге және шығармашылық ізденіске баулу, логикалық ой-өрісін кеңейтуге машықтандыру болып табылады.

  1. Түрлі-түсті суреттер немесе өз ортасына байланысты баяндау әдісі. Бұл әдістер арқылы ауызша және жазбаша баяндау негізінде сөздік қорын молайтып, тілін дамытуға мүмкіндік туады. Өз ортасына байланысты «Менің досым», «Менің әкем», «Менің күшігім» т.б. тақырыптарда өз ойын баяндай алатын жетістікке жетеді.
  2. Мәнерлеп оқу әдісі. Тіл дамыту әдісінің бір түрі мәнерлеп оқу. Мұның пайдалы жағы оқушылар сөйлеу тілі мен әдеби тілдік норманы сақтап оқуға төселеді. Поэзияны сүюге, сөз байлығын еркін пайдаланып, жүйелеп айту шеберлігін жетілдіруге үлкен септігін тигізеді. «Қай ертегіде кездесемін?», «Мені білесің бе?» деп алып, кейіпкерлердің үлкейтіп салынған суреттерін көрсету арқылы кім екенін, қай ертегіде кездесетінін айтқызып, мінездеме бергізу арқылы білгендерін ауызша жеткізе білуге үйрету жұмысы да тіл дамытудың негізгі бір жолы. Мұның өзі оқушылардың көркем шығарма оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға көмектеседі. Ең бастысы оқушылардың өзін сөйлету арқылы сөйлеу тілдері дамиды. Жаттау, мәнерлеп оқу, мазмұнын айта білу, сұрау-тапсырмаларға жауап жазу, кейіпкерлерге мінездеме бере отырып, салыстырмалы әдіске негізделіп жазылған үлестірмелі кестелерді толтыру т.б. әдістер арқылы сабақтар жүргізіліп отырса, жақсы нәтиже берері сөзсіз.

Бұдан басқа, ойды көрікті, мағыналы етіп жеткізуде сөздікпен жұмыс жасаудың септігі мол. Түсінігі қиын сөз, сөз тіркестерін түсіндіру арқылы оқушылардың сөздік қорын дамыту. Сөздік жұмысын үзбей қолдану барысында көркемдегіш ерекшеліктерді танытудағы басты мақсат сөздік қорды жаңа бейнелі сөздермен, сөз тіркестерімен толықтыру негізінде дамыту. Қандай пән немесе қандай сабақ түрі болмасын тіл дамыту, сөздік қорды байыту үнемі жүргізіліп отыратын жұмыс болуы шарт.

Қорыта келгенде, бастауыш сыныпта жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының маңызы зор. Тілі жақсы дамыған бала ойы да дамыған, жақсы мен жаманды толық айыра алатын, әділдік пен әділетсіздікті тани алатын азамат болып қалыптасады. Адам тілі арқылы ойын дәл жеткізе алады. Дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуге дағдыланған баланың сөйлеген сөзі де, жазғаны да түсінікті болатыны айқын. Осы міндеттерді және қарастырлған әдіс-тәсілдерді мұғалім үнемі өз жұмысында жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс.

Балалардың сөздік қорын молайтуда ойын, тапсырма жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде ойын – баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Тілдік норма жетілу үшін оқушының ауызекі сөйлеу тілін, жазба тілін дамыту керек. Сөйлеу арқылы ауызша тіл дамыса, еркін тақырыпқа жазылған мақала, эссе, ойтолғау, әңгіме, мазмұндама, шағын шығарма жазу арқылы жазба тілді дамытуға болады. Осы орайда айтарым, әрбір ұстаз бала тілін дамытудағы негізгі мақсаты етіп, халқымыздың тіл байлығын, мұрасын  ұрпақ бойына сіңіру етіп алғаны дұрыс.

Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 1997 ж.
  2. Д.Н. Амантай. Бастауыш сынып оқушыларының тіл байлығын дамыту амалдары, Шымкент: 2021
  3. Жұмабаев М. Педагогика — Алматы: 1991
  4. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966
  5. Рахметова С. Бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Пед. ғыл. док. дисс – Алматы: 1994
  6. Аймауытов Ж. Психология – Алматы: Санат, 1995

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.