Наурыз мейрамы – жыл басы, көктем мерекесі ретінде аталып өтіледі. Бұл мейрам елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.
Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды.
Наурыз мейрамы аясында наурыз көже дайындалады, апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық — аса киелі сандар. Сол себепті наурыз көже аса қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол — тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы.
Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, оны «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі — Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар.
Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күн жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады.
Наурыз мейрамы әрбір шаңыраққа жақсылық, бақыт, береке, бірлік алып келсін. Іргеміз бүтін, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Байқоңыр қалалық сотының баспасөз қызметі.