Home » Мақалалар » ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС

 «Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға!
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға!»
Абай

           Күллі адамзат алдынан өтетін бір ғана мамандық бар. Бұл туралы сан мәрте жазылып, айтылса да, артықтық етпейтіні анық.  Олар шәкірт өміріне шамшырақ болар  күннің нұры секілді алыстан-ақ сәулесін төгеді. Бүтін бір ұлтты тәрбиелейтін олар  — бәрінен ұлы, олардың алдында бәрі де кіші. Жауапкершілігі жоғары маман иелерінің ар алдындағы міндеті ме, әр шәкіртінің білімді болғанын армандайтыны өтірік емес. Өзгеге өзі білетін білімнің қат-қабат қатпарын ешбір бүкпесіз жайып салу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Халқының санасына сәуле шашып, ағартушылық еткен жанның мәртебесі жоғары емес пе? Ендеше бұл саладағы ұстаз еңбегін айналып өту мүмкін емес. Себебі, оның еңбегі – өлшеусіз. Өз баласынан партада отырған балапандарды артық көру, білімді де тәрбиелі тұлға қалыптастыру – әрбірінің екінші үйі болып кеткен киелі мекенде ғана жасалатын ұлы іс. Кім-кімге де көмек қолын созуға дайын жанашыр жандар тек қана ұстаз секілді. Бәрімізде ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басамыз.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ, сөз орайы келгенде әр шәкірттің жүрегінен ойып тұрып орын алған, жаны жайсаң, әрі өз ісіне өте жауапты, ұлағатты ұстаз, М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Сауқынбаева Роза Жорабекқызы туралы айтқым келіп тұрғаны. Шығармашыл ұстаз бұған дейін Кентау қаласындағы Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарған.  «Жақсы ұстаз ғана жақсы оқушы дайындай алады» — дейді. Бұл кісінің ұстаздық қасиеті ғана емес, шебер ұйымдастырушылығы мен жетекшілік қырлары, әрі заманауи технологиялардың тиімді тәсілдерін жетік меңгеріп, оның қыр-сыры мен тәжірибесін бөлісудегі тренерлік қабілеттері өте жоғары. Мәселен, қала көлемінде ұйымдастырылған «Логикалық ойлауды жетілдіру арқылы оқушы тілін дамыту», «МАБ-да қалай жетістікке жетуге болады?», «Жас ғалым», «Ең үздік оқушы», «Дарынды тану жолдары», «Жаңа технологияны пайдаланудың тиімді әдістері» тақырыбында өткен семинарлары үлкен қолдауға ие болса, «Жалпыға міндетті орта біліммен қамту айлығын өткізудегі іс-тәжірибесі» және «Үйден оқитын оқушылардың кұжаттары жөніндегі іс-тәжірибесі» қала көлемінде жоғары бағаланды.  Шынайы ұстаздың шәкірттері жыл сайын білім сайыстарында, интеллектуалды марафондарда жүлдегер атанып, түрлі марапаттарға ие болды. Айталық, 2006-2007 оқу жылында TIMSS-2007 ұлттық білім берудің сапасын бағалау орталығына 4-сынып оқушылары тест тапсырған болатын. Респбулика көлеміндегі осы білім бәйгесінде математикадан 4-орын, дүниетанудан 9-орынға қол жеткізген. Бұл – үздіксіз еңбек пен төгілген тердің нәтижесі.

2007-2008 оқу жылында 4-сынып оқушылары МАБ-та жоғары нәтиже көрсетті. 2006-2020 жылдар аралығында бастауыш сыныптар арасында шәкірттері бірнеше рет  республикалық математикалық «Бастау» турнирінен жүлделі    І орынды иеленді. Халықаралық «Кенгуру» математикалық ойын байқауынан 21 оқушысы жүлделі ІІІ орын, республикалық «Ақ бота» интеллектуалды марафонынан 10 оқушысы ІІ орын, 47 оқушы ІІІ орын,  «Айгөлек» фестивалінен 27 оқушысы «Бас жүлде» иеленуі – ұстаздың шәкірт баптаудағы көрегенділігі.  Ұйымдастырушы ұстаз ретінде Роза апай тәлімгерлік еткен ұстаздар облыстық «Ең үздік пән кабинеті» сайысында                        І мұғалім I орын, 1 мұғалім III орын, «Жаңашыл ұстаз» сайысында І мұғалім ІІІ орын, қалалық пән олимпиадаларында 12 мұғалімнің І, ІІ, ІІІ орынды иеленуі ұстазымыздың ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары,  іскерлігінің биік екендігін айқындайды.

Жыл сайын бастауыш сынып оқушылары арасында, мектепалды даярлық сыныбында «Ең үздік бүлдіршін», 1-2-сыныптар арасында «Ең үздік оқушы», 3-4-сыныптар арасында «Жас ғалым» сайыстарының өткізілуіне ұйытқы болып, әрі әрбір сыныптың білім деңгейін талқыға салып, жас мамандармен жиі ақылдасып, ой бөліседі.

Қашан көрсең де бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілік деңгейін көтеру, шығармашылық шабыттарын шыңдау, дамыта оқытудың тиімді жолдарын іздестіру, бәсекеге қабілетті ұстаз тәрбиелеу мәселелері бойынша көш бастап, ізденістің алдыңғы қатарында жүретін Роза Жорабекқызы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда да өнімді еңбек етуде.

Оқу жүйесінің озық тәжірибелерін және жаңа технологияларын пайдалана отырып, педагог кадрлар даярлауда талапшыл маман ретінде жастарға тиянақты білім беруге көп көңіл бөліп келеді. «Ең үздік оқушы» сайысын өткізу тәсілдері, «Ақпараттык, коммуникациялық технологиялар қолдану әдістемесінің тиімділігі», «Қалың калай, жас маман?» тақырыптарында өткен қалалық семинарлары – білім сапасын көтерудiң қыр-сырларын үйрететін, бастауыш сыныпта оқыту жүйесін ақпаратты коммуникациялық технология арқылы тез меңгеруге ынталандыратын жетекші құрал бола алды.

Сауқынбаева Роза Жорабекқызы бастауыш сынып пәнінің мұғалімі ретінде өз пәнін жақсы меңгерген әрі жұмыс барысында өзінің әдістемелік білім деңгейінің жоғары екендігін таныта білді. Сабақтарында оқытудың жаңа технологиясын даралап, саралап оқытуда тұлғаны қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдерін пайдаланып, әрбір сабағын проблемалық, ойын түрінде, экскурсия, интегралды сайыс, саяхат сабақ етіп түрлендіріп өтеді. Ж.Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясын өз тәжірибесіне алғашқы енгізген ұстаздардың бірі.

Роза Жорабекқызы жас ұрпақты дамыта отырып тәрбиелеуде өзінің адал еңбегімен, ынта-жігерімен, терең білімімен, ізденімпаздық қабілетімен шәкірттерге деген сүйіспеншілік ыстық ықыласымен көпшілікке танылған үлгілі ұстаз. Ол кішіпейілділігімен шәкірт жүрегіне жол таба білген мейірімді жан. Өз ісіне сын көзімен қарайтын, ұстаздық мәдениеті жоғары, білімді, шебер ұстаз. Жаңаша әдістерді, озат тәжірибелерді зерттеп, талдау жасап, бастауыш сынып мұғалімдерімен тәжірибе алмасып отырады.

Қазіргі таңда да Сауқынбаева Роза Жорабекқызының шәкірттері қала, респбулика көлемінде өткізілген түрлі сайыстар мен байқаулар жоғары нәтиже көрсетіп, мектеп мерейін асқақтатуда. Міне, осындай тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 1997 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 2006-2022 жылдар аралығында аудандық білім беру бөлімінің, мектепішілік Мақтау қағаздарымен, «Алғыс хатымен» марапатталған. 2016 жылы Республикалық «Білім шыңы – Ғылым сыры» журналының редакциясы ұйымдастырған «Жылдың үздік 100 мұғалімі» жобасына қатысып, «Жылдың үздік мұғалімі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, 2018 жылы қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі Республикалық Кеңес Марапат алқасының «Білім беру саласының үздігі» медалімен марапатталды.

Өз ісінің білгірі ретінде өзгеден көмегін еш аямайтын ұстаз, әсіресе, жас мамандарға мықты жетекші ретінде танымал. Апайымыздың әрбір қадамы мен іс-әрекеті – біздерге үлкен үлгі-өнеге.

Белгілі бір масштабқа сыймайтын ұстаздың шексіз еңбегі – мектеп тарихында алтын әріптермен жазылар үлкен жетістік. Әр сабағы шәкірт жүрегінде мәңгі жаттаулы. Міне, осындай  ұстазымыз бүгінде мерейлі жас алпысқа толып отыр. Бұл жылдарда атқарған жұмыс аз емес. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмірдің қай кезеңінде де қайсарлық танытып, еңбек ету, қызмет қылу – қиынның қиыны. Бастысы, мамандығына деген махаббаты, өз ісіне деген құрметі  жоғары. Жарты жылдық ғұмырындағы даңғыл жолда даналық пен даралық танытқан табиғаты бөлек ұстазымызға толағай табыстар тілейміз. Адамзаттан алғыс алар күндеріңіз көп болғай. Жазарыңыз, береріңіз таусылмасын!  Мерейтойыңыз құтты болсын!

 ҚАМБАРОВА БЕКЗАТ ҒАБИТҚЫЗЫ,
М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның ұстазы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.