Асылбекова Гульнара Кариполлиновна
Нұр-Cұлтан қаласы
Арт-терапия басым бағыттағы
№45 «Самұрық» балабақшасының
музыка жетекшісі
ҰОҚ: Музыка
Білім беру саласы: Шығармашылық
Жас ерекшелігі: мектепалды даярлық тобы
Ұйымдастырылған оқу қызметінің тақырыбы: «Театрға саяхат»
Мақсаты: Театрландырылған ойын түрлерін қолдану арқылы баланың тілін дамыту және шығармашылық қабілетін арттыру.
Міндеттері: Шығармалардың эмоциялық мазмұнын, олардың сипатын, көңіл-күйін ажырату. Музыка сипатына сәйкес ойын әрекеттерін орындау. Балалардың музыка аспабына деген қызығушылығын арттыру. Театр өнеріне, мәдениетіне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер:
Қабылдайды: әуендердің көңіл күйін қабылдайды, ажыратады;
Түсінеді: мимика, театр, филармония, актер, режиссер деген түсініктерді;
Қолданады: кейіпкерлердің эмоциялық күйін көрсете біліп, ертегіні сахналау.
Әдіс-тәсілдер: Түсіндіру, әңгімелесу, көрсету, қайталау, сұрақ-жауап, ойын.
Көрнекілігі: бейнетаспа, үнтаспа, слайдтар, ойынға қажетті заттар, сигналдық карточкалар, музыкалық аспаптар, кейіпкерлер атрибуттары.
Ұйымдастырылған оқу қызметінің барысы: Балалар кіріп шаттық шеңберін жасап тұрады.
Арайлап таң атты,
Алтын сәуле таратты.
Қайырлы таң, қонақтар,
Қайырлы таң, достарым.
Музыка жетекшісі:
— Балалар, мен сендерді бүгін театр әлеміне саяхатқа шақырғым келіп отыр. Бұл саяхатта сендерді қызықтар күтуде. Олай болса, саяхатымызға шықпас бұрын, мен сендерге мынадай сұрақтар қойғым келіп отыр. Қане, жайғасып отырайық, ал кім айтады?
— Балалар, сендер театр және концерт залдарына барып көрдіңдер ме?
— Театр дегеніміз не? Дұрыс, театрда ертегілер, спектакльдер қойылады.
— Ал сол ертегі, спектакльдердегі рөлдерде ойнайтын адамдарды біз қалай атаймыз? Дұрыс, актерлер.
— Актер болу үшін балалар, көп нәрсе үйрену керек, көп оқу керек.
Актерлер әртүрлі рөлдерді ойнайды. Олар сахнада кімге болса да айналуы мүмкін, сондықтан олардың ойын барысында мимикалары да өзгеріп отырады.
— Мимика дегеніміз – ол бет-әлпеттің қозғалысы, адам сезімін білдірудің бір формасы, адамның ішкі сезімін, көңіл-күйінің әр алуан сәттерін (көңілдену, қайғыру, ашулану, т.б.) білдіретін бет-әлпеттің мәнерлі қимыл-өзгерісі.
Интерактивтік тақтада. Ойын «Маскалар».
Мақсаты: бет-әлпеттің қозғалысы арқылы адамның көңіл күйлерін ажырату.
- Не көріп тұрсыңдар? Дұрыс, маскалар.
Осы маскалар біздің көңіл-күйімізді білдіреді.
- Олар бірдей ма? Қандай көңіл-күйді олар береді?
Әртүрлі көңіл-күйлерді көрсетеді.
- Мынау қандай маска? Дұрыс, көңілді.
Қуанышты мимиканы көрсету.
- Ал, мынау қандай маска? Дұрыс, көңілсіз.
Көңілсіз мимиканы көрсету.
— Балалар, біз өздеріңмен көңіл-күйдің не екенін жақсы білеміз, ия! Кей кезде біз қуанамыз, кей кезде мұңаямыз, жылаймыз, және күлетін кездеріміз болады. Яғни біздің көңіл-күйіміз үнемі өзгерісте болады. Сол сияқты музыканың көңіл-күйі әртүрлі болып келеді. (көңілді, көңілсіз, мұңды, жігерлі, нәзік, ойлы).
— Ал мен сендермен қазір «Музыкалық бағдаршам» деген ойынды ойнағым келіп тұр. Қазір біз музыка үзінділерін тыңдап және музыкадағы болатын көңіл-күйлерді анықтаймыз. Бейнетаспадан көңілді да жеңіл әуен естігенде — жасыл түсті, ал егер жүрекке жылы, жанға жайлы сабырлы әуен естігенде — сары түсті, ал егер бүлініп-бұрмаланған, жанығып-жан ұшырған, ырду-дырду әуен естісек — қызыл түсті көтереміз.
Ойын «Музыкалық бағдаршам»
Мақсаты: Әуендердің көңіл күйін қабылдай отырып, ажырату.
Балалар бағдаршам сигналдарын (жасыл, сары, қызыл) қолдарына ұстап, әуенге байланысты кезегі келгенде көрсетіп тұрады.
-Жарайсыңдар, балалар,тапсырмаларды дұрыс орындадыңдар.
Ал енді саяхатқа шығуға дайынбыз ба? Бүгін біз саяхатқа көңілді автобуспен аттанамыз (балалар көңілді әуенімен жолға аттанады).
«Филармония» аялдамасы.
— Балалар, біз «Филармония» аялдамасына келіп қалдық. Бұл аялдамада көліктен түсіп, бойымызды сергітіп алайық!
Бұл жерде филармония орналасқан. Филармония — өнер шаңырағы. Филармония залында күнде музыка концерттері өтеді. Олай болса, біз де өз өнерлерімізді көрсетейік!
Біз өнерлі баламыз,
Түрлі аспап тартамыз.
Балалар, енді біз бойымызды сергітіп қимылды ойын ойнасақ қалай қарайсыңдар?
Қимылды ойын: «Біз музыкант баламыз»
Мақсаты: Жеңіл әуенді ансамбльмен уақытында қосылып ырғақтық бейнесін анық бере отырып ойнау, әуенмен бірге қимылдар жасау.
Біз музыкант баламыз,
Түрлі аспап тартамыз.
Шаршамаймыз, талмаймыз,
Аспаптарда ойнаймыз.
- Енді, балалар, көлікке мініп отырып, саяхатымызды жалғастырайық!
(балалар көлікке отырып, көңілді әуенімен саяхатты жалғастырады)
«Театр» аялдамасы.
- Қане балалар, көліктен түсейік, енді қай жерге әкелгенін көрейік.
Дұрыс, бұл театр –ө нер ордасы.
— Балалар, театрда ең басты адам кім? Дұрыс, режиссер, ол спектакльдің қойылымын жасайды.
— Ал рөлдерді кім ойнайды? Дұрыс, әртістер. Олай болса, біз өзіміздің әртістерімізді сахналық шымылдықтың арғы жағында дайындық жасауға жіберейік, ал біз, көрермендер, залға кіріп, өз орындарымызға орналасайық.
(көрініске қатысатын балалар шығып кетеді)
— Балалар, театрдың ережелерін естен шығармайық. Қойылым болып жатқанда тыныштық сақтау — басты ереже. Сыбырлап сөйлесуге, орынсыз қозғалыстар жасауға болмайды. Онда тек көрерменге ғана емес, актерлерге де кедергі жасауың мүмкін. Әртістерге алғысымызды қол шапалақтап білдіреміз.
«Мысықтың үйі» атты музыкалық театрландырылған қойылымды тамашалайық! (сахна шымылдығы ашылады).
Автор: Ал, тыңдаңдар балалар.
Баяғыда бір мысық,
Жаңа үйде тұрыпты.
Сол мысықтың салынған,
Үйі әдемі болыпты.
Әйнектері өрілген,
Ауласының жері кең.
Төрт жағынан қоршайтын,
Шарбақтары темірден.
Сол мысықтың үйіне,
Қонақ келді бір күні.
Мысық: Әсем үйдің ішіне,
Болады енді кіруге (мысық үйге кіріп, билейді).
Автор: Қонақтарын күтеді,
Ешкі менен Әтешті (есікті қағып, қонақтар кіреді, амандасады).
Автор: Үйге кіріп қонақтар,
Айтып жатты ән-жырлар.
(мысық пешті жағады)
Мысық отты мол жақты,
Тоңбасын деп қонағы.
Ұмытты ол бірақта,
Пештің аузын жабуды.
Шоғы түсіп көмірдің,
Өртенді кенет іші үйдің.
(от шоқтардың биі)
Мысық: Сөндірейік тез отты,
Беріңдерші көмекті.
Қонақтарым, жабылып
Өшірейікші өртті.
Автор: Әтеш алып шелекті,
Отқа суды шашады (әтеш су шашады).
Автор: Сыпырғышты ала сап,
Ешкі шықты айғайлап.
Әтеш: Өрт ұлғайып сөнбеуде,
Өрт сөндіруші келмесе…
Ешкі: Қоңырау шал 101-ге,
Ең керегі сол бізге.
Өз үйіңнің нөмірін
Айтуды ұмытып кетпе (мысық «101» нөміріне телефон шалады).
Мысық: Бір, нөл, бір ме, бұл менмін,
Үйім менің өртенді.
Мысықтардың көшесі,
Бесінші үйге тез келіңдер…
(сирена дауысы естіледі ,өрт сөндіруші кіріп, билейді)
1-өрт сөндіруші: Отқа суды көп құйдық,
Өртті ақыры сөндірдік.
Мысық: Барлығыңа мың алғыс,
Тез жеттіңдер көмекке.
Сол үшін де ризамын,
Өрт сөндірген сіздерге.
Автор: Сонымен бүгінгі ертегіміз аяқталды, бізбен бірге болғандарыңызға рахмет (сахна шымылдығы жабылады).
— Балалар, көпшілігіңнің көңіл-күйлерің көтеріңкі болғанына мен қуаныштымын.
— Енді біздің балабақшаға қайтатын уақытымыз болды. Кәнеки, тезірек жиналайық. Көлікке отырайық (көлікке отырып көңілді әуенмен балалар балабақшаға оралады).
Қорытынды. Музыка жетекшісі:
— Автобустан түсіп, міне, балабақшаға келдік, балалар біз бүгін қайда бардық? (қайда барғанын, не көргендері туралы әңгімелеседі)
— Балалар, сендерге ертегі ұнады ма?
— Режиссер дегеніміз кім?
— Актер дегеніміз кім?
— Кімнің ойыны сәтті шықты?
Олай болса балалар, бүгінгі ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіміз аяқталды. Сендер бүгін өте жақсы нәтижелер көрсеттіңдер, жарайсыңдар!
Қол ұстасып бәріміз,
Жарасады сәніміз.
Көріскенше күн жақсы,
Сау болыңыз бәріңіз!