Өмірбекова Айгерімгүл Қазыбекқызы
Қарағанды қаласы, «№45 Гимназия» КММ
Аннотация
Мақалада отбасындағы үштік әке, ана, бала ұғымдары жайлы жазылған. Баланы инабатты, мейірімді етіп тәрбиелеуде қазақ халқының салт- дәстүрі қарастырылған. Отбасы мен балабақша, мектеп ынтымақтастығы тәрбиенің нық қадамы екені сөз етілген. Тәрбие түрлеріне баса назар аударылған.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта, адамның ең басты шаттығы болып саналатын балалардың өсіп, өмір сүретін орны екенін түсіндіру біздің басты мақсатымыз.
Қазіргі таңда отбасының басты қызметтері: тәрбиелік, сауықтыру, рухани адамгершілік, танымдылық, білімділік, тұрмыстық қорғау болып табылса, басты міндеттері: баланы үйлесімді дамыту, мектеппен байланыс орнату, қызығушылығын, шығармашылығын дамыту болып табылады.
Кілт сөздері. Отбасы, тәрбиелеудің стильдері, бала психологиясы, ұлттық тәрбие.
Аннотация
В статье рассматриваются понятия отца, матери и ребенка в семейной троице. В традициях казахского народа к воспитанию детей относятся с уважением и добротой. Было отмечено, что сотрудничество семьи, детского сада и школы — сильный шаг в образовании. Особое внимание уделяется типам воспитания.
Наша главная цель — объяснить, что семья — это ближайшее социальное окружение для человека, место, где растут и живут дети, что является главной радостью человека.
Сегодня основными функциями семьи являются: воспитание, здоровье, духовно-нравственная, познавательная, воспитательная, бытовая защита, основными задачами являются: гармоничное развитие ребенка, связь со школой, развитие интересов и творческих способностей детей.
Ключевые слова. Семья, стили воспитания, детская психология, национальное воспитание.
Annotation
The article discusses the concepts of father, mother and child in the family trinity. In Kazakh traditions, raising children is treated with respect and kindness. It was noted that the cooperation of family, kindergarten and school is a strong step in bringing up. Particular attention is paid to the types of education.
Our main goal is to explain that family is the closest social environment for an infant, a place where children grow up and live, which is the main joy of a person.
Today, the main functions of the family are: upbringing, health, spiritual and moral, cognitive, educational, household protection, the main tasks are: the harmonious development of the child, cooperation with the school, the development of children’s interests and creativity.
Keywords. Family, styles of bringing up, child psychology, national education.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!»
М.Әуезов
Әр халықтың бала тәрбиесінде өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады.
Бабалар қан тазалығын және отбасылық құндылықты өте жоғары бағалаған. Осы жүйелікті өмір бағытын негізге ала отырып, ұлтымыздың бүгіні мен ертеңі, жаһанданудағы өзгерістерге сәйкестендірген дұрыс. Жас ұрпақты, тереңде жатқан тамырымызды қайтадан салт- дәстүріміздің жаңаланған түрімен сусындатып өсіргеніміз қазақтың бүгіні. Бұл – ең өзекті мәселе.
Рухани жаңғырудың түбірі отбасының құндылығында. Осы отбасылық құндылықты балабақшадан бастап, мектеп, колледж және қоғам болып тұтастай құраған жөн. Ол- тәрбие. Ертеде ұлға –азамат, ал қызға-болашақ ана деп қараған.
Халқымызда «бір ұл тәрбиелең- бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар.
Қыз балаға отбасының, рудың ар-ұяты деп қарап, қауым болып қыз бала тәрбиесіне аса мән берген. Сондықтан қызын төріне отырғызып, барынша аялай отырып ұлттық тәрбиені бойына сіңірген. Ұрпақ өрбітіп, келешек келбетін қалыптастыратын, ел мен елді жақындастыратын, табыстыратын- қыз бала болып есептелген. Соны білген халқымыз тәлім- тәрбиесін, мінез-құлқы, жүріс-тұрысына баса назар аударған. Ата –бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр би, ақын, ұлтымыздың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге,білімге салт- дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген.
Отбасы- қоғамның бір бөлшегі. Халқымыздың осындай тамыры тереңге кеткен, тарихымен жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі- отбасы құндылықтары.
Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек, қателеспеген болар едік. Бұл-өнеге. Ел мен елді біріктірген, ру мен руды табыстырған дала заңынан туылған-ұлы мектеп.
Табиғат тазалықтан жаралған. Адамда табиғаттың бір бөлшегі. Рухани байлық- ниетпен ой тазалығы. Олай болса, адами қасиеттерді бойға сіңіру (мейірім, ізденіс-даму, еңбек-жеміс, өнеге-өмір т.т)маңызды.
Білім мазмұнының тұтастығы:
Ата-ана балабақша мектеп колледж қоғам. Білімнің түпкі мақсаты- тәрбиелі адам өсіру. Оқыту үрдісіне жалпы адамзаттық құндылықтарды енгізу арқылы ғана, адамның рухани өсуіне жағдай жасай аламыз.
Тәрбие білім мен тәжірибеден құралады. Жаһандану заманында кез келген адам қоғаммен тұтастықта болып,өзін еркін сезінетін, өз-өзіне сенімді, коммуникативті болуы шарт.
ХХІ ғасыр ғаламшарлық бірігуден басталады.Ақпараттық кеңістікте өте жоғарғы дәрежеде кеңеюде. Интернеттің (ғаламтор) заманында ата-ана мен балабақша байланысының мәнісі зор. Жас аналар барлық ақыл-кеңесті интернетпен алуда. Қорыта айтқанда отбасы – адам баласының өсіп – өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Отбасының негізгі міндеттерінің бірі жас ұрпақты жақын сезімдерге, нұрлы мұраттарға тәрбиелеу. [1.145-146 – б] Отбасы шағын ұжым. Оның басшыларының мінез – құлқындағы олқылық бала бойына күйкі, тұрпайы сезім ұялатады. Ата – аналар ұнамсыз жағдайларға тіпті уақытша болса да бой алдырмауға, жол бермеуге тиіс. Себебі көріністің ықпалы лезде тамыр жайып, оның бойына мінез болып қалыптасуы ықтимал.
Отбасы негізінде балаға деген махаббат жатыр. Бірақ сол махаббат соқыр болмауы тиіс.
Басқарудың әр түрінде заңдар әр түрлі болады: Монархияда – ар мен намыс; халықтық басқаруда – мейірім мен адамгершілік; деспотияда – үрей,- деген екен Л. Толстой[2. 78-б].
Көне қазақ халқының, ұлттық тәлім бастаулары туралы айтар болсақ: жаңа қосылған жастар неке суын ішісіп, түтін түтеткен соң- ақ үлкендер олардың күнделікті тұрмыс — тіршілігін жіті көзбен бақылап ақыл тезіне салған. Әсіресе келіннің алғашқы бастамасы, жүктілік білінгеннен – ақ ерекше күтім жасауға бекінеді. Себебі, тәрбие танымның бастау көзі (жүктіліктен) осы кезден қалыптасады деген тұжырымды қағида еткен. Оған ет жақын абысындары бас көз болып нәрлі тамақ жегізіп, ыстық суыққа ұрынбауын, ібіліс, албастыдан шошымауын қадағалап, кеңес беретін болған. Жас ананы осылайша бағып қағу, тоғыз ай, тоғыз күнге созылған. Босанған соң, үлкендер ұлықсат етісімен қалжа сойылып, жас босанған әйелді бір жеті, жас нәрестені алты аптаға дейін жақын абысын-ажындары күтіп баққан. Одан кейін баланы қырқынан шығару, бесікке салу салтанатты тойлары жалғасын тапқан. Қырқынан шығаратын, бесікке салатын апаларымыз елге сыйлы, өнегелі, өнерлі кісілер болуына аса мән берген. Осы апаларыңдай елге сыйлы, өнегелі, өнерлі деп ырым еткен.
Осындай ұлттық тәрбиенің нәтижесінде ұрпағы иманды, инабатты, мейірімді, бауырмал, қызы қылықты, ұлы ер мінезді болып өскен.
Сол себептен педагогика мәселесіндегі ұлттық психология үлкен мәнге ие болатынын естен шығармауымыз керек. «Отан отбасынан басталады», яғни ұлттық психологияны отбасынан бастауымыз қажет. Әйел және отбасы деген ұғымды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. «Ер –елдің иесі, әйел – үйдің киесі»- деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Расында шаңырақтың шаттығы отбасының татулығы ұрпақ тәрбиесі аналардың жылылығы мен мейірімділігінен бастау алады. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді»- деген осының дәлелі.
Бала әлем туралы және өзі жайында ақпараттарды ата – анасынан алады. Баланың басты ұстазы ата – анасы. Бала ата – анасын, ата – ана баласын танымайынша іс алға баспайды. Баланың бойындағы табиғи қасиеттер адамгершілік құндылықтары әуелі отбасында беріледі, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып әрленеді.
«Адамзаттың адам бейнесіндегі хайуандардың озбырынан қорғануға құқығы бар» — деп Е.Щульц айтқандай, ұрпағымызға тегіс әсер ететін ақпарат көздеріне тосқауыл қою керек, керісінше ізгілік, игілік нәрін себетін ұлттық сипаттағы бағдарламаларды көбейту керек.
Қорыта келгенде, қазақ балалары үшін ғасырлар бойы ата – бабамыз қолданған тәлім – тәрбие беру үлгісіне қайта оралуға өмірдің өзі талап етіп отырған сұранысына немқұрайлық танытпайық. Отбасында берген тәрбие жігеріңді құм қылып, жерге қаратпасын десең, «Бала бойыңа біткеннен бастап тәрбие бер» — деп ата – бабамыз тегін айтпаған. Отбасы баланың эмоциялық тұрақтылығын, психологиялық және физикалық қауіпсіздігі мен жеке басының өсуін қамтамасыз ететін шағын орта. [3.96 – б]
Жалпы тәрбиенің тарихи дамуы, бүгінде тұлғаны дұрыс қалыптастырудың мынандай өзіндік стильдерін өмірге әкелді.
- Авторитарлы стильде – ата – ана баланы қатаң бақылауда ұстайды.
Нәтижесінде: бала тұйық, қорқақ, ешкімге жуымайтын және ашушаң тұлға болып қалыптасады.
- Беделді стильде – ата – ана баланы өте жоғары деңгейде бақылауға алады, бала бойындағы дербес қасиеттерді байқағанда оны мойындайды.
Нәтижесінде: бала әлеуметтік жағдайға бейімделген өзіне сенімді, өзін – өзі бақылай білетін, өзін жоғары бағалап жақсы көретін тұлға болып өседі.
- Либеральды стильде – ата – ана бақылауы әлсіз болады, бірақ балаға жылы қатынас жасайды.
Нәтижесінде: бала тыңдамауға бейім, ашушаң, тепе – теңдікті сақтамайды, өзіне талап қоя алмайды, өзінің қандай болу керек екенін білмейді. Өсе келе кейбір бала белсенді, шешім шығарғыш, шығармашылықтың адамы болып қалыптасады.
- Индифирентті стильде – ата – ана балаға ешқандай шектеу қоймайды, балаға немқұрайлы қарайды.
Нәтижесінде: бала қатыгез болып өседі. Ауытқыған мінез – құлық танытады, жағымсыз реакция береді.
Демек баланың пайда болуы, дамуы және қалыптасу процесі ең бірінші ата – ана тарапынан берілетін тәрбие екенін ұмытпағанымыз жөн.
Балабақша, мектеп психологтарының ата – анамен атқаратын қызметінің басты мақсаты – ата – аналарға бала тәрбиесі жөнінде, әрі отбасында жақсы микроклиматтың болуына ықпал ету, көмек көрсету, кеңес беру. Педагогикалық – псхологиялық сүйемел жасап, білімдерін көтеру.
Отбасы барлығының басы, баланың жеке басының жан – жақты дамуының негізі болатын тәрбие институты. Отбасындағы ата – ана мен баланың арасындағы қарым – қатынас нәтижесінде адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесінің алғашқы үлгісі қалыптасады. Ал әке мен шеше, ата мен әже, апа мен ағалар баланың ең алғашқы тәрбиешілері.
Отбасы қоғамның алғашқы ұясы болғандықтан, оны нығайту, оның тәрбиелік мәнін зерттеу, сол қоғамның басты назарында болуы керек. Бала тәрбиесі мәселесінде ата – ананың жауапкершілігі күшті. Олар үйде көрген өнегесін мектептен алған білім, тәрбиесімен толықтырады, жанұяда күнделікті болып жатқан сан алуан ірілі – ұсақты оқиғалар, ата – ананың баламен сөйлесуі, үй шаруасының істелуі, әке мен шешенің еңбекке көзқарасы, демалысты қалай ұйымдастыруы, өздерінің туыстары мен жолдастарына ықыласы, қонақ қабылдауы, бәрі де балаларға әсер етеді.
Ата – ана әртүрлі, олардың ұрпақ тәрбиесіне мектепке көзқарасы да сан алуан. Қандай да мектеп болсын, әлеуметтік тұрғыдан бұл мәселені «Отбасы – ата -ана — мектеп» үшбұрыштық жүйесімен жүргізгені абзал.
Қазақта отбасы үш ұрпақтан тұрады. Олар – ата, әке, бала. Халық мақалында «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», деп табиғаттың тамаша құбылысына теңеген екен. Бұрынғы заманда да, қазіргі кезде де, сөзсіз, отбасында әкенің алатын орны ерекше. Әке – ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы. [4.75 – б]
Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Әке – бала үшін шыңы биік асқар тау. Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар, әкең жіберсе бар, әкеңе барып сәлем бер, әкеңнің керегін дайында», деп әкеге құрмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп бірлік болады. Көп отбасында әйел адамдар, қаншалықты қиын болса да, өз қолына отбасы тізгінін алып, өзі асырап- сақтаушы болып жүр. Бүгінде отбасында әке мейірімін, оның ыстық алақанын, қорғанын білмей өсіп жатқан балалар да аз емес.
Жалғыз қалған ана немесе жалғыз қалған әкенің қолында оның және айналасындағы адамдардың көмегімен жақсы өмір сүретін балалар да аз емес.
Туысқаны жоқ қазақты көрмеген шығарсыз. Жас бала да жас шыбық сияқты, сондықтан тәрбиеші мен ата – аналардың психологиялық сауаттылығынан тәрбиелі, білімді де білікті, белсенді, өз – өзіне сенімді, өмірлік проблемаларды шешуде өзіндік шешім қабылдай алатын, жауапкершілігі мол тұлға шығары сөзсіз.
Бүгінгі қоғам алдындағы мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс – әрекетке қабілетті, еркін тұлғаны тәрбиелеу. Осы себепті отбасыларға мектеп тарапынан білікті көмек қажет. Педагогтар мен ата – аналардың өзара әрекетінің арқасында ғана бала тұлғасының мәселелері табысты шешіледі.
Адамзаттың өміріндегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға.
Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып әрленеді. «Бала нені білсе жастан, ұядан – өле – өлгенше соны таныр қиядан» деген нақылдың астарында қаншама мән мағына жатыр. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиешісі көрсін» деген Иран мәтелі де соны меңзейді. Бұл орайда балабақшаның да атқаратын рөлі зор. Өйткені отбасы тәрбиесі мен балабақшадағы, мектептегі тәрбие бір – бірімен тығыз байланысты. Баланың басты ұстазы ата – анасы, ата ана баласын танымайынша, іс алға баспайды.Екі жақты байланыс нығайғанда ғана, барлық күрделі мәселелердің түйіні шешіледі.
Ежелден мәлім қағида – адам бойындағы жақсы қасиеттердің пайда болып қалыптасуына отбасылық ықпалдың алар орны ерекше. Отбасының рухани тірегі – ата – анасы.
Психологиялық тәрбие үш тармақтан тұратын болса, соның бірі өзіңді – өзің тану, өзгені бақылау және өз эмоцияңды басқара білу. Әлеуметтік өмірдің негізі әлеуметтік иституттар болып саналады, олар адам өмірін қамсыздандырады. Әлеуметтанудың маңызды тармағы – неке және отбасын зерттеу. Ал отбасы – әлеуметтік жұмыстарының маңызды салаларының бірі әрі негізгі нысаны.Тарихи дамудың барысында алдымен қоғамдағы өндірістің түріне өмір салтына қарай және қоғамдық қатынастардың әсерінен отбасы мен қоғамның, отбасы мен тұлғаның қатынастары үнемі өзгерісте болады.
Отбасы қоғамның ұйытқысы болып табылады. Сондықтан оның қызметіне әлеуметтік қатынаста және мәдениетте болып жатқан барлық үрдістер әсер етеді. Отбасына және оның адамгершілік жағдайына қоршаған ортасы мен әлемдік факторлар да тікелей әсер етпей қоймайды. Оны біз күнделікті өмірден, еңбек ұйымдарынан және тұрғылықты жерлерінен байқаймыз.
Неке – тарихи өзгеріс болатын әйелдер мен еркектер арасындағы әлеуметтік қатынас түрі. Қоғам өз тарапынан олардың жыныстық қатынасын реттеп заңдастырады, ерлі- зайыптылық және туысқандық құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Құқықтық нормалары мен некеге отыру тәртібін белгілейді. Отбасы, жұбайлар, ата- аналар, балалар арасындағы туыстық және мүліктік қатынастырды реттеп отырады. Сондықтан да отбасына жай ғана некелік топ демей, оны әлеуметтік институт, байланыстар жүйесі, адамдардың өзара қимылы мен қатынастары белгілі бір құндылық пен нормаларға негізделген, ұрпақ жалғастыру қызметін орындаушы ретінде қарастырылуы керек.
Әлеуметтенушылардың пайымдауы бойынша: қазіргі қоғамдағы отбасының негізгі қызметі дүниеге адам әкелу, әлеуметтену, яғни балаларды осы қоғамда өмір сүруге әзірлеу, олардың есеюіне дейін жағдай жасау.
Қазіргі қоғамдағы отбасының осы қызметтері орындауға жақсы бейімделген. Шын мәнінде балаларды тәрбиелеу мықты биологиялық механизмге, туыстық байланысқа сүйенеді, дүниеге адам әкелу жұбайлар арасындағы қалыпты қатынас.
Отбасында жинақталған нақты жағдайларды талдау оның жалпы сипаттамаларымен қатар ерлі- зайыптылардың және балалардың өміріндегі әйелдердің орны мен рөлін қарастырудың қажеттілігін алға тартады. Отбасының қарым – қатынасына қоғамдағы әлеуметтік топтардың және ерлер мен әйелдердің қарым – қатынасы әсері мол. [5.87 – б]
Бірде Б.Момышұлы атамыздан «Сіз осы неден қорқасыз?»-деген сұраққа «Бесік жырын айтар әжелердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Ананың әлдиі мен әженің ертегісін естіп өспеген баланың санасы тұман, көкірегі көрсоқыр бола ма деп қорқамын»,-деген екен. Батыр бабамыздың осы бір сөзінде қаншама терең философиялық мән-мағына жатыр десеңізші.Күйбең тіршіліктен қолы босамайтын ананың бесік жырын айтуға да шамасы жоқ. Сонда бала ұлттық тәрбиені кімнен алмақ? Отбасы-адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Отбасы шын мәнісінде тату-тәтті болса, одан адамгершілік пен әділеттіліктің көрінісі таңғы шықтай көрініп тұрады. Ел ертеңі, ұлт болашағы үшін этнопедагогика ғылымын әр отбасының тәрбие жетістігі құралына айналдыру- бүгінгі күннің сұранысы. Ата-ана өзі өмірге әкелген перзенті үшін жауапты. Сондықтан да баланың бойына ұлттық сананы қалыптастыру- көкейкесті мәселелердің бірі.
Жаңа сипаттағы білім беретін жаңа тұрпатты мұғалім ең алдымен, өз ұлтының құндылықтарын қастерлейтін тілін, салт- дәстүрін, дінін құрметтейтін патриот болуы тиіс. Дамуға ұмтылған елдердің бәрі де ұлттық патриотизмді дамыту арқылы ғана жетістікке жетеді. Егемен еліміздің ертеңін нұрлы етер намысты ұрпақ өсіру үшін мектеп пен ата-аналар ынтымақтаса жұмыс жүргізсе, балаларға тиісті көңіл бөлсе, ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіре білсек, келешектің шын жанашыры, елдің арқа сүйер азаматтары тәрбиеленіп шығары сөзсіз. Ендеше ұлттық құндылықтарымызды сақтау арқылы еліміздің білім беру саясатының ұлттық –рухани дамуына, білім жүйесінің жетілуіне, қоғамда өзіне лайық орын алатын білімді болашақ, озық қоғам құруға қол жеткізуге болады.
Әлеуметтік тұрғыда қазіргі отбасылардың өте нәзік екенін білдіретін алғы шарттарды түсінуге болады. Алайда, отбасы тек қана ер адам пен әйел адамның одағы емес, ол балаларды тәрбиелеуге деген тікелей жауапты екенін ұмытпауымыз қажет. Дәстүрлі отбасында әйел адам көп уақытын ер адамға қарағанда бала тәрбиесіне жарататындығы белгілі.
Қазіргі отбасы салтын өзгертетін, оған мүмкіндік туғызып, қайшылықтарын шешетін әдістер өте көп. Соның бірін дәстүрлі әдіс деп атауға болады. Ол бұрынғы отбасылық қатынастарды реттеу әдістері арқылы дәстүрлі ережелер мен қасиеттерге сүйенеді.Баланы нәресте кезінен бастап, жеке шаңырақ көтергенге дейінгі жастық жолдары өтетін бақытты жағалауын бетке алып, өмір-айдынында жүзіп бара жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегі –әке мен ана дер едік.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Әлеументтану. Оқу құралы. Алматы, 1999. 145-146 – б
- Социология негіздері Алматы, Ана тілі. 1993 78-б
- Жаназарова З.Ж. социология семьи/Учебно – методическое пособие/Алматы, Қазақ Университеті, 2001.
- Биекенов К.Ү., Жаназарова Ж.З., Нұрбекова Ж.А. Отбасымен әлеуметтік жұмыс. Алматы, 2003
- Қалдыбаева Т. Білім социологиясы. Алматы, 1997.